19.11.2020, 15:43
Қараулар: 418
СУСАМЫР «ЖАСАРЫП» КЕЛЕДІ…

СУСАМЫР «ЖАСАРЫП» КЕЛЕДІ…

Жалпақ тілде сусамыр аталатын қант диабеті «жасарып» келеді. Соңғы үш жылда алты ауылдасымыз осы дерттен көз жұмған. Соңғы екеуінің екі мүшелден енді асқан жас екені белгілі. Біздің аудан көлемінде де бұл дерттің құрығына іліккендер қатары артуда. Былтырғы жылы 197 адамға қант диабеті диагнозы қойылып, арнайы тізімге алынса, биыл олардың саны 208 адамға көбейді. Өкінішке қарай, сандық көрсеткіштер жылдан жылға өсіп келеді дейді аудандық аурухананың эндокринолог дәрігері Нәсіп Нүркенова.  Қазіргі таңда сусамырмен ауыратын науқастың ең жасы – 16-да, ересегі – 85 жаста.

Жалпы бұл ауру тек біздің ауданда ғана емес, әлем бойынша кеңінен етек жаюда. Аталмыш ауруға көп шалдыққан елдердің алғашқы үштігіне Қытай, Үндістан, АҚШ мемлекеттері кіреді. Халықаралық диабет федерациясының есебінше қазіргі таңда 415 миллион адам осы дертпен дәрігерлер есебіне алынған. Жыл сайын төрт миллион адам науқас сусамырдан көз жұмады екен.

Халықаралық диабет федерациясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда  700 мыңға жуық адам осы дертпен тіркеуге алынған.  Қазақстанда қант диабетімен ауыратындардың саны 2040 жылға қарай  1 миллионнан асады  деп болжам бар.

Дерттің жас талғамайтындығы мен кең таралуына байланысты қант диабеті әлемдік медицинаның күн тәртібіндегі басты мәселенінің біріне айналды. Адамзат назарын аудару үшін де 14 қараша  қант диабетіне қарсы дүниежүзілік күрес күні деп белгіленді.

 

ДЕРТ НЕДЕН?

1922 жылы канадалық жас ғалым Фредерик Бантинг тарихта тұңғыш рет қант диабетінің аса ауыр түріне шалдыққан 14 жасар ұл балаға инсулин екпесін жасап, өлімнен арашалап қалады. Кейін  канадалық ғалымның бұл екпесі мақұлданып, дәрі-дәрмек препараты ретінде нарыққа шығарылды. Бүгінде Бантиг ойлап тапқан инсулин екпесі заманауи медицинаның қайнар көзі іспеттес.

Сонымен қант диабеті дегеніміз не? Бұл ұйқы безі жеткіліксіз инсулин өндірген кезде  немесе  ағзамыз өзі шығаратын инсулинді тиімді қолдана алмай, нәтижесінде қан құрамындағы глюкоза, яғни қант мөлшерінің шектен тыс жоғарылауына әкелетін созылмалы эндокриндік ауру. Ал, инсулин дегеніміз – ағзадағы көмірсу процесіне тікелей жауап беретін гормон, яғни, инсулинсіз  қант ағзадағы жасушаларға сіңбей, қанның құрамында бұғатталып, қалып қояды. Қандағы глюкоза инсулиннің көмегінсіз өз қызметін тиісінше атқара алмағандықтан жүйке тіндері мен ішкі органдардың, жүйке жүйесінің, қан тамырларының жұмысы біртіндеп бұзыла бастайды. Егер аш қарынға саусағыңыздан қан тапсырсаңыз, ондағы қант мөлшері 3,3 – 5,5 ммоль/л мөлшерден аспауы керек. Осы көрсеткіштің 6,1 ммоль/л мөлшерге жетуі және одан да әрі көтерілуі қант диабетіне шалдыққандықтың алғашқы белгілері болуы мүмкін.

