8.12.2016, 17:54
Қараулар: 369
Шаруашылықта шыңдалған Шымырхан

Шаруашылықта шыңдалған Шымырхан

%d1%88%d1%8b%d0%bc%d1%8b%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d1%82%d0%b5%d0%bc%d0%b8%d1%80%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%be%d0%b2-%d0%b3-541–Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жиен ақаң Шымырхан жетпіске толады ғой. Бұрын бөлімше басқарған адам, оның үстіне ауданның құрметті азаматы. Ұмыт қалдырмай, газеттің бір бұрышына іліктіріп жібергенің жөн сияқты,- деп телефон шалды сыныптас досым Есенболат Өтегенов. Шымырханның туыстығы өз алдына, орта мектептен соң «Орда» совхозының №2 бөлімшесінде еңбекке араласқанымда қасына ертіп, жұмысқа баулыған тәлімгерім ғой.

Пішен  бригадасының  құрамында  шөп дайындауда жүрген жерімнен бөлімше меңгерушісі Ғазез Омашев шақыртып алып, веттехниктер Жасұлан Арыстахов пен Шымырхан Темірболатовтың қасына қосты да: «Олар малдан қан алады, сенің міндетің – малдың сырғасын жазып, жоғына сырға салып, есебін жүргізу. Бүгіннен бастап учетчик-животноводсың»,- деді.

Үшеуміз үш атпен қоржынды сөмкелерді өңгеріп алып, малшы ауылдарды аралап кеттік. Ол кезде бөлімше территориясы өте кең. Кейіннен «Мұратсай» совхозына берілген Тайғара аумағы мен «Айбас» бөгетінің арғы беті, құм өңірі және бар. Мал да жыртылып-айырылады. Управтың (бөлімше меңгерушісінің) машинасы күнара келіп, жиналған қанды алып кетеді. Түске дейін бір, түс қайта екінші табынды бітіруіміз шарт. Келесі ауылдың малын ерте қамату үшін іңірлетіп сол ауылға барып жатамыз. «Жастау кез, жел алдан» дегендей, еркелеу бозбала шағымыз емес пе, атқа қонғаннан кейін «келемін құм ішінде түнделетіп (қырда жүргенде – айдалатып)» деп әнге басамын. Қос ағам «әп бәрекелділеп» дем беріп, әзіл-оспақпен діттеген жерімізге қалай тез жеткенімізге таң қалушы едік. Мал шаруашылығының әліппесімен бұрыннан таныс болсам да, осы екі ағадан көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, малшылармен амандық-саулық сұрасулары бөлек-ті. Алдыңғы келгенде тұмауратып жүрген балаларының, ақсап қалған малының қазіргі жайына шейін тәтпіштеп біліп алатын. Көңіл-күйлерін бір-екі қалжыңмен шайдай ашып, демде ұйымдастыру жұмыстарын бастап кететін. Сондықтан да олар малды ауылдың әркез асыға күтіп отыратын қадірлі қонақтарының тізімінде тұратын. Осы жайлы, кішіпейіл, ақ көңіл мінезінен Шымырхан Шүкірұлы бөлімше меңгерушісі, ауылнай болып тұрған шағында да жаңылмады.

Шымақаң 1946 жылдың желтоқсанында  бұрынғы  Орда ауданына  қарасты Торғай ауылдық кеңесінің (№67 жылқы зауыты) «Қорын» деген жерінде жылқышы отбасында дүниеге келіпті. Жасқа толып, тәй-тәй жүре бастаған шағында бұл өңірлерге әскерилер келіп қоныстана бастайды. 1948 жылы дүркіреп тұрған жылқы зауыты таратылып, табындар №88 түйе зауытына, Фурманов ауданының №28 (Талдыапан), №51 («Пятимар») жылқы зауыттарына бөлініп беріледі. Аға жылқышы Шүкір Темірболатовтың бригадасы түйе зауытына қосылады. Күш алған әскери-сынақ полигонына ауқымды жер керек болып, ақыры Орда ауданы таратылады. 1953 жылғы көшуде Темірболатовтар Жайықтың арғы жағынан, Жымпиты ауданының №117 жылқы зауытынан бір-ақ шығады. Тың игеруге байланысты 1954 жылы осы арадан «Правда» совхозы отау тігіп, директорлығына Шубин, бас зоотехник болып ордалық Сади Қабышев тағайындалған.

