17.02.2016, 11:50
Қараулар: 301
Терроризм – бұл көз жасы, қантөгіс

Терроризм – бұл көз жасы, қантөгіс

Жаратушы иенің шексіз неғыметіне бөлену адамдарды нұрландырары хақ. Дегенмен, өзге діннің жетегінде кетіп, адасып жүрген қаракөздер қаншама?! Діни сауатсыздықтың кесірінен Сирия асып кетуге талпынып жатқандар бар. Өзегін жарып шыққан ұл-қызының Отанына жат болуы кімге оңай дейсің?! Оның артында сана соқырлығы қылаң береді. Бармақ тістеткізер ащы мұң. Өкініш. Қайғы қамыты…

Жақында балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өскелең ұрпақты теріс ағымнан сақтандыру бағытын көздеген мәнді шара өтті.

«Діни экстремизм, терроризм дегеніміз не?» тақырыбын қозғаған жиынға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудан прокуроры Нартай Байменов, спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди, аудандық мешіттің бас имамы Назымбек Иманғалиев, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Орынбек Жапашев, М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы Ерболат Ахметовтер және спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.

Алдымен, БЖСМ директорының орынбасары Нұржан Сариев сөз алып, тақырыпқа сай ой өрбітті. Бапкерлер Тұйғынбек Жұмағазиев, Қуанғали Жанғуатұлы, Әли Победов, Нұрбек Ғазезов, Асылхан Шындықұлы «Террористік акция», «Террористік ұйым», «Террористік акт деген не?» тақырыбын қозғап, терроризмнің мән-мағынасын, себептерін ашып түсіндірді. Сонымен қатар, спорт мектебінің психологы Наталья Семилиди психологиялық сараптамасын ұсынып, Қазақстанды мекендеген халықтың бір-біріне дос болуға шақырып, терроризм бұл соғыс, қантөгіс, көз жасы екенін өскіндер санасына жеткізе айтып берді.

Лариса Тельманқызы мен Нартай Елібайұлы, аудан имамы Назымбек Иманғалиевтер Тәңірдің адамдарды ізгілікке бағыттауы турасында, асыл дініміз Исламды қастерлеу керек екенін ұғынықты тілмен баяндады. Бұл басқосуда балғындар назарына қанқұйлы әрекетке душар болғандар жайында түсірілген бейнеролик ұсынылды.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.