9.06.2016, 12:10
Қараулар: 133
Өгізаяңмен өрге баспаймыз ғой

Өгізаяңмен өрге баспаймыз ғой

Тұрсынбек Қабатов айтқандай, біз қызық халықпыз. Жиналыс, сходтарда қозғалуға тиісті ауыл тазалығы, тәрбие, тәртіп, т.б. мәселелерді көбіне көршілер бас қосқанда сөз етеміз. Жақында бір қонақтықта сондай жайға тап болдым. Қарап отырғанша әңгіме болсын деді ме, үй иесі газетте жарық көрген «Ауыл ажары, көше көркі» («О.Ж.», 19 сәуір) мақаласын тілге тиек етті. Автордың «Ең бастысы, еш нәрсе жасамасақ та, бұрынғы барды бағалап, соның азып-тозуына жол бермейік-дағы» дегенін қолдап, сонау бір кезде аудандық мәдениет үйі іргесінен орын тепкен аттракционды жоқтады. Әрі әлі күнге бір жазғы демалыс орны (летний клуб) ашылмағандығына қынжылыс білдірді.

– Өзге аудандарда жеке кәсіпкерлер балалар үшін ойын алаңдарын ашып жатса, әр жылдары мектеп бітірген түлектер туған ауылдарына ескірмес ескерткіш те орнатып жатқан көрінеді. Сайқындықтар бұл істі неге қолға алмайды екен? – деген ой да тастады. Бұған әркім өзінше пікір қосты.

Біз ауылдың батыс бетінде тұрамыз. Жергілікті басылым «Шығыс жақ шырайлы шығар, батыс бет бас ауыртып тұр» («О.Ж.», 14 шілде, 2015 жыл) деп мәселе көтергелі біздің жағдайымыз да ептеп түзеле бастады. Тұрмыстық қалдықтар мен кәріз құбырынан шыққан лас суды төгетін полигон аймағы біркелкі реттелгендей. Биылғы көктемгі тазалық айлығында біраз істер атқарылды. Енді сол жетістігімізді ұстап тұра алсақ, жинақы тұрған нәрсені бүлдірмей, сақтай алсақ жақсы.

Ал, Сайқынның шұрық тесік асфальті, ойлы-қырлы грейдері бұрынан ауыздан түспей келеді. Көлік түгіл жаяу жүргіншіге қиын. Аудан әкімшілігінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бар. Ал, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жол мекемелері тарап кеткелі қашан?! Ұзынқұлақтан естуімізше, ол жұмыстардың тендерін өзге жердегілер жеңіп алып, біздікілер бос қалып, босып кеткен. Кісіге қараған өлмешілік қой. Қажетті шаруа уақтылы атқарылмайды, сапасы да оңбайды. Тұрғындарды нақты жағдаймен таныстырып, тығырықтан шығудың жолын көрсетіп жатқан да ешкім жоқ. Бірлі-жарым әкімдік қызметкерлерінің үні кімге жетеді? Депутаттарымыздың белсенділігі сол баяғы бәз қалпы сияқты. Халық қалаулысы болған жалғыз Бибігүл қарындасымның (Бектелеуова) қолынан не келсін. Шыны керек, Елбасы Жолдауына үн қосқан мекеме, ұйым басшылары мен медицина, құқық саласы мамандарының түсіндірмелері болмаса, «Орда жұлдызынан» әр сала басшысының нақты іс-жоспарларын оқып жатқанымыз жоқ.

Ойды ой қозғайды деген, бірді айтып, бірге көшіп кетсем кешірерсіздер! Негізгі мақсатым, ауылды аздырмауға тұрғындардың назарын аударып, биліктегілерге құлаққағыс жасау еді. Көп болып қолға алсақ, орындалмас нәрсе жоқ қой. Қазіргі тірлігіміз өгізаяң жүріс сияқты. Қамшылайтын біреу керек-ау!

Жігер ОМАРОВ.

Сайқын ауылы.