5.10.2016, 16:02
Қараулар: 334
Билік. Қоғам. Орындаушы

Билік. Қоғам. Орындаушы

Облыстық соттың судьясы Е.Н.Боранбаевпен аудандық сот ғимаратында жүздестік. Бума-бума қағаздарды тексеріп отырған азаматтық-әкімшілік істер коллегиясының судьясы Есенбай Нұрлыбайұлы сот жұмысының жариялылығын қамтамасыз ету оның судья-координатор ретіндегі міндеті екендігіне баса назар аударды.

 

–Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот жұмысының ашықтығын атап көрсеткен-ді. Жалпы, сол құжатта біздерге қатысты біраз жайлар сөз болды,-деп бастады сөзін құрметті мейман. – Бүгінгі сапарымызда осы жайдың ауданыңызда орындалуын да тексермекпіз. Сонымен қатар облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Маханбет Бақтығұлов пен облыстық соттың талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы Ринат Әділгерей де аудандық соттағы әріптестерімізге тәжірибелік көмек көрсетпек. Негізгі мақсатымыз – Қазақстан Республикасы судьяларының  ҮІІ съезді алдында онда қаралатын судьялар әдебі жөніндегі жаңа редакциядағы жобаны түсіндіру, талқылау және шалғай аймақтардағы жағдайды бағамдау.

 

Тексеріс нені байқатты?

– Бұл жөнінде қылмыстық істер судьясы Махамбет Сапарұлы баян етсін,- деп әріптесіне сөз кезегін берді.

-Қылмыстық істерді қарап отырып, аудандық судьялардың жауапкершілігіне риза болып отырған жайым бар, — деді облыстық апелляциялық алқаның мүшесі. -Алайда, дұрыстауға әлі де кеш емес кей олқылықтар да орын алуда.

 

– Сот саласында нендей өзгерістер орын алып жатыр?

– Жоғарыда айтқан «100 нақты қадамның» «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша біраз жайлар қолға алынды,-деп сөзін жалғады Е.Боранбаев.- Мәселен, биыл еліміз 5 сатылы сот жүйесінен 3 сатылыға көшіп, істі қарау мерзімі қысқартылды. Әрі сот залдары аудио-бейне жазба жүйелерімен қамтылды. Бұл жаңашылдықтар судьяның дұрыс шешім қабылдауына әрі тараптардың наразылығын тудырмауына өз септігін тигізуде және хатшылар қызметін де жеңілдетті. Ондай жүйемен осы ғимарат та қамтылған. Кадр мәселесінде де өзгерістер бар. Кезінде доғарысқа шыққан судьялардың қызмет етуіне болмайтын-ды. Ол шектеу алынып тасталды, яғни, олар енді бюджеттік емес салада қызмет ете алады. Жастарға тіптен жол ашылды. Сот академиясын тамамдаған заң қызметкерлеріне судья атану жеңілдеді десек қателеспейміз. Сондықтан білімді жетілдірген жөн. Бірнеше жылдық еңбек өтілі бар азаматтар да уақытында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Судьяларға да «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдіруге мүмкіндік берілген. Биыл облысымыздан бір судья шетелде білімін шыңдап, тәжірибе алмасады.

Заң ғылымдарының докторы Салық Зиманов 2008 жылы ұсынған билер төрелігінің де медиация атауымен жүзеге аса бастағанына бесінші жыл. Дауды сыртқа шығармай, өз ішінде талқылап, үлкендер ақылына жүгінген бабалар жолы біздің елдігімізді нығайтады деп ойлаймын. Тарихқа көз салсақ, Жәңгір ханның 12 биі болған деседі. Шетелдік өркениеттегі «суд присяжных» дегеніміз де сайып келгенде сол билерімізден асып түспесі анық. Сондықтан менталитетімізге  сай заң органдарына емес, алдымен данагөйлер алдына барған абзал. Әрине, судьялар келген әр адамның талап-өтінішін қарайды, заңға сүйене отырып, арызда көрсетілген талап шеңберінде шешім шығарады. Ал, қазіргі заман билері, яғни, медиаторлар мәселені жан-жақты, адамгершілік тұрғыдан екі жақтың бір-біріне кешіріммен қарап, бітімге келулеріне жәрдемдеседі. Медиация тәртібімен тараптар татуласса, ол сотта бекітіледі, мемлекеттік баж төленбейді. Реті келген соң айта кетейін, билер төрелігі хақында «Қазақтың ата заңдары» атты он томдықта кеңінен жазылған.

Жалпы, заң үстемдігін қамтамасыз ету тек сот органының қолынан келмесі анық, ол жүзеге асу үшін билік, қоғам және орындаушы мекемелер арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс. Бұл тұсты да назардан тыс қалдырмай, келген бойымызда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, прокурор Нартай Байменов, ішкі істер бөлімі басшысы Абай Алдабергеновпен жүздесіп, ауданның ахуалынан хабардар болдық.

– Сұхбатыңызға рахмет. Сапарыңыз оң болсын!

Сұхбатты жүргізген Раушан БАҚЫТОВА.