6.09.2016, 12:06
Қараулар: 299
Иманы ұйыған әулет

Иманы ұйыған әулет

SAMSUNG CAMERA PICTURESКішкене бойлы, көз әйнегінен жанары үлкейіп көрінетін әжей әлі есімде. Құрбымның үйіне барғанда жиі кездесетінмін. Кіріп-шығып жүретіні бала көңілімде қалып қойған. Сол кезде кейуананың жасы да біразға келген-ді.  2006 жылы қайтпас сапарға аттаныпты. Жүз жасқа келіп…

Сол кейуана қолынан құманы түспей, бес уақыт намазын қаза қылмады  деседі. Ол 1906 жылы Жәрмеңке елді мекенінде туылған. Әкесі Қожа Қалиев молда әрі қатты аруақты жан екен. Мектеп есігін ашпағанымен, туған ағасы Кәкімнен діни оқуды үйренген. Жастай қара жұмыс істеп шыңдалған ол жер, құдық қазған, тас соққан, масақ теру сынды жұмыстар істеген. Ол кісінің текемет оюлайтын, қақпа алаша тоқитын өнері де болған, киіз де басқан. Кейіннен Аманғали Досқалиев есімді азаматпен тұрмыс құрып, үш қызды дүниеге әкеледі. Екеуі жастай шетінеп, бір тал гүлі – Мәстура апайға ғана жарық дүние қызығын көру бұйырыпты. Отыз жасында намазға жығылған әже өмірінің соңына дейін Аллаға құлшылық етумен өткен.

Тірліктің бұралаң жолы қызы Мәстура апайдың да бұғанасын ерте қатайтқан. Әкесі Аманғали 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943 жылы «Сталинград майданында оққа ұшты» деген қарақағаз келген.

– Анам көп сөзге жоқ адам еді. Алласын аузынан тастаған жоқ. Намазын  да қаза қылмайтын. Кәріліктен қалжырап, тұруға халі болмаған кезде де, алақанын жайып, құран оқып жататын. Әрі өте еңбекқор-ды. Әжесіне еліктеп, жиенім Мейірбек те жетінші сыныптан ауыз бекітті. Бүгінде ол да намаз оқиды. Тағы бір есімде қалғаны жаз айларында күн ыстық болғандықтан сыртқа жататынбыз. Кәдімгі қара жерге төсек салып, ұйықтаймыз. Сонда анам жарықтық: «Биссмиллаһ» деп жатар орнымызды шеңберлеп сызып: «Енді бұл жерге шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа сынды жәндіктерден ештеңе жоламайды»,-дейтін. Көп қиындық кешіп, өмірдің рахатын көре алмады. Негізі анамның анасы, яғни, нағашы әжем 12 құрсақ көтерген. Алты ұл, алты қызға жарық дүние сыйлағанымен, олар ертерек өмірден өтіп, тек менің анам мен оның Мархаба атты сіңлісі ғана тірі қалған. Ол кісі де аузынан Алласы түспей, сексеннің сеңгіріне шығып қайтты. Нағашы әжем 98 жасында бақиға аттанды, — дейді Мәстура апай әңгіме арасында.

Иманын әлсіретпей өткен кейіпкеріміздің анасы Әспет әже: «Дәрет алып, тамақтың бетін жауып жүріңдер» деген сөзді айтудан жаңылмапты. Мәстура апай сол тағылымды бойына сіңірген жан. Анасы ұлғайған шақта өзі де намазға жығылады. Қазір оған да он жылдай уақыт болыпты.  Сондай-ақ, ол зейнеткерлікке шыққанға дейін Жәнібек ауданының «Свердлов», өзіміздің Мұратсай ауылдарында сатушы болып, абыройлы қызмет етті.  Отағасы Мүташ ертерек өмірден өтіпті.  Апамыз бүгінде қыз-күйеуі Гүлнар мен Ақылбектің  қолында тұрады. Олардан жиен, жиеншарлар өсіп жатыр. Мұратбегі де осы ауылда. Отбасылы. Ұлдары азамат болып, қыздары бой түзеді. Кенжесі Маралбек 1993 жылы Орал қаласында кездейсоқ жағдайдан ерте көз жұмды. Алмагүлі Орал қаласында. Отбасылы. Одан бір қыз, бір ұл өрбіген. Бүгінде Мәстура апаға жиеншар сыйлап отыр. Әсіресе, жиені Мейірбек Бұхаров (Ақылбек пен Гүлнардың ұлы) Мұратсай ауылынан тіс емханасын ашып, халықтың ілтипатына бөленіп жүр. Оның епті қолынан ем алған мұратсайлықтар ғана емес, жалпы, аудан халқы да ризалықтарын білдіруде.

Ең бастысы, бұл шаңырақта имандылық қағидаттарын айтатын ақжаулықты ана бар. Осы бір жақсылықтың нұры шалқыған ортадан тек бақыттың бәйшешек-үміттері үзілмегей.

 

Г. ТҰРСЫНТЕГІ.

Мұратсай ауылы.