6.09.2016, 15:23
Қараулар: 306
Сұлулық һәм массаж салоны

Сұлулық һәм массаж салоны

Денсаулықты күтіп, нығайтудағы ежелден танымал тәсілдердің  бірі – массаж (уқалау). Бұрын бұл қызмет түрін тек медициналық мекеме мамандары ғана жасап келсе, бүгінде оны массаж, сұлулық салондары, студиялар мен фитнес орталықтары  көрсете алады.

Осындай массаж SPA салоны мен әйелдерге арналған сұлулық салоны аудан орталығында да ашылды. Салтанатқа жиналғандар алдында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов құттықтау сөз сөйлеп, оның иелерінің ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Радик Ғұмаров та ізгі лебізін білдіріп, тарту-таралғысын ұсынса, көпшілікке қасиетімен қастерлі қария Жұмағай Сертеков ақ батасын берді.

Өз кезегінде массажист Анаргүл Дәулетова «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы негізінде несиеге қол жеткізіп, ісін ашуға жәрдемдескен кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен қуанышына ортақтаса келгендердің баршасына алғысын жаудырса, оны өз қаржысына сұлулық салонын ашып жатқан Гауһар Сатыбалдиева да қолдады.

Жақсылыққа жиылған жамағатты ішке бастаған кәсіпкерлер құрылғылармен таныстырып, көрсетілетін қызмет құнынан хабардар етті. Массаж бөлмесіндегі арнайы құрылғымен жабдықталған кереует Волгоград қаласынан әкелініпті. Оның қызмет құны – 2000 теңге. «Зейнеткерлерге жарты қақына, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін. Қолмен жасалатын массаж үшін клиенттердің бергенін аламын»,- деген салон иесі Анар Сатуқызы алғашқы қос клиенті Айтқаным Тасқалиева мен Мәншүк Темешеваға ақысыз қызмет көрсетті.  Ал, Гауһар Нұрланқызы макияждың, тырнақ бояудың қай-қай түрі де 2000 теңгеге, шаш  қиюдың 700-ге шығатынын, көрсетілетін өзге қызмет түрлеріне әлі түгелдей баға қойып үлгермегендігін айтты.

Иә, бұл да ауылдастарымыздың кәсіпкерлік саласындағы өзіндік бағыты, тың серпілісі емес пе?! Тұрақты клиенттеріңіздің қатары көбейіп, табыстарыңыз молая түссін дейміз біз де оларға.

Г.БАДЕЛОВА.