17.12.2015, 18:37
Қараулар: 335
Жанға түскен жара…

Жанға түскен жара…

г-127Чернобыльдегі атом станциясы жарылысының зардабын тартамын деген ой Ерұлан Нұралиевтің үш ұйықтаса түсіне кірді дейсің бе? 1988 жылдың қазан айында мерзімді әскери қызметін өтеуге Орал қаласынан аттанған ол алғашқы алты айында Белоруссияның Борисово, кейін Могилев облысының Бобруйск қаласында қызмет етті. Кейін оның бөлімін Чернобыльға лақтырды. Мұнда 1989 жылдың жазынан қара күзге дейін алты ай апат аймағының соңғы тазалау кезеңіне қатысты. «Біз күзет қызметінде болдық. Радиациялық аймаққа рұқсатсыз (пропускісіз) ешкімді кіргізбейміз де, шығармаймыз да, − дейді Ерұлан. – Постта арнаулы киіммен тұрсақ та атомның зардабы бізге де молынан тиіпті. Бүгінде сүйектерім сырқырайды, кейде бірдеңе мүжіп жатқандай сезінемін. Көктем, күз мезгілінде үстіме белгісіз жаралар да шығады. Білмеймін не істейтінімді. Қаралудан кенде емеспін».

Кейіпкеріміздің бұл сөзі шағыну емес, шындық. Жақында Орал қаласында оның жамбасына операция жасалып, титан қойылыпты. «Екінші жамбасыңа да тап сондай операция жасау керек. Тек жыл жарымдай күтесің», − депті ондағылар. Несін жасырайық, 45 жастағы зіңгіттей жігіт бүгінде үшінші топ мүгедегі. Бұл топтағы кісіні жұмысқа қосуға болады. Бірақ жүріп-тұруы да, отыруы да мұң, таяққа сүйеніп қалған Ерұланның жұмыс істеуге денсаулығы көтермейді. Өңірінде Чернобыль апатының 25 жылдығына арналған медаль бар. Оның артқы жағында «За участие. Мужество. Подвиг» деген жазу тұр. Бұл оның ерлігінің куәсі.

− Календарлық күнтізбеде 14 желтоқсан Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысушыларға құрмет көрсету күні болып белгіленген. Ал, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі. Бұл екі айтулы күннің тұспа-тұс келуі мені еріксіз толқытады, − дейді Ерұлан әңгіме арасында. − Тек ендігі жердегі тілегім, кейінгі толқынның өмірінде қияметті күндер кездеспей, егеменді елдің болашағы жарқын бола бергей!

А.ХАМЗИН.