21.10.2015, 11:44
Қараулар: 358
Бала тәрбиесі – баршаның ісі

Бала тәрбиесі – баршаның ісі

г-52Кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның Ұялы, Бөрлі ауылдарында оздырылған көшпелі отырысында «Республикалық «Мектепке жол» акциясының қорытындысы» және «Ата-ана қамқорынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларын қолдау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын орнықтыру, қылмыс жасаушылықтың алдын алу бағытындағы Ш.Жексенбаев, М.Бегалиева атындағы орта мектептер жұмыстарының жайы» қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық білім бөлімінің бас маманы Н.Сәлімова, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп директоры А.Әлиева, мектеп медбикесі Л.Ысқақова, М.Бегалиева атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Тастеева хабарлама жасады.

«Мектепке жол» акциясы аясында аудан бойынша 972 аз қамтылған отбасы балаларына 3 млн. 497 мың теңгенің көмегі көрсетілсе, 284 оқушыға демеушілер арқылы 1 млн. 121 мың теңгенің киім-кешегі мен оқу құралдары берілген. Шара М-С.Бабажанов, Ш.Жексенбаев, М.Мәметова, Б.Жәнекешев атындағы орта мектептерде асқан ұйымшылдықпен өтіпті.

Айта кетелік, Ұялыдағы орта мектеп оқушыларының 128-і 71 аз қамтылған отбасының балалары болса, 6 oқушы мектепішілік бақылауға алыныпты. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын бір отбасы бар көрінеді. Осы орайда өз пікірін ортаға салған округ әкімі Б.Оразғұлов бала тәрбиесі – баршаның ісі екеніне тоқтала келіп, округтегі учаскелік полиция инспекторы қызметіне тұрақты адам келсе деген тілегін жеткізді. Ал, бегалиевалық оқушылардың 96-сы аз қамтылған, 72-сі көп балалы, 15-i толық емес отбасылардан көрінеді. 3 oқушы мектепішілік, біреуі аудандық ішкі істер бөлімінің есебінде. Округ әкімі М.Қитанов кей отбасылардың балаларын ғана емес, ата-аналарын тізге салатын тәрбие керектігін қынжыла сөз етті.

Отырыстарды қорытындылаған комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс, қоғамдық ұйымдардың ықпалы, жасөспірімдер мен қыз балалар тәрбиесін бақылау, қадағалау шаралары жөнінде келелі әңгіме қозғап, іске жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді.

Комиссия отырыстарында тиісінше қаулы қабылданды.

Диляра ҒАБДОЛЛИНА,

комиссия хатшысы, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау және персоналды басқару бөлімінің бас маманы.