9.02.2016, 10:18
Қараулар: 357
«Сен де бір кірпіш дүниеге…»

«Сен де бір кірпіш дүниеге…»

Қоғамымыз нарықтық қатынасқа көшкелі мамандық таңдау күрделеніп кеткендей. «Мектеп бітіргеннен кейін кім боласың?» деген сұрақтарға оқушылардың көбі нақты жауап қайтара алмайды. Әлемдегі 50 мыңға жуық мамандыққа жыл сайын 500-ге тарта жаңа түрі қосылып отырады екен. Олардың ішінен өзіңе қолайлысы, қоғамға қажеттісі қайсысы? Оған қалай қол жеткізуге болады? Мүмкіндік қандай?

Мамандық таңдауда оқушы бойында жауапкершілікті қалыптастыру, заман сұранысына ие мамандықтарды көрсетіп, бағыт-бағдар нұсқау мақсатымен Темір Масин атындағы орта мектепте 10-сынып жетекшісі, жас маман Мирхат Жанболатұлы Ахтаров ашық тәрбие сағатын өткізді.

Алты бөлімнен тұратын тәрбие сағаты тренингтен басталып, «Ең жақсы…» ойынына ұласты. Бұл бөлімде әр мамандықтың қасиетіне қарап, мамандық иесін табу көзделді. «Қазіргі замандағы зәру де табысты мамандық» бөлімінде бізге беймәлім мамандықтар сөз етілді. Тіпті, атауына тіліміз келмейтін небір мамандықтарды естіп, таң-тамаша болдық. Импрессарио, клипмейкер, колорист, витражист, гримдеуші, декоратор, аниматор, интерьер-дизайнер, т.б. мамандықтар хақында мол мәліметтер алдық.

Келесі бөлім, жағдаяттық сұрақтарға жалғасып, оқушыларға мамандық таңдауда кездесетін қиындықтар туралы қысқаша айтылды. «Бұл кім?» атты кәсіби бағдар ойынында мамандықтарына сай келетінін адамдар достық әзілмен мадақталып, мамандық таңдауға септігін тигізерлік ойлар айтылды.

Кез-келген адам адал, адамгершілігі жоғары, еңбекке қабілетті де зейінді, өз міндетіне жауапты, бейнетке төзімді, мейірімді де білімді жан болса, ол таңдаған мамандық маңызды, жұмысы жемісті болып, өмірде жарқын із қалдырары хақ.

Айзада ТӨЛЕПОВА,

тәлімгер.

* * *

«Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан!», −

деп дана Абай айтқандай, мамандықты дұрыс таңдап, өмірден өз орнын табу оңай емес. Ең бастысы адамның таңдаған мамандығына бейімділігі болуы шарт. Жетістіктің көзі де осында жатыр деп ойлаймын.

Мектептен түлеп ұшқалы отырған 11-сынып оқушыларын «Қандай мамандықты таңдаймын?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Оқушыларға бағыт-бағдар беріп, олардың мамандық таңдауларына көмектесудің, ұстаздармен, студенттермен және түрлі мамандық иелерімен кездестіріп, ой бөлісіп, пікір алмасудың маңызы зор. М.Бегалиева атындағы орта мектеп ұжымы осындай кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған.

Ұйымдастырушы-педагог Света Базарбаева және 11-сынып жетекшілерінің бастамасымен жақында «Мамандық таңдау – маңызды іс» атты кеші өтті. Онда мамандық таңдаудағы басты өлшем – қызығушылық пен қоғамдық сұраныстың сәйкестігі екендігі тұжырымдалды. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, ісін шабытпен атқарса ғана табыс биігіне жете алатындығы айтылды. Бастысы, кештен мол әсер, пайдалы мағлұмат ала білдік. Елге қажет құрметті мамандық иесі боламыз десек, сол кездесуде апайларымыз бен ағаларымыз айтқан ақыл-кеңестерді жадымызда ұстап, ілім-білім алуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек екен.

Шұғыла РАБҚАТОВА,

11-сынып оқушысы.