21.10.2015, 11:31
Қараулар: 258
Бәрі де әлеуметтің әлеуеті үшін

Бәрі де әлеуметтің әлеуеті үшін

н-39Халыққа әлеуметтік төлемдерді төлеу және есепке алу жүйесіндегі мемлекеттің негізгі операторы болып саналатын зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО) Қазақстан Республикасы Үкіметінің №136-1 қаулысының негізінде 1997 жылғы 20 маусымда құрылды. Оның құзырында еліміздің әкімшілік-аумақтық бөлінісіне сәйкес 16 облыстық және 219 аудандық бөлімше бар. Сонымен қатар, халқы тығыз орналасқан бірқатар аймақтарда бөлімшелердің филиалдары жасақталған.

Біздің аудандық зейнетақы төлеу бөлімшесі де 1997 жылы қараша айында құрылды. Бастапқыда бөлімшеде 2 қызметкер, ал, қазіргі таңда 1 басшы мен 3 маман жұмыс істейді (суретте). Айман Ізбасқанова бөлімше құрылғаннан бері қызмет жасап келеді. Бөлімше 1998  жылы  тек зейнетақы тағайындаумен айналысса, қазіргі уақытта 29 түрлі зейнетақы мен жәрдемақы және әлеуметтік сақтандыру қорының 5 түрлі әлеуметтік төлемдерін тағайындаумен шұғылданады. Биылғы жылдың 9 айында  жасына байланысты 77 зейнетақы, 84 базалық зейнетақылық төлем, 21 мүгедектігіне, 10 асыраушысынан айырылуына, 42 арнайы мемлекеттік, бала туғанда берілетін біржолғы 243, бір жасқа толғанша төленетін 101, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге төленетін 7 жәрдемақы тағайындалды. Міндетті зейнетақы жарнамаларының сомасы мен зейнетақы жинақтарының арасындағы 54 айырма  төлемі  (мемлекеттік кепілдік) беріліп, бала бір жасқа толғанша төлем алатын 90 алушыға  міндетті  зейнетақы жарналары  субсидияланды (бюджеттік субсидия). Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты 8, асыраушысынан айырылуына байланысты 2, жұмысынан айырылуына  байланысты 7, бала бір жасқа толғанға дейінгі күтімінге байланысты 142, жүктілік пен босануға байланысты 101 төлем тағайындалды.

1997 жылы бөлімше бойынша ай сайын 2200 алушыға 7 млн. теңге зейнетақы  берілетін  болса, қазіргі кезде 5400 алушыға 100 млн. теңге зейнетақы мен жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер төленеді. Бұрын республикалық бюджеттен 95 млн. теңге берілетін болса, ол 855 млн. теңгеге дейін өсті. Әлеуметтік  сақтандыру қоры арқылы республикалық бюджеттен берілетін зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 5 млн.-нан 48 млн. теңгеге жетті.

Мамандар жұмысқа қажет компьютер, сканер, принтерлермен қамтамасыз етілген. Бәрі де жоғарғы санатты мамандар. Жәрдемақы мен зейнетақы алушылар тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Бұрын зейнетақы мен жәрдемақы  тағайындағанда, мөлшерін өзгерткенде, қайта есептегенде зейнетақы істерін бекіту үшін облыс орталығына апаратын болсақ, бүгінде құжаттар сканерлеу арқылы электронды түрде бекітіледі. Бұл зейнетақы тағайындау уақытын қысқартып, 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2015 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөнінде өтініш берушіге қолданған шешім (тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту) өтініш берушінің ұялы телефонына SMS-хабар жіберу арқылы құлақтандырылады. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталықтандырылған деректер базасы арқылы жүзеге асырылады.

Аудандық зейнетақы төлеу бөлімшесінде 21-2-07 нөмірлі сенім телефоны және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің контакт орталығында  ақысыз, бірыңғай 1411 нөмірлі телефоны жұмыс істейді. Осы нөмірге телефон соғып, толғандырған зейнетақы мен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру мәселелері, еңбек қатынастары, халықты жұмыспен  қамту мәселелері жөнінде кеңес ала аласыз.

Халықтың әл-ауқаты көп жағдайда әлеуметтік кепілдіктердің деңгейіне байланысты. Мемлекет тарапынан берілетін зейнетақы, жәрдемақы, басқа да түрлі әлеуметтік төлемдердің деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Бұл төлемдерді  тағайындап, төлеу бізге жүктелген. Біз оны мінсіз атқара беретін боламыз.

                     Б.ҚОЙШЕКЕНОВ,

аудандық зейнетақы төлеу бөлімшесінің басшысы.