–Бірінші сыныпты аяқтап, жазғы каникулға шыққан мені ілестірген әкем Чапай, Первомай, Бітік, «Ұзын Иван» сынды елді мекендерде отырған Ордадан көшіп барған туыстарды аралап, Фурманов ауданының «Фурманов» совхозына тоқтадық,-деп еске алады Шәкең бұл күнде. – Директор Селькин бейтаныс адам болғанымен, аға зоотехнигі Сергей Герштанский бұрынғы №67 жылқы зауытының бас зоотехнигі әкеммен әуелден таныс екен. «Шөке, осында кел. №3 бөлімшеден жұмыс тауып беремін»,- деп қолқа салды. Сөйтіп, дәм айдап сонда келдік. Туған жерге біртабан жақындай түстік.

Қазақ үшін туған жердің орны ерекше. Өзге елде сұлтан болғанша, өз жерінде ұлтан болуды қалайтын олар «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне тартады» деп те мақалдайды. 1957 жылдың 1 сәуірінде «Орда» совхозының (орталығы Бисен ауылы) құрылғанын естігенде Шүкір жездеміздің бойында осы тартылыс күші тағы қылаң беріпті. Осылайша, 1958 жылы Алғайдан пойызға отырып, Жәнібек арқылы Бисенге келеді. Совхоз директоры Әбіш Менеев аға шебер етіп жұмысқа қабылдап, Бисен ауылына орнығып қалады. Осындағы Нариман жетіжылдық мектебінде сабағын жалғастырған Шымырхан 7 сыныпты аяқтарда білім ордасы сегізжылдыққа, сегізді бітірерде Бисен Жәнекешев атындағы онбіржылдық мектепке айналады. Әрі оның сыныптастары осы алтын ұяның алғашқы түлектері (1966 ж.) саналады.

1968 жылы Орал ауылшаруашылық техникумының мал дәрігерлік бөлімін тамамдап, жолдамамен Жәнібек ауданына келген жас маманды сол кездегі ауыл шаруашылығы бөлімі бастығы Жексен Бекенов «Орда» совхозы №2 бөлімшесіне жіберіпті. Бөлімше меңгерушісі Ғазез Омашев, цехтың партия ұйымының хатшысы Махмет Қапезов, зоотехник Төлепқали Ғұмаров, мал дәрігерлері Нәсіпқали Жұмағалиев, Жасұлан Арыстахов, есепшілер Әбілхайыр Біләлиев, Әбутай Түсіпқалиев, трактор бригадасын басқарған Аманжол Тоқсанов, Қабылхан Биарыстанов, Болат Қуанышқалиев, учетчик Жауылбай Ізтелеуов, қоймашы Хамза Ғұмаров, бәрі-бәрі оның есінде. «Мұратсай» совхозы құрылған 1975 жылға дейін бөлімшедегі 17 табын сиырды, 24 отар қойды, бір үйір жұмыс аттарын қай қыстақта, кімдер баққанына шейін тәптіштеп айтып береді. Ана бір жылы Орда ауданының қайта жасақталуына негіз болған «Орда» совхозының құрылуының 50 жылдығына орай материал дайындаған музей қызметкерлеріне Шымырхан Шүкірұлы аға малшы, аға шопандардың, шофер-тракторшылардың бірін қалдырмастан жаздыртқан көрінеді.

–Бәрі бірдей озат болмаған шығар,-десе:

–Жоспар-тапсырманы орындамай қалған ешқайсысы жоқ. Сондықтан бөліп-жаруға болмайды,-депті. Осы жайды маған да құлаққағыс жасағаны бар.

