29.11.2020, 11:22
Қараулар: 180
КАРАНТИН – БОСТАНДЫҚТЫ ШЕКТЕУ ЕМЕС, ІНДЕТТЕН БОЙ ТАСАЛАУ

КАРАНТИН – БОСТАНДЫҚТЫ ШЕКТЕУ ЕМЕС, ІНДЕТТЕН БОЙ ТАСАЛАУ

«ТӘРТІП БАРШАҒА ОРТАҚ ҚОЙ»

Covid-19 пандемиясы жарияланғалы елімізде, облысымызда, тіпті ауданымыздағы ахуалға байланысты шектеулер бірде қатаңдатылып, бірде жұмсартылуда. Шындығы сол мұны ескерген де бар, ескермей, сауық-сайран құрып жүрген де бар. Тойханалар мен мейрамханалар есіктерін құлыптағанынан біраз болғанымен, үйлерінде отбасылық шараларды өткізіп, мерейтой өткізіп, қызын ұзатып, келінді болып жатқандар жеткілікті. Жақсылық болғаны жақсы ғой. Дегенмен… Қадірлі қонақтарыңыз кейін  ауруға шалдықса не боларын ойланып көрдіңіз бе? «Отырыстан ауру  жұқтырып, ол өлімді жетектеп әкелсе» деген ой келді ме өзіңізге? Бүгінде облысымыздың бас санитары жаназаның өзіне қатысушылар жиырма адамнан аспасын деуде. Мұны ауданымыздың имамы Қуандық Насыров та құптап отыр:

— Біз  де өз тарапымыздан мұсылман халқын қоғам тәртібіне мойынсұнып, шектеулерді орындауға шақырып жатырмыз. Жан садақа, сәбиге есім беру, марқұмды еске алу, т.с.с. отбасылық шараларды өткізуді кейінге қалдыра тұруды айтудамыз. Бұл күнде мешітіміздің есігі қалың бұқара үшін уақытша жабылды. Індеттен арылған күні айқара ашамыз деп айта аламын. Әзірге біз де талаптан аттамай, қоғамның саулығын сақтауда қызмет етудеміз. Карантиндік талаптарға сай жаназада да әлеуметтік арақашықтық, бетперде тағу сынды сақтық талаптары сақталуда. Егер марқұмда Covid-19 белгілері байқалып, осынау індеттен көз жұмғаны белгілі  болса, онда оны үйінде түнетпейтінінен көпшілік хабардар.  Олардың мүрделері арнайы қапқа салынып ауруханадан үйіне тек жаназа шығарар алдында ғана әкеледі. Оның туыстарына марқұмның бетін ашып, қоштасуға рұқсат етілмейді. «Туысымды бір көріп қалайыншы» деп ниет білдірушілер боп жатады. Дегенмен талап бәріне ортақ қой. «Кеткеннің артынан кетпек жоқ» екені белгілі, сондықтан сақтықты жоғары қоюдамыз.

Адам мұндай жағдайда да әр түрлі аурудан не жасы жеткеннен қайтуы мүмкін ғой. Медициналық сараптамада дүние салуына Covid-19 себеп болмаса, онда марқұмды салт-дәстүрге сай, оң жаққа қойып, әрулеп барып, жерлеуге рұқсат береміз. Онда да жаназа намазының уақыты қысқартылып, көпшіліктің бір жерде шоғырлануын азайтуға қызмет етудеміз.  Соңғы талаптарға сай, жаназаға да қатысушылар саны шектеліп жатыр. Осы ретте марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға тек ет жақындары қатысқандары жөн. Ал, өзге алыс-жақын дос-жолдастары, басқа да таныс-тамырлары ниеттерін, ұялы телефон арқылы білдіріп, көмектерін де сол мобильдік қосымша арқылы аударып,  өз саулықтарын да сақтаса игі болар еді, -дейді аудан имамы.

