8.12.2016, 17:22
Қараулар: 307
Алдыңғы толқын ағалар

Алдыңғы толқын ағалар

%d0%b0-269Еліміздің әр түкпірінде де ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – аудандық демалыс орталығында оздырылған «Еңбек – елдің берекесі» тақырыбындағы кеш. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілген шараға еңбек ардагерлерінің үлкен бір шоғыры (жиырмаға тарта адам), мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысты.

Кеш шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, осы ширек ғасыр шегінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге қол жеткізгеніміз, жерімізді мекендеген этностарды бір отбасындай ұйытып, тату-тәтті өмір кешіп отырғанымыз Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі екенін еске салды. Сондай-ақ, ол осы отырған еңбек ардагерлерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосқанын жеткізіп, жастарды жақсы оқып, мамандық алып, аға ұрпақтың ерлік, еңбек дәстүрін лайықты жалғастыруға үндеді. Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов бастаған ардагерлер жастардың қойған сауалдарына жауап бере отырып, өткен өмір, еңбек жолдарынан сыр тарқатты. Демалыс орталығының өнерпаздары шырқаған әндер де кештің ажарын аша түсті.

А.АҚМУРЗИН.