Қазіргі кезде кітапханаларда түрлі бағдарламалар, жобалар арқылы жұмыс істеу дәстүрге еніп, ақпараттық ресурстардың нақты бағыттары бойынша белсенді әрі жүйелі түрде насихат жүргізілуде.
Кітапханаға жаңа оқырмандар тобын тарту, тіл саясатының орындалуына көмектесу және тілді өз бетімен үйренуде ақпараттық ресурстарға қол жеткізулеріне мүмкіндік жасау үшін аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімі «Тілашар» жобасын дайындап, үйірме ашқан-ды. Бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйретуді мақсат тұтқан аталмыш үйірмеге А.Нұрланова қоғамдық негізде сабақ беріп жүр.
Ақжүніс Жандарбекқызы Алматы қаласындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген. Ағылшын және француз тілінің маманы. Ол балаларды өзіне тарта білуде. Үйірмеге қатысушылар саны күн санап көбею үстінде. Қазақ сыныбында оқитын шәкірттерге қазақ-ағылшын, орыс сыныбындағыларға орыс-ағылшын тілдерінде дәріс оқиды. Сабақтарды ертегілер, дидактикалық ойындар, оқулықтар арқылы жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар барша әлем мойындаған италияндық Мария Монтессоридың көне әдісін де қолдануда. Ол жүйенің негізі – ертегіні пайдалана отырып, ойын арқылы этномәдени, экономикалық, экологиялық білім негіздерін қалыптастыру. Және балаға бәрін өзі жасауға, осылайша өзін-өзі тәрбиелеуге, өз-өзін оқытуға, өзін-өзі дамытуға үйрету. Осындай қарапайым әрі ұғынықты әдіспен балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын оятып, жас ұрпақты біліммен қаруландыру бағытындағы жұмысымызға өз үлесін қосуда. Бүлдіршіннің жүрегіне жол тапқан Ақжүніске тек қана сәттілік тілейміз!
Раушан ЖҮНІСҚАЛИЕВА,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің әдіскері.