21.10.2015, 11:33
Қараулар: 335
Міндет – кембағал жандарды аялау

Міндет – кембағал жандарды аялау

р-127Қазан айының соңғы жексенбісі елімімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні болып белгіленгеніне де үш-төрт жылдың жүзі өтті. Аудандағы осы сала қызметкерлерінің басын қосып, басшылық жасап отырған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімшесінің меңгерушісі Меңдібай Қаресовті төл мерекелеріне орай әңгімеге тарттық.

 

– Алғашқы күнінің өзі қариялар күні ретінде мәлім қазан айын әлеуметтік қолдауға зәру жандар мен әлеуметтік сала қызметкеріне арналған десек те артық етпес, – деп бастады ол сөзін.– Мүгедектердің атаулы күні де осында. Тұтастай алғанда «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы бұл. Сондықтан да алдымен осы бағыттағы іс-шараларға тоқталайын.

1 қазан күні аудан және ауылдық округ орталықтарында қарияларға түстік берілді. Оған 377 адам қатыстырылып, 597 мың теңге қаражат жұмсалды. Қайырымдылық ісіне алғашқылар қатарында үн қосқан бисендік шаруа қожалығы жетекшілері Арон Кәукешев он мұқтаж отбасына 140 мың теңге, Ермек Момынов тоғыз жанұяға 52 мың теңге ақшалай және екі жанұяға төрт тіркеме шөп, екі тіркеме тезек, ал, Шынтемір Лайықов 2 отбасына екі тіркеме тезек берді.

Қайырымдылық айлығының басталғаны туралы Сайқын-Орал-Сайқын бағытында жолаушылар тасымалдап жүрген Алмабек Қазихановқа құлаққағыс жасап едім. Ол өз әріптестері ордалық Қуаныш Сисемалиев, Нұрлан Оразгелдиев, бисендік Асылхан Құрмашев, сайқындықтар Бердібек Мақсотов, Қуаныш Жадыраев, Кәрім Мақсотов, Нұрлыбай Есімов, Ермек Бекесов, Қайрат Иманжанов, Асылбек Құсайынов, Қайрат Дәуленов, Мербол Хасанғалиев, Нұржан  Жұмағұлов, Бұлан Әбілов, Сүлеймен Шәкіровтерге айтып, жігіттер сол сәтте-ақ бір мыңнан шығарып, жиналған 16 мың  теңгені Алмабектің өзі әкеліп берді. Сондай-ақ, сайқындық жеке кәсіпкерлер Рүстем Өтеев, Алмагүл Камалова, Гүлнәр Әлмұратовалар да белсенділік танытты. Жиналған ортақ қордан ауыл тұрғындары Жадыра Мұташеваға 40 мың, Мәрия Қалакушеваға 30 мың ақшалай көмек көрсетілді.

Әлеуметтік көмекке зәру жандар (аудан бойынша олардың саны 100)  біздің қамқорлығымызда. Оларға 19 әлеуметтік қызметкер  (Сайқында-6, Ордада-4, Мұратсайда-1, қалған округтерде  екеуден)  қызмет көрсетеді. Қызмет алушылардың 25-і жалғызілікті қария, 12-сі  І, ІІ топтағы мүгедектер, 28-і он сегіз жасқа жетпеген, 23-і он сегіз жастан асқан туғаннан мүгедек жандар. Беркітілген қызметкеріміз олардың әрқайсысының отбасыларына барып, жағдайларын біліп, қажет еткендеріне үй тазалығынан бастап, ас-суларын әзірлеулеріне, зейнет, жәрдемақыларын алып, коммуналдық төлемдерін өтеулеріне шейін жәрдемдеседі. Есту қабілеті кемдерге сурдотехникалар, көздері көрмейтіндерге тифлотехникалар, жүре алмайтындарға арнайы арба алып берілуде. Әзірге, біздің қызметкерлеріміздің үстінен арыз-шағым түсіп көрген емес. Ескертетін нәрсе, қай қария, мүгедек әлеуметтік көмек беруге жататынын дәрігерлік еңбек сарап комиссиясы (ВТЭК) анықтайды.

Табиғаттағы түрлі өзгерістердің әсері ме, өзгелей себебі бар ма, ауданымызда 150-ден астам туғаннан мүгедек жандар бар. Әке-шеше мен бауырларының мейірім шуағына бөленген көпшілігі құлан-таза сауығып кетпегенімен, ел қатарлы тұрмыс кешуде. Бірқатары мемлекеттік жеке оңалту бағдарламасын пайдаланып отыр. Ал, кәрілікке дауа жоқ. Жас ұлғайған соң күш-қуаты азайып, жүріс қоюланып, құлақ қағыс естіп, жанардың кемуі табиғи нәрсе. Ондайда адам ұрпақтарына арқа сүйейді. Қолтықтан демеп, рухани тұрғыдан да қолдау көрсететіндер табылып жатса, үлкен бақыт. Ата-анасы түгіл ағайынның, ауылының намысын соғып, жетімін жетілдіріп, жесірін қамқорлаған халқымыздың арасынан соңғы кездері тасбауыр, кешірімді білмейтін кекшіл ұл-қыздар бой көрсетуде. Соның салдарынан биыл 4 қарияны Орал, Ақсай қалаларындағы, Жалпақтал ауылындағы қариялар үйіне орналастыруға мәжбүр болдық. Кезекте тағы бір ақсақалымыз тұр.

Тағы бір айтарым, кемтарлардың арасында тағдыр тауқыметін қайсарлықпен жеңіп, бір кәсіпке бейімделіп, отбасын құрып, бала сүйіп, қатарынан қалмай мәнді тұрмыс кешіп отырғандар баршылық. Мысалы, ІІІ топ мүгедегі, сайқындық Мергүл Омарғалиева «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты биылғы облыстық шығармашылық фестивальда «Үздік жасампаз» аталымы бойынша І орынды жеңіп алса, домбырамен ән салған ІІ топ мүгедегі ордалық Асылбек Есқалиев БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық мүгедектер қоғамының «Алғыс хатына» және ақшалай марапаттауына ие болды.

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері алда да өз жұмыстарын жетілдіре отырып, қамқорлықтарындағы кембағал жандардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады.

Әңгімені жазып алған К.ҒАЙСИН.

Суретте: М.Қаресов округтердегі әлеуметтік қызметкерлермен.