21.06.2016, 20:05
Қараулар: 244
Биікке самғаңдар, бойжеткендер!

Биікке самғаңдар, бойжеткендер!

р-467Өткен жұма күні аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов  биылғы  ҰБТ-дан жоғары балл жинаған бегалиевалық Шұғыла Рабқатова, сағырбаевтық қос шәкірт Наргиза Ерес, Айнара Мейірбек, мәметовалық Камилия Жұмаева және бабажановтық Әдемі Жексенбаеваларды қабылдады.

 

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен басқосуға мектеп директорлары, түлектердің ата-аналары мен аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Е.Таңатов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков және бірқатар сала басшылары  қатысып, ізгі лебіздерін білдірді.

Нұрлан Сағынтайұлы түлектерді үлкен өмірге қадам басар сәттерімен құттықтап, қалаған мамандық иесі атанып, әркез жүздері жарқын болуын тіледі.  Әрі аудан мақтанышы болған бойжеткендерімізге «Ерекше аттестатты» табыс етіп, олардың ата-аналарын «Алғыс хатпен» марапаттады. Өз кезегінде топ жарған елік-қыздар аудан басшысына алғыс сезімін жеткізді. Әсерлі кездесу соңында шараға қатысушылар естелік суретке түсті.

Өмір жолы қашанда күрделі. Лариса Тельманқызы айтқандай, алдарыңдағы тағдыр соқпақтарына мойымай, маңдай терлерің сіңіп оқыған білімдерің сендерді биік шыңға көтерсін, қадірлі түлектер!

Г.ТҰРСЫНТЕГІ.