15.01.2021, 18:16
Қараулар: 95
АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС, АТҚАРАРЫМЫЗ ӘЛІ КӨП

АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС, АТҚАРАРЫМЫЗ ӘЛІ КӨП

 

Аудан  әкімі Нұрлан Рахымжановтың 2020 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері туралы есебінің тезисі

 

 

БЮДЖЕТ

2020 жылы аудандық бюджет 6 млрд. 852 млн. 463 мың теңгені құрады. Жылдың қорытындысымен бюджеттің шығыс бөлігі 100%-ға орындалды. Аудандық бюджетке 647 млн. 755 мың теңге салық түсімдері түсіп, жоспар 128,5%-ға орындалды.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген әртүрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жалғасын табуда. Өткен жылы 60 маманға 16 млн. 604 мың теңге көтерме жәрдемақы төленіп, 21 маманға 83 млн. 452 мың теңге  бюджеттік несие берілді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2021 жылдың 1 қаңтарына мүйізді ірі қара мал саны 74 624 басты құраса, қой мен ешкі — 89 735 бас, жылқы — 28 738 бас, түйе — 1038 бас болып отыр. Ірі қара саны 9,4%-ға, қой мен ешкі  2,4%-ға, жылқы 16%-ға, түйе  6,9%-ға артып отыр.

Ауданымызда өткен жылдың басында 523 шаруа қожалығы болса, қазіргі таңда қожалықтар саны 542-ге жетті. Аудан шаруашылықтарында 7468 тонна ет, 13 097 тонна сүт өндірілген, 2019 жылмен салыстырғанда ет өнімі 4,1%-ға, сүт өнімі 0,2%-ға өсті.

2020 жылы ауылшаруашылық жерлерін ұтымды әрі тиімді пайдалану мақсатында 4 шаруа қожалығының 10440 га жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Өткен жылғы шілде, тамыз айларында өткен жер конкурстарының қорытындылары бойынша 30 шаруа қожалыққа 14500 га жер телімі пайдалануға берілді.

 Шетелден асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдың аналығын сатып алуға, яғни импорттауға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 шаруа қожалық Белоруссиядан 266 бас герефорд және 273 бас ангус тұқымының қашарын сатып алып келді.

Былтырғы жылы 2 шаруа қожалығымыз «асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесін алып, аталмыш шаруашылық саны 25-ке жетті («Рауан» шаруа қожалығы — бактриан түйесін, 22 шаруа қожалығы — қазақтың ақ бас сиырын (оның ішінде 4 шаруа қожалығы — абердин-ангус тұқымының қашарларын), 2 шаруа қожалығы — асыл тұқымды «Көшім» және «Жәбе» жылқыларын өсіреді), оларда 8638 бас асыл тұқымды ірі қара (оның 7079-сы қазақтың ақ басы, 985-і герефорд, 574-і ангус тұқымы), 1100 жылқы, 258  түйе малы тіркелген.

2020 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бойынша 182 шаруа қожалығына 588 млн. 440 мың теңге төленді.

Мал басының санына байланысты өткен жылы 144 мың тонна мал азығы дайындалды.

Былтыр лизингке және қолма-қол қаржыға 1 комбайн, 19 трактор, 8 «ГАЗель» және 58 әр-түрлі ауыл шаруашылық техникасы алынды.

Ауданымызда 517 қыстақ болса, оның 291-і электр жүйесіне қосылмаған. Соңғы жылдарда 264 қыстақта, энергияның баламалы түрі ретінде, күн батареяларын орнатылды. Соның ішінде, өткен жыл басынан 84 күн батареялары орнатылды.

 

КӘСІПКЕРЛІК

2021 жылдың 1 қаңтарында ауданда 1087 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны – 2130 адам.

2020 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 71 адам 391 млн. 500 мың теңге несие алды (Игілік – 133 млн. 900 мың, Іскер – 257 млн. 600 мың теңге).

«Бастау бизнес» жобасы бойынша 80 адам оқытылып, оның 13-і шағын несие, 56-ы 555 мың теңгеден ақшалай грант алды.

Бұл қаржылар мал өсіру, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету орындарын ашу және шағын өндіріс орындарын ашуға бағытталған.

«Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 3 кәсіпкерлік жоба, яғни Хан Ордасы ауылында Hostell қонақүйінің құрылысына — 3 млн. теңге («Mirsat sary» ЖК, жетекшісі О.Түсіпқалиев), жылыжай құрылысына — 2,8 млн. теңге («Биржан» ЖК, жетекшісі Б.Танатаров), кондитерлік цех ұйымдастыруға – 4,2 млн. теңге («Адал» ЖК, жетекшісі Д.Габдуллина) көлемінде мемлекет грантына ие болды.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР

2021 жылдың 1 қаңтарына аудандағы экономикалық белсенді халық саны – 8628 адам. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 7 жоба жүзеге асырылды. Жобаларды іске асыру кезеңінде барлығы 224 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 122 адам жұмыссыздар есебінен тартылған өз ауданымыздың тұрғындары.

Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы жобаларға 24 адам жұмысқа тартылды.

Жалпы 2020 жылы 708 адам жұмысқа орналасып (бос жұмыс орындарына орналасқан – 542 (оның 164-і уақытша орындар), әлеуметтік жұмыс – 72, жастар тәжірибесі — 94), 744 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. 15 жұмыссыз кәсіби оқуларға жолданды.

Есепті мерзімде 171 аз қамтылған отбасына 39 млн. 885 мың теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді.

Сонымен қатар,  жергілікті бюджет есебінен аз қамтылған азаматтардың кейбір санаттарына төленетін біржолғы материалдық көмекке 47 көпбалалы ана құжат тапсырып, оларға 1 млн. 958 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.

Былтыр орын алған төтенше жағдай кезеңінде 1350 адамға 30 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

«Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз» акциясы аясында 319 отбасына 15 млн. 950 мың теңге көмек көрсетілді (50 мың теңгеден).

Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға аз қамтылған көпбалалы отбасылары мен жастардың қатарынан 91 адам 50,5 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттарға ие болды.

Аудан бойынша 482 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олармен де нәтижелі жұмыс атқарудамыз. 2020 жылы 12 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа, 7-еуі қоғамдық жұмысқа орналасып, 5 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылды. 2 адам өз ісін ашуға  «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алды.

 

БІЛІМ БЕРУ

Ауданның білім беру жүйесінде 18 мектеп жұмыс жасайды. Оларда 549 педагог қызмет атқарады. Былтыр мектептер 8 жас маманмен толықты.

2020-2021 оқу жылы 2576 оқушымен басталды. Қашықтан 2 мектепте, дәстүрлі бағытта 16 мектепте сабақ беріледі. Қашықтан оқитын оқушылар компьютермен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Аудан бойынша интернеттің жылдамдығы күні бүгін күрделі мәселенің бірі болып отыр. Дегенмен, бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқарудамыз.

Мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Қашықтан оқуды үйренемін» атты онлайн курста барлық педагогымыз оқып, сертификаттарын алды.

2020 жылғы түлектердің 110-ы немесе 92% тестілеуге қатысып, ауданның жалпы орташа көрсеткіші 54 баллды құрады. 10 оқушыға «Алтын белгі», 5 түлекке «Үздік аттестат» берілді. 83 мектеп бітіруші грант иегері болып атанды.

Білім беру мекемелері ғимараттарының күрделі жөндеуі жыл сайын жүргізіліп келеді. Өткен жылы  «Ауыл-ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында М.Мәметова, М.Бегалиева орта мектептері, Үштерек бастауыш мектебі, аудандық туризм орталығы,  Бисен ауылындағы мектептің интернаты және Хан Ордасы ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті.

Сейітқали және Тайғара елді мекендеріндегі мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының ЖСҚ-лары  дайындалып, сараптамадан өткізілді.

Биыл Жәңгір хан атындағы орта мектебіне — 180 жыл. Айтулы мерейтойға орай мектепті және оның жанындағы интернатты күрделі жөндеуден өткіземіз. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар сараптамадан өтуде.

Бөкей ордасы колледжінде 5 ауылшаруашылық мамандығы бойынша 133 студент білім алуда, оның 18-і колледж жанындағы жатақханада орналасқан. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 95%.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Ауданымызда 18 нысан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Онда 29 дәрігер және 117 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Өткен жылы аудандық аурухана 2 жас маманмен толықты.

Аудандық бюджет есебінен 12 медициналық пункттері  газдандырылды. Ұялы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын күрделі жөндеуге ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілді (құны – 93 млн. 106 мың теңге).

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық жерлерді медициналық құралдармен қамтуды тапсырған болатын. Осының аясында біздің ауданға жылжымалы медициналық кешен табысталды. Бұрын ауданда мұндай мобильді орталық болған жоқ. Кешен аудан мен ауыл-аймақтық тұрғындары үшін аса қажет. Себебі, кешен арқасында ауданымыздың шалғай елді мекендерінің халқына дәрігерлік көмекті қолжетімді болады. Мобильді кешен азаматтардың денсаулығын тексеруге қажетті құрал-жабдықтардың барлығымен қамтылған. Мұндай медициналық кешен арқылы аудан тұрғындарының созылмалы инфекциялық емес ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Былтырғы жылы туылған сәбилер саны – 311, қайтыс болған адамдар саны – 137, табиғи өсім – 174 адамды құрады.

