Жұма күні кеште аудандық мәдениет үйінде мектеп бітіруші түлектерге кәмелеттік аттестаттары тапсырылып, қияға қанат қаққалы тұрған асқақ арман иелеріне арналып сахна төрінен ақ тілектер легі ақтарылды.
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов талапкерлерді атаулы әрі ерекше күнмен құттықтап, болашақтарың жарқын болғай, өңіріміз мақтан тұтарлық, еліміздің ертеңгі білімді азамат пен азаматшасы атаныңдар деген ізгі лебізімен «Ерекше аттестаттың» иегерлері бабажановтық Әдемі Жексенбаева мен мәметовалық Камилия Жұмаеваға куәліктерін өз қолымен табыстады.
Одан әрі кеш төмендегіше жалғасты, яғни, жүргізушілер түлектерді көктегі жұлдыздарға теңеп, сахнаға жұлдыз жорамалдарымен шақырды. Және радиобағдарламаның құрметті қонақтары ретінде қабылдап, М-С.Бабажанов, М.Мәметова атындағы орта мектеп түлектеріне аталмыш білім ұясы директорлары Айгүл Қадымова мен Асылхан Аманғалиевтер ұстаздық игі тілектерін айтып, олар үшін дайындалған шараның әсерлі шығуына барынша атсалысты. Әдемі Жексенбаева мен Камилия Жұмаева құрбы-құрдастарына деген ыстық ықыластарын білдірсе, түлектер қосыла ән шырқап, сазды сәлемдерін де арнады. Келісті кеш соңы мәдениет үйі алаңқайындағы «Мектеп вальсіне» ұласты.
Иә, толқыған кішкене жүректер өздерін білім нәрімен сусындатқан, балалықтың бал күндері өткен ұяларына қимастықпен қол бұлғады. Екінші аналарындай болып кеткен ұстаздарына ақжарма көңілден алғыстарын жаудырды. Толқыны асау тірлікке аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын көрген ата-ана қобалжығаннан көздеріне жас алды. Барлығында да бір тілек. Тағдырдың сындарлы сағаттары ешқашан жүздеріңді мұңайтпасын, әрдайым тек мерейлерің үстем болсын!
Сәт сапар, көкке қанат қаққалы отырған көгершіндер!
Г.БАДЕЛОВА.