Қант диабеті ауруы екі түрге бөлінеді: инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз немесе І типті және ІІ типті  қант диабеті.  І типті қант диабеті ұйқы безінің дұрыс жұмыс істемеуінен инсулиннің тапшылығын тудырса,  ІІ типті қант диабеті организмнің инсулинді тиімсіз қолдануы нәтижесінде дами түседі. Көбіне бұл аурудың туындауына дұрыс тамақтанбау, қалыпты нормадан артық салмақтың жиналуы және  күйзеліс әкеліп соқтырады. Қанда қант көбейіп кетуінің негізгі белгісі – науқастың ұдайы шөлдеп, аузы құрғай беруі. Сонымен қатар несеп мөлшерінің көбеюі де аурудың барын білдіреді. Ағзасында қан мөлшері жоғарылаған адамда әлсіздік, шаршау пайда болады, ешнәрсеге зауқы соқпай, көңілі құлазиды, аяқ-қолдары жансызданады.  Өз бойынан осы белгілердің бірін байқаған адам уақытын текке өткізбей, тездетіп дәрігерге қаралғаны жөн. Жалпы кез келген адамға қанның құрамындағы қанттың мөлшерін өлшетіп, біліп жүргені абзал. 40 жастан асқан, дене салмағы ауыр және қан қысымы жоғары адамдарға аптасына бірнеше рет тексерілсе де артық етпейді. Туған-туысқандарыңыздың арасында бұрын-соңды сусамырмен сырқаттанғандар болса арнайы сараптамадан жыл сайын өтуге тиіссіз.     Несін жасырайық, сусамыр кеселінің симптомдары байқалса да, немесе біздер нақты диагнозды қойып берсек те саулықтарына салғырт қарайтын, дертіне аса мән бермейтін науқастар бар. Көбіне оларды уақтылы тексерістерге жақын-туыстары арқылы іздеу салып, шақырып алуға мәжбүр боламыз,-дейді эндокринолог Нәсіп Нүркенова.

… КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Өкінішке қарай, аудан көлемінде жылма жыл қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны көбейіп келеді. Әр екі жыл сайын скрининг барысында 2000-ға жуық адам тиісті тексерулерден өтсе, 10-15 адамнан міндетті түрде қант диабеті бары анықталады екен. Былтыр, сусамырмен ауыратын 197 адам тізімде болса, биыл олардың саны  208-ге жетті. Соның 17-сі қант диабетінің І типімен,  191-і ІІ типімен ауырады. Бес адамға сусамыр ауруы тұқымқуалаушылықпен берілген. ІІ типке шалдыққандардың 19-ы инсулин және дәрі-дәрмектер түрінде аралас ем алады, қалғаны тек қант мөлшерін түсіретін дәрілерді қабылдайды. Ал, І топтағылар тек инсулинге тәуелді, яғни бұл топтағы науқастардың ағзасы өздігінен инсулинді бөле алмайды деген сөз. Инсулин инесі қарынға немесе санға салынса, шағын  келген электронды помпалы инсулин  ішіне тағылады. Белгілі уақыт аралығында инсулиннің тиісті нормасын ағзаға жіберіп отырады.

Нәсіп Нүркенова, аудандық аурухананың эндокринолог маманы:

-Соңғы үш жылда қант диабетінен 6 адам қайтыс болды. Ауру ушықса,  науқас аяқ-қолынан, көз жанарынан айырылуы мүмкін. Диабеттік нейропатия, яғни аяқтағы жүйкелердің жойылуы табанның ампутациясына әкеледі. Өйткені, науқас табанындағы қандай ма жараларды сезбейді, әлгі пайда болған жаралардың өте баяу жазылатындықтан, көп жағдайда табанды сақтап қалатындай мүмкіндік тумайды. Қазіргі таңда аталмыш дертпен ауыратын науқастың бір башпайы кесілді.

Енді мына қызықты қараңыз, 1979 жылы аудан бойынша бір ғана адам қант диабетімен ауырды. Бұл кездері қазіргідей химиялық құрамы күмәнді азық-түліктер атымен болған емес, тіршілік дағдысы да қазіргіге ұқсамайтын болғандықтан аталған аурудың кең таралмағаны сондықтан деп ойлаймын.  1990 жылдары ғана сусамырға шалдыққандардың саны күрт өсе бастады. Өздеріңізге жақсы мәлім, бұл жылдары халықтың біразы жұмыссыз, нәпақасыз қалып, күйзеліске бой алдырғандар көбеюіне байланысты, дерттің құрығына іліккендер де көп болды,-дейді.

 

ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ БАР,  ҚҰРЫЛҒЫЛАР ЖЕТКІЛІКТІ

Қант диабетімен ауыратын барлық науқастар амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бағдарламасы  аясында қажетті дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдармен толықтай қамтамасыз етілген. Оның ішінде арнайы инелері бар инсулин жіберетін құрылғы, тест жолақша, инсулин помпалары т.б бәрі бар.