Өткен жылы ауданда коронавирус індеті бойынша 121 жағдай тіркелді. Оның ішінде 113 азамат (стационарда – 53) немесе 93%-ы емделіп шықты. Орын алған індетке қарсы атқарылған іс-шаралар аясында аудан орталығында  былтыр провизорлық орталық ашылып, оның жұмысын тиісті деңгейде атқарылуын қамтамасыз ету үшін қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алынды. Бұл жерде айтып өту керек, бірқатар қажетті медициналық құралдарды мейірімділік пен жанашырлық танытқан демеушілер алып берген болатын. Сол демеушілерімізге, белсенді волонтерларымызға және уақытпен санаспай, өз қызметін мінсіз атқарған дәрігерлерге алғысымды білдіремін.

Коронавируспен күресте басты мақсат – инфекцияның таралуын болдырмау, аурудың алдын алу үшін кейде қатаң шаралар қабылдау. Осы мақсатта ауданда 7 мониторингтік топ құрылды. Топ мүшелері дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу бойынша жұмыс істеді, медициналық препараттардың бар-жоғын үнемі тексеріп отырды, сондай-ақ ауыл тұрғындарын карантиндік шараларды сақтауға шақырды. Тексеру барысында 34 құқық бұзушылық анықталды. Осы құқық бұзушылықтар бойынша 26 адам жауапкершілікке тартылып, 1,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Аудан бойынша індеттің таралуының 2 толқынына дайындық жұмыстары бойынша аудандық аурухана жанынан 16 орынды резервті кереует, 2 реанимациялық кереует дайындалды. 2 дәрігер, 10 мейірбике және 2 кіші медициналық қызметкер бекітілді. Медициналық құрылғылар мен қорғаныс заттарынан қолданыста өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) — 2 дана, Бобров аппараты — 3 дана, оттегі концентратор — 17 дана, пульсоксиметр — 16 дана. Аурухана жеке қорғану құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Антибиотиктердің, антикоагулянттардың және вирусқа қарсы препараттардың 2 айлық қоры жасақталып, дәрі-дәрмектерге қосымша өтінімдер берілді. Айта кету керек, ауруханаға реаниматолог қажет.

 

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ

Бөкей ордасы ауданының мәдени өмірі бүгінгі күні де заман талабына сай дамып, көптеген игі істер атқарылуда. 2020 жылы дәстүрлі және онлайн форматтарда 814 мәдени-көпшілік және 51 спорттық шара өткізілді.

Адамзат тарихындағы ең қанды қырғынның бірі – Ұлы Отан соғысы аяқталғанына былтыр 75 жыл толды. Отан үшін өмірін қиған жерлес жауынгерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетуге арналған іс-шаралар жасақталып, өз деңгейінде өткізілді. Мереке қарсаңында ҰОС-ына арналған ескерткіштерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Сайқын ауылында «Қаһарман аудан» белгісі қойылды. ҰОС-ның ардагерлеріне арналған «От кешкен Ордалықтар» атты кітап шығарылды.

Сонымен қатар, өңірдің тарихи, мәдени, рухани һәм экономикалық тыныс-тірлігі жан-жақты қамтылған Бөкей ордасы энциклопедиясының толықтырылған екінші басылымы жарық көрді.  Айта кетелік, аталмыш кітаптың алғашқы басылымы 2011 жылы шығарылған болатын.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданымыздағы Ауған соғысы, Чернобыль атомэлектростанциясы апаты және Семей атом полигоны ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Осы әскери оқиғаларға қатысқан жерлестерімізге арналған композиция ашылды.    Сайқын ауылындағы «Күйшілер аллеясы» тағы бір ауданымыздың айтулы тұлғасы Қайрат Жұмағалиевтің бюстімен толықты.

Ауылдарымызда күрделі жөндеуді қажет ететін мәдениет нысандары да жоқ емес. Қазіргі таңда Хан Ордасындағы кітапхананың барлық құжаты дайын болса, Хан Ордасы ауылдық мәдениет үйін, Үштерек ауылдық кітапханасы мен Жәрмеңке ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ сараптамадан өтуде.

Соның ішінде, Бөкей хандығының 220 және Жәңгір хан мектебінің 180 жылдығына орай Хан Ордасындағы мәдениет үйі мен кітапхана күрделі жөндеуден өтеді.

Баршаңызға белгілі ауданымыздың мақтанышы Хан Ордасындағы тарихи музейіміз халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музейдің шалғайда орналасқанына қарамастан жыл өткен сайын келушілер саны көбейе түспесе, азайған емес. Туристтерді көбірек тарту үшін және музейді бұдан әрі дамыту мақсатында визит-орталығының  және әкімшілік корпусының құрылысына ЖСҚ дайындалды.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев дене тәрбиесі мен спорттың дамуына айрықша көңіл аударып келеді. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы тұрғындарды кеңінен спортқа тарту болып табылады.

