8.11.2016, 12:15
Қараулар: 211
Есімін өзгерткен есерсоқ…

Есімін өзгерткен есерсоқ…

%d0%b0-199Азаматтардың арыздары мен хабарламаларын тіркеп, есепке алудың маңызы зор. Өйткені, әрбір құқық бұзушылық туралы дер кезіндегі ақпарат оны тоқтатуға немесе жол бермеу бағытында шара алуға мүмкіндік береді. Қылмыстық қудалау органдарына арызданғанда міндетті түрде арнайы жасақталған бланкілерге мән-жайды толықтай баяндап, бірегей нөмірлі талонды алу қажет. Аталған талонның сол нөмір бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сайты (http://service.pravstat.kz) арқылы немесе 1012 (SMS-сервисі), 1414 және 8-800-080-7777 тегін сенім телефон нөмірлері арқылы өтініштің қаралу барысы мен нәтижелері туралы ақпаратты білуге болады.

Прокуратура органдары азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сонымен қатар жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметіне жоғарғы қадағалауды жүзеге асырады.

Егер жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары арызыңызды немқұрайлы қабылдап, не тіптен қабылдамай қойса, мідетті түрде аудандық прокуратураға келіп шағымданыңыз немесе 21-2-68, +7 (771) 774 47 70 сенім телефондарына хабарласыңыз. Тек жалған ақпарат бермеңіз.

Сайқын ауылдық округінің Сейтәлі елді мекенінің тұрғыны Р.Шаяхметов мас күйінде аудандық ішкі істер бөлімі кезекшісінің «102» жедел байланыс телефонына өзінің жеке нөмірінен қоңырау шалған. Өзін «Бөкенов Тайыр» деп жалған таныстырып, Сейтәлі елді мекенінің маңында «Митцубиси» және «Нива» автокөліктерімен белгісіз біреулер аңшылықпен айналасып жүргенін жеткізеді. Сол мәлімет бойынша, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аймақты толықтай тексеріп, қоңырау шалған азаматты да, оның жалған хабарлағанын да анықтады.

ҚР ҚК-нің 419-бабының 2-бөлімдері бойынша іс (№162754031000028) көтеріліп, тергеу ретімен аудандық сотқа жолданды. Соттың үкімімен есімін өзгерткен Р.Шаяхметовке бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Жергілікті атқарушы немесе құқық қорғау органдарына хабарламалар немесе арыздар қалдырғанда әрбір мән-жай бойынша нақты баяндауыңызды және көрінеу жалған хабарлама қалдырмауыңызды ескертеміз. Жаза басқанның жазасы дайын.

Нұрат САМАТОВ,

аудандық прокуратураның

прокуроры.