19.11.2020, 15:13
Қараулар: 452
БАСЫЛЫМҒА ЖАЗЫЛУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

БАСЫЛЫМҒА ЖАЗЫЛУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

 

Аудан әкімдігінде ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева жүргізген бұл шарада басылымға жазылу мәселесі айтылды. Осы мақсатта облыс орталығынан арнайы келген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас  директорының бірінші орынбасары Ғайсағали Сейтақ:

-Жасыратыны жоқ, бүгінгі ақпараттық заманда көпшілік оқырманымыз түрлі әлеуметтік желілердегі жаңалықтарға ден қойып, баспасөзге  қызығушылық бәсеңсіді. Десе де, әлжелінің жаңалықтары желмен таралатын, алайда ертеңгі күні табылмайтын жаңғырықтай екені, мерзімдік басылымның әлдеқайда салмағы жоғары екені көзі ашыққа белгілі. Себебі басылымда жарық көрген әр мәлімет ғаламтордың кеңістігінде жоғалмай, ақ параққа қара сиямен жазылып, тиісті жерде хатталып, өткен күннің тарихын қалыптастыруда өзіндік рөл атқарады,-деп мерзімдік баспасөздің рөлі айшықтай түсті. Әрі облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Орда жұлдызы» басылымдарына жазылып, қолдау көрсетуге шақырды. «Орал өңірі» газетінің арнайы тілшісі Нұрбек Оразаев та қатысушыларға газетке өз ұсыныс-пікірлерін тыңдауға әзір екендігін жеткізді.

— Жылма-жыл басылым науқанын округтерде мамандармен берге атқарамыз. Өйткені ол басылымдарда біздің тірлігіміз, аудан азаматтарының жетістіктері мен кездесетін түйіткілді мәселелері жазылады. Аудандық «Орда жұлдызы» газетінен әр алуан тақырыпты қамтитын мақалаларды көріп, қызығушылықпен оқып жүреміз. Жаңалықтарымызды да  осы басылымнан білім жатамыз. Облыстық газеттерден де көп мәлімет оқимыз. Сондықтан биыл да бөкейліктер меже биігінен көрінеді деп сенеміз,-деді Т.Масин ауылдық округінің әкімі Меңдібай Қитанов.

Аудандық «Қазпошта» АҚ-ның пошта байланыс торабының басшысы Гүлнар Мұқанова баспасөзге жазылу науқаны енді ғана қолға алынып жатқандығын айтса, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жоламан Сейсенғалиев пен М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Асылхан Аманғалиев осы сала қызметкерлері зиялылар қатарына жататын баса айтып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар ретінде аталмыш науқаннан сырт қалмайтынына сендірді.

Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева Ғайсағали Самиғоллаұлы мен Нұрбек Закарияұлына ескерткішке құнды кітаптарды тарту етті.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