Жаңа жыл жақсы жаңалықтан басталды – аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 160 адамға арналған ғимаратта келушілер күрес, бокс, баскетбол және волейбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында аудан орталығында ат спорты мектебі пайдалануға берілді. Енді сайқындық өрендерге де атқа мініп, шабандоздықтың қыр-сырын үйренуге мүмкіндік туды. Ат спорты мектебінде әзірге  қазақтың  жабы тұқымдас алты жылқысы бар. Теңге алу, аударыспақ, жамбы ату, көкпар секілді ойындарға баулитын үйірмелерге 25 бала қабылданды.

Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында аудан орталығында, Бисен және Жиекқұм ауылдарында спорт және балалар ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өтуде.

 

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП

2020 жыл бойынша барлығы 202 қылмыс тіркелді. Соның 28-і ауыр қылмысқа жатады. Жалпы ұрлық  36%-ға төмендесе де, мал ұрлығы 40 фактіден 57 фактіге өсіп отыр. 343 жол қозғалысы ережелерін бұзушылар анықталып, 35 жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы аудандық полиция бөліміне 3 компьютер, 3 принтер және 3 планшет, барлық учаскелік инспекторына видеожетондар алынып берілді.

 

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыстар  ауданымызда бекітілген жоспарға сәйкес, тиісті деңгейде іске асырылуда. Жалпы ауданымызда былтыр бағдарлама  аясында 116 шара ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарды ақпараттандыру үнемі жүруде. «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында 188 материал жарық көрді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттардың  демеушілігімен 2020 жылы аудан бойынша  10 жоба іске асты.

Меценаттардың демеушілігімен Мұратсай ауылында «Ардагерлер сквері» салынды, балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Совет Одағының батыры Темір Масиннің мен генерал Шәкір Жексенбаевтің бюсттары орнатылды.

 

ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ

Есепті мерзімде жеке тұрғындармен жалпы көлемі 2860 шаршы метрді құрайтын 34 тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға көп.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Хан Ордасы және Бисен ауылдарында 4 екі пәтерлік тұрғын үйдердің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, аудан орталығында қажетті инфрақұрылымы бар 26 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалды. Өткен жылы аталған жобаға электр желілерін тарту жұмыстары аяқталса, 2021 жылға су құбырын салуға 41 млн. 121 мың теңге бөлініп отыр.

Сайқында тағы 22 екі пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзір. Сондай-ақ, Сайқында екі қабатты 12 пәтерлік үйдің құрылысы үшін ЖСҚ сараптамадан өтіп жатыр.

Қаржыландыруға байланысты біз алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы бойынша өз жобаларымызды іске асыратын боламыз.

 

СУМЕН ҚАМТУ

Қазіргі таңда ауданның 17 ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Соңғы 3 жылда 10 ауыл таза ауыз суға қосылса, ағымдағы жылы Шоңай және Мұратсай ауылдарында да ауыз су тартылды.

Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 83%-ды құрап отыр. Хан Ордасы мен Сейітқали ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаса да, тұрғындары шахта-ұңғыма әдісі бойынша жер асты суын пайдаланып отыр. Ол жерлердегі судың сапасы туралы өздеріңізге белгілі. Бұл ауылдарда су құбырын салу мүмкіндігі жоқ, себебі жер асты сулары жер бетіне өте жақын орналасқан.

Ал, Тереңқұдық елді мекенінде сумен қамту кешенді блок-модулін қоюға тиісті құжаттар дайындалуда.

Былтырғы жылы бисендіктер өздері тұтынып отырған су сапасына алаңдаушылықтарын білдірген болатын.  Осы мәселені шешу үшін қазіргі таңда Жиекқұм ауылынан Бисен ауылына су құбырын тарту құрылысына ЖСҚ сараптамадан өтуде.

 

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

Аудан  бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 385 шақырым болса, оның республикалық маңызы бар автожолдар – 124 км, облыстық – 116 км, аудандық – 145 км.

Қазіргі таңда 103 шақырым республикалық жолдың күрделі жөндеу жұмыстары 2 мердігермен жүргізілуде.

Аудандық жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Саралжын ауылына баратын 26 шақырым жолының қажетті учаскелеріне қиыршық тастар төселді. Бисен ауылының кірме жолына асфальт жабынды төсеу үшін ЖСҚ-сы дайын болса, Мұратсай бағытындағы  18 шақырым жолдың құжаттамалары дайындалуда.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайқын ауылының 7 көше (5,88 км) жолдарына асфальт төселсе, биыл бұл жұмыстар 8 көшеде (6,80 км) жалғасын табады. Және де Хан Ордасы ауылындағы Жәңгір хан мен А.Оразбаева көшелеріне асфальт төсеу жоспарлануда.