27.11.2020, 10:29
Қараулар: 230
ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫМЕН ҚАДІРЛІ

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫМЕН ҚАДІРЛІ

 

Ұмытпасам, 2009 жылдары Қайрат Жұмағалиев ағамыз елге келді. Қасына жұбайы мен қызын, әнші-композитор Донеділ Қажымовты ертіп келді. Осы сапар барысында алыс жолдан келе жатыр ғой деп, аяқ суытып, бел жазсын деп орта жолдан Ұялыдан қарсыладық. Біздің үйге түсті. Олар келгенде дастархан да дайын тұрған еді. Ағамыз «Қонысың қайырлы болсын! Әулетіңнің құт мекені болсын!» деп тілегін айтып, «Үйде үлкендерден кім бар?» деп сұрады. Мен сексеннен асқан анам барын, төсек тартып жатқандықтан дастарханға келе алмайтынын айттым. Сонда Қайрат ағамыз «үлкен кейуанамызға амандасып, алдынан өтпей тұрып, ас бата ма?» деп анам жатқан бөлмеге бастап апаруымды сұрады.

Ақын ағамыз анамның қолын алып, қасындағы жұбайы мен қызын таныстырып, өзі туралы қысқаша айтып өтті. Анам да үлкен қонақтың ілтипатына риза болып, Жетібайда болғанын, аға буынның бастан кешкен ауыртпалдықтарын айтып үлгеріп жатыр.

Анамның алғысын алғаннан кейін дастарханға отырдық. Сол кезде үйде торта болатын. «Қонаққа ұсынайық, ыдысқа салып әкелші» десем, әйелім азар да безер болады. «Ойбай, торта деген үлкен қонақтың алдына қоятын тағам емес қой» деп. Қояр да қоймай, тортаны әкеп Қайрат ағаға ұсындым. «Келініңізден тартып алғандай боп әкеп тұрмын. Ұятты қонаққа ұсынатын тағам емес қой» деп ұялып жатыр» дедім.

Сонда ағамыз:

  • Е, айналайын-ай, не ұяты бар екен?! Торта деген балалығымыздың дәмі ғой. Әлі күнге таңдайда дәмі қалған сүйікті тағамымыз ғой бұл. Аш құрсақ кезімізде бойымызға қуат берген, азық болған осы торта, құрт, бір тостаған айран ғой, — деп сүйсініп жеп, дәмін көрді.
  • Ата дәстүрді берік сақтап, айран ұйытып, май шайқап отырған келініміз берекелі, ғұмырлы болсын! — деп батасын да берді.

Жарты күн ғана дидарлас болған Қайрат аға осы бір әрекетімен кішіпейіл, қарапайым, тек өз анасын ғана емес, барша ананы құдайындай көріп, ерекше сыйлайтын ілтипатты екенін көрсеткен еді.

Сайлаубек МҰХТАРОВ,

Ұялы ауылы