 

«БІР ӘРЕКЕТ ЕКІНШІ ӘРЕКЕТКЕ ТҮРКІ БОЛАДЫ»

– Жаңа инфекция өзін қалай көрсетіп, оған біздің ағзамыз қалай жауап берерін біз әлі толық айта алмаймыз. Зерттелмеген дүниеден нені күтеріңді білмейсің ғой. Сovid індетіне қатысты да соны айтамыз. Бұл дерттің көптеген көрсетілімі бар. Батыстық әріптестеріміз коронавирус психикалық саулыққа да әсер ететінін айтуда. Яғни, Covid дерті адамның депрессияға ұшырап, өмірдің мәнін жоғалтып, бағдарын жоғалтуына сеп болуда. Бұл да мүмкін. Айтқанымыздай бұл әлі де толық зерттелмеген ауру. Оның келер ұрпаққа қалай әсер етерін де білмейміз.  Өкінішке қарай халық арасында әлі де бұл пандемияға сенімсіздік танытатындар бар. Нақты сандық көрсеткішті жариялап жатса да, қолдан жасалған қастандық деп қарап, көпшілік арасында дүдамал тудыруда. Ал осы бейқам уақытта бұл ауру арамызға еніп, етек жаюы ықтимал. Бәріміз де пендеміз. Келер күннен жақсылықтың нышанын байқағымыз-ақ келеді. Дегенмен «сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ұмытпай, бетпердені тағу, тазалықты қамтуды сұраймыз, аса бір қажеттілік болмаса, қоғамдық жерлерге бармауға шақырамыз. Бетпердені тақпай, жайбарақат жүрген жұртшылықты көргенде осылар бірер сағатта өмірлері үзіліп кеткен адамдарды өз көзімен көрсе, денсаулықтарын осыншама төмен бағаламас еді деп ойлайсың. Көпшілік шоғырланатын жерді айтқанда, ауруханаға да көп келмеген абзал. Мұнымен біз емделушілерді қабылдамаймыз деп жатырған жоқпыз. Қабылдаймыз, қараймыз, ем-домдарын жасаймыз. Қайда да бір ауырсынуды байқасаңыз, әлсіздік сезініп, дене қызуыңыз көтерілсе, не басқа да жағдай орын алса, жедел жәрдем қызметін шақырған жөн. Не болмаса 21-9-37, 21-3-37, 87052642396, 87082725919, 87052255989, 87082725920 телефондарына хабарласып, қажет кеңес алуға болады. Аурудың белгілері негізінде не аудан бойынша қызмет етіп отырған үш медициналық мобильді топтың бірі не жай алғашқы медициналық көмек қызметі барады. Кейін науқастың жағдайы тексеріліп, зерттеу нәтижелері негізінде емі басталады. Егер үйден емделуге лайықты болса үйден, болмаған жағдайда ауруханада жалпы бөлімнен бөлек инфекциялық бөлімде ем шараларын қабылдайды. Бұл бөлімде 16 науқасқа  орын әзірленіп, ИВЛ аппаратымен барлық дәрі-дәрмегімен қамтылған. Сонымен қатар онда екі реанимациялық орын да бар. Әзірге бізді бұл бөлімді бір ғана науқас емделуде. Ол науқасымызда корона індеті расталмаған. Дегенмен ауру белгілері ұқсас келген соң оған ем аталмыш бөлімде жасалуда. Оларға арнайы киім киген қызметкерлеріміз үздіксіз қызмет етуде. Сақтық шаралары жөнінде қайталаудан шаршамаймын. Өйткені блок бекеттер қойылған кезде байқалғандай күніне ауданымыздан шамамен жүздеген адам кіріп, жүздегені шығады екен. Әрине, барлығына үйден шықпаңыз дей алмаймын. Айналаңда өзге аймақтан келген адам болмағаны дұрыс.