  • 2017 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен халықаралық қант диабетімен күрес күніне орай ұйымдастырылған арнайы шарада ауданымыздың атынан сөз сөйлеп, қала орталығынан ең шеткері орналасқан аудан екенімізді, екі ортаға қатынаудың қиындығы барын тілге тиек етіп, глюкометр құрылғысымен қамтамасыз етуді сұраған болатынмын. Сол жылы 184 «диабетикке» глюкометр тегін берілді. Бүгінгі күні де науқастардың ем-шарасына қажеттінің бәрі де толықтай берілді. Бір айта кетерлігі, глюкометр қант диабетінің ауыр түрімен ауыратындарға ғана тегін беріледі. Арнайы «Қант диабеті» кабинеті жұмыс істейді. Өкінішке қарай, науқастар бұл кабинетке өз еркілерімен келуі сирек.

… ҮКІМ ЕМЕС!

  • Көп жағдайда туған-туыстары арқылы хабарлама жіберіп кезекті тексерулерге шақыртуға мәжбүр боламыз. Несін жасырайық, олардың көпшілігі қан құрамындағы қанттың мөлшерін бақылауға жете мән бермейді, тіпті ауруын мойындағысы келмейтіндер де жоқ емес. Қант диабетімен ауыратын науқастар міндетті түрде эндокринолог дәрігердің бақылауында болулары керек.  Біз оларға глюкометрдің көмегімен қандағы қант мөлшерін өлшеуге, инсулин инесін қолдануды, диабеттің ауырлығын ескере отырып дұрыс тамақтану ережелерін т.б үйретеміз. Қант диабетіне шалдыққан адамға өмір бойына өзін өзі күтумен жүру талап етіледі, өйткені,  қандағы глюкоза мөлшері қалыпты нормадан аспауы тиіс. Осынау қарапайым қағидаларды елеп-ескеріп, саулығына мұқият қараған науқастар керемет өмір сүріп жатыр. Қазіргі науқастардың жағдайларын мен өте жақсы түсінемін, өйткені өзім де қант диабетімен ауырғаныма он жылдан асып барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын араға көп уақыт салмастан анам, сосын туған ағам о дүниеге кете барды. Ақ халаттылардың қатарынан болсам-дағы оларға еш көмегімді көрсете алмағаныма қатты налыдым. Анам мен ағамның қазасын ауыр қабылдадым. Көп ұзамай, қант диабетіне ұшырағанымды білдім. Сондықтан, салауатты өмір салтын сақтап, дұрыс әрі жүйелі тамақтану ережелеріне көшіп, саулығымызды түзетуге атсалысайық деп бекерден шырылдамаймын ғой. Дәрігер бола тұра, денсаулығымды осындай қауіптен кеселден сақтандыра алмадым, десе де оған бас имей, баптанып-күтініп, тиісті ем-домымды уақтылы жасап, үнемі көтеріңкі көңіл күйді жоғалтпау арқылы қант мөлшерін қалыпты нормадан асырмауға тырысып келемін. Бұның түк те қиындығы жоқ. Әйтпесе, ұйқы безінің жұмысы сыр беріп, сусамырдың өрши түсуіне жол ашып береді. Сондықтан әр науқас өзін-өзі бақылау және дәрігердің ұсынымдарын нақты қадағалау арқылы  аурудың асқынуын болдырмауға немесе айтарлықтай бәсеңдетуге көмектеседі.

ЖҮЗ ЖАСАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ, САУЛЫҒЫҢЫЗДЫ КҮТІҢІЗ

Қан құрамындағы қант мөлшерінің ұдайы бақылауда ұстау үшін  салауатты өмір салтына берік боп, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы, құрамында транс-майлар, қант пен тұзы көп , қуырылған тамақтардан бас тартып, спортты серік ету керектігі айдан анық. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар секілді зиянды қоспалары бар тағам түрлеріне салықтың мөлшерін  көтерді. Әлемнің көптеген елінде газдалған, майлы тағамдарды емін-еркін сатуға тыйым салынып жатыр. Аталмыш заңдылықтар тұрғындардың қауіпті өнімдерді тұтынуды азайтып, пайдалы әрі құнарлы асқа бет бұруына себеп. Әр науқас рационын  жаңа піскен көкөністермен, жемістермен, ет пен балықтың майсыз пісірілген түрлерімен, қышқыл сүт өнімдерімен, жармалармен байытқан жөн.

Түйгеніміз, жүз жасағыңыз келсе, саулығыңызды күтіңіз. Ал, саулығымыздың кепілі – өзімізге деген саналы қарым-қатынасымыз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