8.12.2016, 17:45
Қараулар: 410
Шахматшы Шәмшеден Орда топырағының түлегі

Шахматшы Шәмшеден Орда топырағының түлегі

Парсыша «шах» тақсыр, арабша «мат» өлді деген ұғымды білдіретін шахмат ойыны қазіргі жыл санауымыздың бесінші ғасырында алғаш Үндістанда пайда болғанда «Чатуранга» деп аталыпты. Содан бері осынау ақыл-ой жарысы бұқаралық ойынға айналғалы қашан. Осы тұрғыда Қазақстанда шахматтың даму тарихын білмек ниетпен «із кесіп» жүргенімізде, қолымызға кезіндегі Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының доценті, марқұм Мәтжан Тілеужановтың сол уақыттағы шахматтан әлем чемпионы Анатолий Карповтың редакторлығымен шығып тұрған «Шахматное обозрение» журналының 1982 жылғы 21 санында жарияланған мақаласы ілікті. Онда шахматтан республика чемпионы тәжін бір емес, үш рет жеңіп алған жерлесіміз Шәмшиден Мырзағалиевтің өнегелі өмір жолы баяндалған екен. Бүгінгі жас ұрпақты да бұл қызықтырар деген оймен М.Тілеужановтың сол мақаласына басылым бетінен орын беруді жөн көрдік.

 

Ұлы Отан соғысына дейін Оралдағы қазақ мектеп-интернатында ауылдан келген жас бала оқып жүрді. Оның ұстаздарының ішінде әуесқой шахматшы Иван Федорович Левшин деген болды. Ол осы ойынға өзінің шәкірттерін де баулыды. Шәмшеден Мырзағалиев шахмат әліппесін үйрене бастағанда 13 жаста болатын, ал, 1938 жылы 16 жасында республика чемпионы атанды. Ол бұл атақты соғыстан бұрын тағы да екі рет жеңіп алды. Осылайша Қазақстандағы ең күшті шахматшы болған Ш.Мырзағалиев жеңіліске ұшырамай кетті. Және тек шахматта ғана емес, Шәмшеден майданда да ерлікпен соғысып, қаза тапты. Жас шахматшы туралы қолда бар дерек мардымсыз. Сондықтан архивтерді, ескі газеттерді ақтаруға тура келді. Іздеу жұмыстарымен республиканың бұрынғы шахматшылары да айналысты. Олардың ішінде Қазақстанның тұңғыш чемпионы, біздің жерлесіміз, инженер-экономист И.П.Лопатников, сол кездегі ересектер арасындағы чемпион, оралдық Анатолий Сафронов та бар. Газет материалдары арқылы 1935-1937 жылдардағы турнирге қатысушылардың көбінің аты-жөнін анықтадық. Олардың ішінде Шәмшеденнің тұңғыш ұстазының да есімі кездесті.

Біз сол турнирлерді көрген адамдарды іздестіріп, тауып, қазақтан шыққан тұңғыш чемпионды еске түсіруін өтіндік. Сонымен, Ш.Мырзағалиев деген кім? Оның өмірбаяны қысқа. 1922 жылы Орда ауылына жақын елді мекенде  дүниеге келеді. 1932 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін анасымен Чапаев ауданының «Еңбек» совхозына көшіп барады. 1934 жылы бастауыш мектепті бітіргеннен кейін №4 қазақ орта мектеп-интернатына қабылданады. Осында кәмелеттік аттестат та алады. 1940 жылдың қазан айында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Соғыс басталғанға дейін кіші комсостав даярлайтын курста оқып, 1941 жылдың 22 маусымында майданға кіреді. 1944 жылы қаза табады.

Менің алдымда «Приуральская правда» газетінің 1939 жылғы 16 қарашадағы саны жатыр. Одан Шәмшеден туралы мына жолдарды оқи аламыз: «…жас та болса, осы талантты шахматшы өзіне үлкен көңіл аудартады. 1934 жылы Орал қаласына оқуға келгенде ол шахмат ойынынан мүлде хабарсыз болатын. 1935 жылы шахматпен жаңа ғана айналыса бастап, 1938 жылы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды және бүкілодақтық бірінші категориялы шахматшы дәрежесіне ие болды. Жылдам өсіп келе жатқан Ш.Мырзағалиевтің шахмат шеберлігіне жетуге де перспективасы сенімді». Шәмшеденнің табыстары туралы «Казахстанская правда», «Ленинская смена» және бүкілодақтық шахмат-шашка «64» газеттері де жазды. Сыныптас жолдастары Ш.Мырзағалиев шахматпен ерекше ынтамен шұғылданды, мүмкін болған турнирлердің барлығына да қатынасып, бірнеше дүркін Орал облысының чемпионы болды деп еске алады. Теориямен айналысып, А.Алехиннің, М.Эйвенің, Э.М.Ласкердің, М.Ботвинниктің партияларын талдады. Оның есте сақтау қабілеті таңғаларлық еді. А.Андерсеннің, В.Стейнептің, М.Чигориннің көптеген партияларын жатқа білді. Дебюттерді жақсы айыра алатын, көз жұмып ойнауды сүйді. Көбіне өзіне тең келетін ойыншыларды іздеді.

Республиканың алтыншы чемпионаты 1940 жылдың тамызында Алматыда ұйымдастырылды. Шәмшеден жаңа ғана орта мектепті аяқтаған еді. Сонда да жаз бойғы демалысында ешқайда бармай, алда болатын турнирге даярланды. Алматыға әр облыстардан сол кездегі шахматшылар Витюков (Қарағанды), Сухоруков (Семей), Реут (Алматы) және басқалары келді. Жарыс өте қызу өтіп жатты. Лидерлік қолдан-қолға көшіп тұрды. Шешуші партияда Шәмшеденге тең ойын дегенді білмейтін алматылық Дубровскиймен ойнауға тура келді. 33 жүрістен кейін партия мынадай жағдайда болды:

Ақ жағының аз-маз уақыты жетпеді және Дубровский мінезінің қызуқандылығы әсер етті. Ол 34. Кд 6 жүрісін жасады. Одан әрі 34.. С:д6. 35 ед Л:е3 жүрісімен пешка ұтты. 38К.в5. Ф:в5 қара жағының бұл жүрісі аққа қарсы құрылған қақпан деп есептелді. Ақ жағы ұтылған пешкасын қайтарған сияқты болды. 37.ф.а6? Ақ жағы қақпанға түсіп қалды. 37. Лс шах! 38. Крһ2 Фе5 шах Дубровский жеңілгендігін мойындап, бірінші болып өзінің қарсыласын чемпиондық тәжбен құттықтады.

Бұл чемпионатта Ш.Мырзағалиевті жеңіске жеткізген ойын өрнегі оның ақырғы жүрісі болатынын ол кезде ешкім сезген жоқ. Әрі олар республиканың келесі чемпионаты жеті жылдан кейін ғана өтетіндігін білмеген еді. Алтыншы чемпионатқа қатысқан он бес адамның жетіншіге тек қана біреуі келді. Өзгелерін тағдыр жан-жаққа шашыратты. Көбісі соғыста қаза тапты. Біздің жерлесіміз Ш.Мырзағалиев шахматшы ретінде толық жетіліп үлгірмеді, өкінішті-ақ. Оның ойынынан сақталған партиялар да өте аз. Дарынды шахматшының хат арқылы ойнағаны туралы да мәліметтер бар.

Басылымға әзірлеген А.ЖҮНІСОВ.