7.12.2015, 11:01
Қараулар: 253
Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық

Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық

Ерлан Нүркенов – аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауын халқымыздың асыға күтетіні шындық. Әсіресе, әлемдік дағдарыс етек алып, оның үстіне геосаяси жағдай күрделеніп тұрған мына бір алмағайып шақта Ұлт Көшбасшысының аузынан шыққан әрбір сөз, нұсқаған  бағыт-бағдары баршамыз үшін маңызды. Өзге  қазақстандықтар сияқты, мен де биылғы Жолдауды сол сәтте теледидардан тыңдап, кейін басылымдардан зер сала оқып шықтым. Әрине, әркім де алдымен өз саласына  қатысты  мәселелерге  көңіл бөледі ғой.

«Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жекешелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды  заңдастыруға, жекешелендіру тендрлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар»,- деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Іскер, қалталы азаматтар біздің ауданымызда да баршылық. Дені ата кәсіппен айналысушылар. Мыңғыра өскен малының арқасында шаруасына қажетті техникасы өз алдына, иномарка көлік мініп, қаладан үй алып, ағайын-туыстарын жұмыспен қамтып отыр. Дүркіреген қожалық иелерінің бірқатары  соңғы жылдары сауда орындарымен қатар шағын өндіріс цехтарын ашып, қызмет аясын кеңейте бағыт алды. Тек биылдың өзінде ауданымызда сүт өнімдері, профнастил, керомзитоблок, қамысты қорғандап буу өндірістері мен наубайхана іске қосылды. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020. Жол картасы» бағдарламасы  бойынша ауданымызға бөлінген 30 млн., қайтарылған қаржы есебінен берілген 23 млн. 650 мың теңге несие қаржы мал өсіру, тұрмыстық қызмет көрсету, шағын өндіріс орындарын ұйымдастыруға жұмсалды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы да несие алып, жеке кәсіпке бой ұрғандар қаншама?! Бірақ мұның бәрі жеткіліксіз. Ызғындай малымыз бола тұрып, мал өнімдерін шеттен сатып алуымыз айтар ауызға ұят. Қорасында сиыры бола тұра, саууға ерініп, дүкеннің қалайдағы сүтіне жүгіретін жеңгелеріміз отбасының берекесін ойлап, жалқаулықтан арылуға, ал, ағаларымыз бір шаңырақтың ғана емес, елдің қамы үшін еселенген жігермен енбектенулері тиіс. Сонда ғана Елбасының тапсырмаларын орындап, дағдарысқа төтеп бере аламыз.

* * *

Салтанат Молдашева – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:

– Елбасы Жолдауын теледидардан қарап, баспасөзден оқып жатырмыз. Ол – кешегі істеріміздің көңіл қуантар жетістіктері мен кем-кетігінің, алдағы мақсаттардың нақты көрінісін айқындап, қолымызға бағыт-бағдар беретін әлеуметтік-экономикалық құжат. Онда әр сала бойынша нақты даму бағыттары белгіленген. Жолдауда біраз жылдардан бері экономикамыз тап болған қиындықтарға қарамастан, әлеуметтік салаға жұмсалған мемлекеттік шығын үш есеге жуық өскендігі айтылды. «Экономикалық тәуекелдерге, жалпы ештеңеге қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз»,- деді Мемлекет басшысы.

Біз қарттар мен мүгедектерге үйден көмек беретін әлеуметтік саланың қызметкерлеріміз. Елбасы 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысы – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға артатынын жария етті. Барлық жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына байланысты тап болған қиындықтарға қарамастан, қазақстандықтардың әл-ауқаты  алда да арта беретінін сезіндірді.

Мемлекет басшысы әркез мүмкіндігі шектеулі жандарды, әлеуметтің әлсіз жіктерін қамқорлап келеді. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға өсетіні де айтылды. Әрі 2016 жылдың екінші тоқсанынан бастап жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасы жасалмақ. Осы жолда  аянбай  еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосу баршамыздың парызымыз ғана емес, ел алдындағы міндетіміз деп түсінеміз.

* * *

Екатерина МӨКЕШЕВА – Бисен ауылдық Мәдениет үйінің  директоры:

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» деп аталатын Жолдауымен танысқанда аса қанағаттанғандық сезімді бастан кештім. Өйткені, мен де жаңа жаһандық ахуал қалай болар екен деп уайымдап жүргендердің бірі едім. Елбасының кемел көрегендігіне тәнті, ал, жігерлі, жалынды сөздеріне, сарабдал саясатына риза болдым. Нұрсұлтан Әбішұлының әр сөзі көңілге сенім ұялатып, патриоттық рухымды оятты. Әсіресе, жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлерін, Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерін, дағдарысқа қарсы басты стратегияны және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын айқындап беруі менің ғана емес, барша отандастардың күпті көңілін орнықтырғаны хақ. Бюджет саласын оңтайландыру бағытын көпшілік қуана қолдауда. Ал, еліміздің жас азаматтарына арнаған сөздері олардың болашағы жарқын, мерейі үстем мемлекет құратынының басты кепілі. Елбасы алға қойған тапсырмалар мүлтіксіз орындалар болса, дағдарыстан шығуымыз да жеңіл болмақ.

Ендеше, Мәңгілік елге «Нұрлы жолмен» бірге жетейік. Сан ұлттың бірлігін сақтап, елімізді дамытып, көркейтіп отырған Елбасы жанына топтаса түсейік.

* * *

Зияда Есенбаева – Т.Масина атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

– Елбасымыздың биылғы Жолдауынан да ертеңге деген сеніміміз одан әрі арта түскендей болды. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік дағдарыс біздің елді де айналыс өтпейтінін  жасырмай, осы бір қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілігімізді сақтап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырған «Қазақстан  жаңа  жаһандық  нақты  ахуалда: өсу,  реформалар,  даму» атты Жолдауы әрбір қазақстандықтың бойына осындай сезім сыйлады деп ойлаймын. Әсіресе, «Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!» деген сөздері тіптен жігерлендіре түсті.

Сонымен қатар, әркез елдің ертеңіне, яғни, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына аса мән беретін Ұлт Көшбасшысы сол жолда тер төгіп жүрген мұғалімдердің еңбекақылары 29 пайызға өсетіндігін де айтып өтті. Елбасының осынау қамқорлығына ұстаздар қауымы да шығармашылық ізденіспен жауап береді деп ойлаймын. Әрі ойымды кемеңгер тұлғаның өз сөзімен түйіндесем, тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық.