21.06.2016, 19:50
Қараулар: 274
«Рахмет сізге, дәрігер!»

«Рахмет сізге, дәрігер!»

г-376Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне арналған шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Адам денсаулығы жанашырларының қызметі қашанда ізгілік пен мейірімге, шынайы адами қарым-қатынасқа негізделген. Денсаулық сақшыларын аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов құттықтап, еселі еңбектерімен көрінген бірқатар медицина қызметкерлеріне Мадақтама қағазын табыс етті.

 

Айта кетелік, 2016 жылдың 12 мамыры мен маусымы аралығында облыс бойынша «Науқас дауысы» акциясы өткені баршаға белгілі. Осы байқауда бақ сынаған аудандық аурухананың ардагер эндокринолог-дәрігері Нәсіп Нүркенова байқау жеңімпазы атанған-ды. Бұл да үлкен мәртебе. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатымен» аудандық аурухананың бас дәрігері Әділгерей Ғаббас  марапатталса, партия қатарына жаңадан қабылданғандарға кезегімен билеттері табысталды. Сондай-ақ, аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Сабырова, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық  көмек көрсету кабинетінің меңгерушісі Ағайша Хайырова, жалпы тәжірибе дәрігері Гүлнар Кенжеғалиева, Орда амбулаториялық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері Меңдігүл Есенова және аға медбике Ағила Ғаббасовалар марапатталды. Әрі бірқатар ақ халаттылар кәсіподақ ұйымының атынан сый-сияпатқа ие болды. Қиындығы мол қызмет мамандарының кәсіби мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков,  мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов ізгі лебіздерін білдірді. Бұдан басқа мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Айтқалиев бірқатар медицина қызметкерлерін мараппаттады. Олардың қатарында кәсіби ептіліктерімен қоса, өнерлерімен көрінген Арман Қаһарманов, Мұхтар Жоламанов, Қалдыбек Қожантаевтар бар. Ардагер дәрігерлер Серік Нүркенов пен Әсима Ламашева аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Таңатовтың «Алғыс хатын» иеленді.

Әсерлі өткен кеште 50-ші облыстық жас музыканттар байқауының бас жүлдегері – аудандық саз мектебі хор ұжымының (жет. Самал Рахымжанова) ән шашулары көпшілікке керемет әсер сыйлады. Дәрігерлерге арналған шара соңы «Рахмет сізге, дәрігер!» (сөзі Кәкима Қажипанованікі, сазы Самал Рахымжанованікі) атты алғаш тұсауы кесілген әнмен кеш шымылдығы түсірілді.

Сөзі – шипа, емі – дауа адамға,

Қайраттанса, қарсы тұрар дауылға.

Ауру жолын кесетұғын сіздерсіз,

Көтеріліп шеберліктің шыңына.

Т.ТҰРСЫНТЕГІ.