5.10.2016, 17:55
Қараулар: 293
Жаңа әкіммен алғашқы сапар

Жаңа әкіммен алғашқы сапар

%d0%b3-452-1Хан ордасы ауылына іссапарымыз округтің жаңа сайланған әкімі Медет Сейсеновтың елді мекендерді (бұрынғы бөлімше орталықтарын) аралауымен тұспа-тұс келіп, ауылдық әкімдік қызметкерлері Бауыржан Жұмағалиев, Аманғали Төлешев және Мұхтар Дәулетовтермен бірге құм өңірінде болып қайттық.

 

Округтегі ең жоғары лауазымға жаңадан ие болған Медет Исаұлын бұрын сырттай білсек, ауыл әкімі аппаратының бас маманы қызметіне тағайындалғалы бері жүздесіп те жүрміз. Оның ең алдымен көзге түсетін қасиеті сабырлылығы. Осы қалпынан жазбағанын ол тұрғындармен кездесуде де айқын аңғартты. Жиындарды өзі ашып, 25 тамызда оздырылған баламалы сайлауда округ әкіміне  сайланғанын, осы өңірде туып-өсіп, еңбекке араласқандықтан халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы білетінін, қолынан келгенінше қызмет етуге әзір екендігін айта келіп, қордаланып қалған мәселелерді ақылдаса отырып, бірлесе шешу үшін ашық әңгімеге шақырды. Жерлестері құп алды. Алдымен М.Сейсеновты лауазымдық қызметке тұруымен құттықтап, еңбегіне табыс тіледі. Түйткілді жайларды ортаға салды. Ауылнайлар қарасулық Ғани Оразгелдиев, үштеректік Мыңжасар Темірболатов, сейітқалилық Жақсыбай Қуанғалиевтер ілесе жүріп, бастауыш мектеп пен шағын орталықтың, медпункттің, кітапхананың жай-жапсарымен таныстырды.

Қарасулықтар іргетасының бұрыштары мүжіліп түсе бастаған клубтарын жөндеу, қоршау қажеттігін, ауылдағы 45 отбасының 16-сына ғана көгілдір отын кіргізіліп, кейін сол жұмыстың тоқтап қалғанын, ақшасын төлегендердің өзіне құбыр тартылмағанын (мектеп пен медпунктте де табиғи газ жоқ), ауыз судың тасымал екенін жеткізді. Үштеректе де құдық сулары тартылып, ащи бастапты. Сондай-ақ ондағылар ауылды құм басып бара жатқанына алаңдаулы. Толық жобаламаудың салдарынан газ құбыры үйі маңынан өте шыққан Қуан Тоқсанов әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай жүрсе, кеңес дәуіріндегі орденді тракторшы марқұм Ғани Сұлтановтың жесірі бұл күнде балалары жан-жаққа кетіп өзі ғана қалған Нәсіпханым апаның газ тарттыруға қаржысы жетпей отырған көрінеді. Баспанасы да тозып тұр.

Сейітқалилықтар құм көшкінін тоқтатқан орманшыларға да, қаржы көзін тапқан биліктегілерге де риза. Отыздың үстінде үй, жиырманың үстінде шаруа қожалығы бар елді мекенде ешқандай дүкен жоқ. Мектеп, шағын орталық, кітапхана, медпункт бар. Біз барған шақта барлық елді мекендердегі бастауыш мектеп меңгерушілері қалада пысықтау курстарына кетіпті. Дегенмен тілдескен адамдарымыз бұл салалардың жұмысына жылы лебіздерін білдірді. Тек сейітқалилықтар ғана өздеріндегі фельдшердің жиі кетіп қалатынын айтып, «Бізге тұрақты маман керек» десті.

–Ертеректе «сымсыз телефон» деген басқа ұғымды білдіруші еді. Қазір тура мағынасында, яғни, ұялы телефон кезкелгеннің қолында. Тек бізде соның байланысы нашар. Облыстық мәслихат депутаты сайланарда «Билайн» жүйесінің қабылдағышын орнаттыруға уәде берген. Соның тезірек орындалуына сіздер де ықпал етсеңіздер,-деген зейнеткер Бақтыгерей Құлбаев ауылда бұралқы иттердің қаптап кеткенін, округ орталығымен қатынастың нашарлығын да жасырмады.

Сөйлеушілер пікірін әкімдіктің бас маманы қағазға түсіріп, хаттап отырса, округ әкімі сол пікірлердің жерде қалмайтынын, кезекке қойып рет-ретімен шешуге тырысатынынан хабардар етті.

Жаңа әкімнің қызметіне біз де табыс тіледік.

К.ҒАЙСИН.

Суретті түсірген Д.Жасқайратұлы.