Көп инфекция сырттан келіп жатыр. Тіпті жақында Covid-19 індетін жұқтырған азаматшаның да отбасында қайғылы жағдай орын алып, жаназаға жан-жақтан туыстары көңіл айтып келген. Осындай көпшілік жиналған жерде аурудың тарулы қауіпі жоғарылайды. Себебі індет сырттан келеді. Әрине, жақсылықпен құттықтауды кейінге қалдыра тұр деп айту оңай болғанымен қазаның орны бөлек. Дегенмен алдымен өзіміздің және сол жақын-жуығымыздың қайғысына қайғы қоспайық десек, бір ауыз басу сөзді телефонмен, әлеуметтік желімен білдірген жөн-ау. Үлкен адамдарымыз үйдегі жастардың сөзін алмай, «орыс боп барамыз, көршіні көруден қалдық» деп біріне шай ішуге, біріне қалін білуге барып жататыны жасырын емес. Кейін денсаулығы сыр беріп жатады. Себебін анықтағанда әлгіндей сылтауларды алға тартады. Жаназаға да топырлап барлығы барып жатады. Уақытша бүгінгі жағдайға байланысты осыны да тежей тұрған жөн-ақ. Мұнысы мүлдем дұрыс емес. Біз саналы адамбыз. Ертеңіміз үшін бүгін күні атқарған іс-әрекетімізбен жауап береміз. Өйткені бір әрекет бір әрекетке түркі болады. Осыны ұмытпайық,- дейді аудандық аурухана дәрігері Анарбек Белисанов.

«ӨЛІКТІ ЖҮЗ ЕЛУДЕН ОТҚА ЖАҚҚАН…»

Бұл ел тарихындағы бірінші індет емес. Өткен ғасырларда елге өлім боп тиген оба ауруынан талай ауылдың тайлы-таяғы қалмай қырылып қалғаны тарихи шындық.

Журналист Қазыбек Құттымұратұлының айтуынша, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде (1900-1926) бұрын Орал губерниясы, кейіннен Орал облысы аталған өңірде оба індеті 43 мәрте бас көтеріпті. Бүгінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы тұрған «Урало-Каспийский край (Уральская губерния и бывшие земля Уральского казачьего войска и Уральская область) Краеведческий справочник по истории, географии, экономике и быту русского население края» («Жайық-Каспий өлкесі», авторлары К.В.Данилевский мен Е.В.Рудницкий, Орал қаласы, 1927 жыл) атты кітапта ХХ ғасырдың басында Орал губерниясы аумағында болған оба ошақтары туралы айтқан. Онда Сарайшықта, Бөкей уезінде, Жымпиты уезі, Есімтөбе, Калмыков, Орал уезінде оба ошағы пайда болып,  1904-1926 жылдар аралығында Орал губерниясы аумағында 1585 адам обаға шалдығып, соның 1564-і қаза тапқан дейді. Соның ішінде ең көп адам шығыны – 1904 жылы Сарайшықта (ол кезде Гурьев уезі Оралға қараған) бас көтерген обада болған. Сол жолы 416 адам дауасыз дерттің құрбанына айналыпты. Тұтас ауылдарды жайпап кеткен алапат апаттың қатарында 1913 жылы Есімтөбе мен Калмыковта болған оба ошағы бар. Сол жолы Есімтөбе ауылында 342 адам обаға ұрынып, соның біреуі ғана аман қалған екен. Әрине, оба ошақтарын ауыздықтауда сол кездері жаңа құрыла бастаған обаға қарсы күрес стансалары ерекше қызмет жасаған. Дауасы, емдеу жолдары әлі толық қалыптаспаған атышулы дертпен өз басын қатерге тіге жүріп күрескен сол бір абзал жандардың ісі қандай құрметке де лайық. 1908 жылы Қазақстандағы тұңғыш обаға қарсы зертхана Хан ордасында ашылса, 1912-1913 жылдары Жымпиты, Калмыков (қазіргі Тайпақ) және Жаңақазан ауылдарында да жұмыс істей бастаған.

Есімтөбедегі алапат індет туралы Ығылман Шөрекұлының «Оба» деп аталатын өлеңінде:

Жылында мың тоғыз жүз он үшінші

Көп халық апат тапты назаланып.

Көмуге жер қазушы болмаған соң

Өлікті жүз елуден отқа жақты.

Көбі өліп, азы қалды осы дерттен,

Кем емес үшбу апат жанған өрттен.

Секілді қара сия жұққыштығы

Ақыры себеппенен дағдыр жеткен.

Хал білген, бата оқыған адамдардың

Бәрі де үлес алды келген-кеткен,-деп жазған екен.

Ендеше, тарихтан тағылым алып, бүгінімізді бағалап, ертеңімізді құрайық ағайын! Бастысы саулық сақтықта екенін еш ұмытпайық!

Раушан БАҚЫТОВА