…Мен оларды кейде көше бойынан, өзім тұратын үй маңынан кездестіріп қалатынмын. Мүгедек арбасына таңылған отағасын итеріп келе жататын әйел адамның жүзі сырт көзге мұңлы, қапалы немесе тағдырына өкпелі жандай көрінбейді. Керісінше, жанары махаббатқа толы, қайратты да қайсар келіншектің өте қарапайым болмысы еріксіз назар аудартатын. Және үнемі күлімсіреп, өміріне риза қалыпта жүретініне көпшілік те тәнті.
Жаз мезгілінің шыжыған ыстық күндері мен ауа райының қолайсыз сәттерінде де азаматын үлкен сезім, асқан төзімділікпен қорғап жүретін әйел адамдардың өзіне деген аяушылығын тудырмай, керісінше, ризалық сезімін оятатын…
Мейірім – ізгіліктен бастау алады. Жаңағы біз әңгіме етіп отырған Абай мен Жанат кезіндегі Шоңай ауылының атақты шопаны Марат Мыңбаев ақсақалдың ұл-келіні. Біз бұл шаңыраққа барғанымызда қария үй сыртында оны-мұны жұмыстарымен күйбеңдеп жүр екен. Аулаға енгенімізде ауыл адамдарының біркелкі бір-біріне ұқсайтын тірлігі байқалды.
Жалғаса салынған кішкене қоралар. Олардың төбелерінде мая-мая боп үйілген шөп бұл әулеттің қысқы мал азығын сақадай сайлағанын байқатады. Отағасының қолтабы көрінбейтін аңғал-саңғалы шыққан шағын аула ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арба бос тұр. Үй дәлізінде тағы бір мүгедектер арбасы назарға ілікті. Біртүрлі ауырлық сезіледі. Ерлі-зайыптылар кіре беріс бөлмеде шай үстелі жанында отыр екен. Өзімізді таныстырып, әңгімеге тарттық. Бізді қызықтырған мәселе, Жаннаттың қанша қиындықпен бетпе-бет келіп жүрсе де, қабағы бір түйілмеуінің сыры неде екенін сұрадық.
–Махаббат, –десті бір ауыздан. Олар М.Мәметова атындағы орта мектепте бірге білім алған. Жанат Орал қаласындағы медициналық училищеге оқуға түскен кезінде Абай шопырлар даярлайтын мектепте оқып жүрген-ді. Қолына диплом алып, еліне оралған Жанат бір жылдай ғана қызмет етіп, қойлы ауылда туып-өскен, бар жаны малмен астасқан ауылдың қара баласына дәм бұйырып, тұрмысқа шығады.
1993 жылдың 15 наурызы күні Абай өзінің екі аяқты «Минск» мотоциклімен болашақ жарын Сайқын ауылынан ата қоныстары №72 разъездегі қыстағына алып қашып келеді. Дәл қазақтың көрісу айт мейрамы-тұғын. Күн боран. Ызғарлы жел қойын-қонышыңды тінтілегенімен, болашақ өмірлерін бірге өткеруге талпынған жастарды суық, ызғарлы күн райы да жасыта алмаған. «Мамандығы бойынша қызмет етеді», — деп отырған қызының жастай күйеуге «қашып» кеткеніне ызаланған ата-аналары милицияны ертіп, трактормен лезде жетеді. Күн лайсаң, батпақ. Адам түгілі техниканың жүруі оңайға соқпайтын табиғаттың ала-құйын бір күні. Сонда соңынан келген ата-аналарына іші-бауыры елжіреп тұрса да Жанат: «Мен өз еркіммен келдім,»-деп, қуғыншыларға ермей қалып қояды. Сол күні жастардың басын қосып, шағын қонақтық жасаған олар тамыз айында «Қанды бұлақ» деген жазғы орында дүрілдетіп той өткізген. Жанат тойда кәдімгі қалыңдықтың ақ көйлегін киіп, жаңа ұзатылған қыздай болып отырған.
Адам айтса сенгісіз, мына қызықты қараңыз. Кейіпкеріміз Абайдың туылғаннан оң жақ бөтекесі болмаған. Ол аздай, 2001 жылы түйе арбамен мал бағып жүрген кезінде шалқасынан құлап, соның кесірінен бел омыртқасы да шығып кеткен. Ал, 2000 жылы сол баяғы келіншегін алып қашып келетін «Минск» мотоциклімен жаңа жыл күні Жанат екеуі Ресейдің Басқұншақ қалашығынан келе жатқан сапарында бұлардың көлігіне ит соғылып, оқыс оқиға орын алады. Сол кезде бейнеттен шықпаған Абайдың белі мен екі иығы қатар шығып кетеді. Ет қызуымен ауырып тұрған жерін байқамаған ол талып қалған келіншегін мәшинаға өзі көтеріп салған. Бірақ, ауру меңдеген азаматты 2006 жылы мүгедектік топқа шығарады. Денсаулығына мән беріп, дұрыс күтіне алмауының салдары оны ақыры арбаға жіпсіз байлады. Осындай өмірінің аса қиын сәтінде жанында тек Алла қосқан жары болды. Қанатымен су сепкен қарлығаштай ол азаматының қас-қабағына қараумен болады. Ауырсынып жатқанында құрақ ұшып, баладай мәпелейді. Енесі мен атасының да бабын тауып, үлкендердің батиқасын алады. Үш баласын қатарынан қалдырмай, бағып қағады.
Жасыратыны жоқ, өздігінен қозғала алмайтын жарын күніне бірнеше рет арбаға мінгізіп, түсіргені аздай, өзі қайда барса, міндетті түрде оны да үйде қалдырмай сүйрелеп жүргені. Олар Ресейдің Төменгі Басқұншақ, Палласовка қалаларына бала-шағаларымен бірге барып, суға да шомылып қайтқан.
– Басыма осы бір жағдай түскенде еңсесін түсірмеген жарыма ризамын, -дейді Абай ағынан жарылып. – Мұның бәрі әлгінде айтқан махаббаттың арқасы. Мен бақыттымын!
Айта кетелік, биыл олар жалғыз қызғалдағын тұрмысқа берді. Яғни, ел қатарлы той өткізіп, бір міндеттен құтылды. Қазір екі жас Орал қаласында тұрады. Екі ұлының бірі отау құрса, бірі әлі жас. Абай мен Жанаттың алдағы бар арман-мақсаттары енді кенжелерінің қуанышын көріп, немере-жиен сүйіп, бақытты ата-әже атану.
Біздің көлігіміз қайта аудан орталығын бетке алды. Күздің бұлыңғыр күні көңіл-көкжиегімізді анабір жадыратпаса да, көкейімізге Ескендір Хасанғалиевтің «Ескірмеген махаббат» әні орала берді:
Қанша жылдар қартаймаған, азбаған,
О, махаббат, артық сенің өз бағаң…
Гүлнар ҚАДЫРОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.