8.11.2016, 15:09
Қараулар: 382
Бибінұр вице-мисс атанды

Бибінұр вице-мисс атанды

Таяуда Елордада «Prime Vera» сән агенствосының ұйымдастыруымен Astana Music Hall кешенінде өткен «Астана аруы – 2016» байқауында 17 мен 23 жас аралығындағы 200 талапкер бақ сынап, көркі мен сымбаты келіскен 20 бойжеткен финалға жолдама алған-ды.

 

Осынау финалистер арасынан 18 жасар Елнұр Нұрсейітова «Елорданың ең сұлу аруы» деп танылды. Ал, І вице-мисс атағы Бегайым Жорабековаға бұйырып, ІІ вице-мисс Екатерина Подгородецкая иеленді. Солардың арасында жерлесіміз, Астана қаласындағы медициналық университеттің ІІІ курс  студенті Бибінұр Есімова ІІІ вице-мисс атағын жеңіп алды. Ол  Социалистік Еңбек Ері Ескендір ата Есімовтің шөбересі екенін айта кетелік.

Жерлесіміздің жеңісін көпшілікке жеткізу мақсатында Бибінұр Нұржанқызының қуанышына ортақтасып, ұялы байланыс арқылы бірер сауал қойған едік.

–Бибінұр, Астананың қақ төрінде көркі мен сымбаты үндескен арулардың арасынан жүлдегер атануың құтты болсын!

–Рахмет!

–Жалпы, бұл  байқауда жеңіс тұғырынан көрінем деген сенім болды ма?

–Әрине, алдыңғы лектен көрінетініме сендім. Себебі, бала кезімнен менің жандүнием өнермен үндескен, шығармашылыққа жақын. Алғашқы бөлімде талапкерлер өздерін таныстырса, екінші бөлімде сахнаға  ұлттық киім киіп шықтық. Үшінші турда әр арудың жан-жақты қабілет-қарымы, өнері бағаланды. Шара соңында байқауға қатысушылар кешкі сәнді көйлек киіп шығып, көрерменді тәнті етті. Алғаш рет үлкен сынаққа қатысып тұрғандықтан болар, сахнаға бірінші шыққанда ептеп қобалжу сезімін бастан кештім. Алайда, сән байқауы болғандықтан әдемі күлімсіреп, қобалжығанымды білдіртпеуге тырыстым. Ішімнен «Бибінұр, бәрі жақсы болады» деп қайталап тұрдым. Жалпы, осынау жетістігім үшін аяулы ата-анама айтар алғысым шексіз. Олар мені үнемі қолдап отырды.

– Бәрекелді! Өмірде сені не қызықтырады? Хоббиің не?

– Мені бұл өмірде барлық нәрсе қызықтырады. Ойланып қарасақ, бізде мүмкіндік өте мол. Өз идеяларымызды, армандарымызды  іске асыру үшін талмас талап және оның орындалуына сенім керек. Сонда бізде алмас асу болмайды деп ойлаймын. Хоббиім – спорт, видеороликтер түсіру, фотомодель ретінде фотоға түсу.

– Өзіңе кімді идеал санайсың? Қазір қандай кітап оқып жүрсің?

– Ата-анамнан өзге үлгі тұтар адамым жоқ. Бірақ, мені австро-американдық актриса, өнертапқыш Хеди Ламарр деген атпен танылған Хедвиг Ева Мария Кислердей өте танымал, дарынды әйелдің өмірі қызықтырады. Ал, ата-анама келетін болсақ, олар маған бұл өмірде адал және заманға лайық тірлік легіне ілесуді үйретті. Еңбек етуді, болмашы кедергіге бола мақсатыңнан қол үзбеу керектігін ұғындырды. Сондықтан тек алға батыл қадам басамын.

Қазіргі уақытта мен «Бойцовский клуб» атты Чак Паланниктің кітабын оқи бастадым. Осыдан төрт жыл бұрын киносын көрген едім. Қызықты, психологиялық туынды. Айтпақшы, менің қуанышымды бөлісіп жатқандарың үшін сіздерге, барша бөкейліктерге ризашылығымды білдіруді ұмытып барады екенмін ғой.

– Әңгімеңе рахмет! Туған өлкеңнің абыройын асқақтата бер!

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.