–Шет жағасын өзің де көре қалдың ғой. Қоғам малын аман сақтап, өз төлі есебінен өсіру үшін бөлімшедегілердің қай-қайсысы да маңдай терлерін сыпыра еңбектенді емес пе?! Тізбектеліп келетін науқандық жұмыстарға ауылдың бала-шағасына дейін жұмылдырылатын. Және де ешқайсысы бас тартпайтын. Сондықтан да бөлімшеміз үнемі алдыңғы саптан көрініп, үздіктеріміз орден-медальмен марапатталды. Заман өзгерді, саясат басқа дегенмен жастарды аға ұрпақ ісін дәріптеуге, еңбек эстафетасын жалғастыруға үйретуге тиіспіз. 48 жыл осы ұжымда қызмет жасағандықтан мұндағы әулеттің жай-жапсарын жақсы білемін. Үлкендердің көбі дүниеден өткен. Ұрпақтары шаңырағын ұстап, атакәсіпті жалғастырып келеді. Әрқайсысы  жеке шаруаларын күйіттеп кеткендіктен, әзірге ірі қожалықтар қатарына қосылғандары санаулы. Әке-аталарындай бір ұжымға қосылып, әр жерлерде бой көрсетіп жатқан ауылдық кооперативтер құрса,-деген ойын жеткізген.

Осылайша әңгімелеген Шымақаң бақташылар Ерсайын Шыңғалиев, Әшекен Түменов, Өтеген Бисекеев, Сатқан Өталиев, Рахмет Мырзағалиев, Шайман Төленғалиев, Матор Саматов, Қисмет Сариев, Әліпқали Ахметов, Дүйсен Сағынәлиев, Өтебай Құрманғалиев, Нұрғали Байтенов, Төлеген Козкин, Мұстафа Ахметов, Ахметқали Қайырғалиев, Серік Оразов, қойшылар Марфуға Азаматова, Елемес Дәулетов, Мұрат Еділбаев, Дәуленбай Төлеуов, Марат Мұқаев, Кәмен, Сәбит Өтеповтер, Имат Қаресов, Ғимран Шаушенов, Оспан Бақтығалиев, Мұса Нарынов, Қанас Елекенов, Бақыт Шоманов, Қабаш Нысанбаев, Төлеуғали Ғұмаров, Сәрсемәлі Мұсағалиев, Ваха Бушалов, механизаторлар Рахмеш Ғайсин, Ғанимұрат Елекенов, Нұфтығали Қадырғалиев, Мұхамедияр Ебінов, Самат Баташев, Өтеш Төлепов, Ғани Сұлтанов, Табылды Оразов, Сақтан Шоманов, Рысқали Биданов, Ғарифолла Өтегенов, Нәсіпқали Әжіғалиев, Қалмияр Окалаев, Лати Төлеуов, Жұмат Сатқанов, Мырзабай Тоқсанов, Сәрсенбай Сапаров, Сансызбай Қуанышқалиев, Сырым Жұмақаев, шоферлар Қайыр Сапаров, Қуан Тоқсанов, Ысқақ Әсетов, Есенболат Өтегенов, Макария Құлжановтарды атады.

–Ешкім ұмыт қалмады ма?- деп әзілдедім.

–Ұмыт қалғандар табылып жатса, ұрпақтары, тума-туыстары толықтырады,- деді шын көңілімен.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» демекші, Шымақаңның үлкен ұлы Мыңжасар мен келіні Заря Үштеректегі (бұрынғы №2 бөлімше орталығы) қара шаңырақты ұстап қалған. Мыңжасар шаруа қожалығының жетекшісі болуымен қатар Үштеректің ауылнайы. Ал,  Шымақаң мен зайыбы Какима Хан ордасы ауылында немерелерін оқытып отыр. Кіші ұлы Әділет қолдарында. Мұғалім қызы Мөлдір Орал қаласында, Әдемісі Көшім ауылында тұрмыста.

Шаруашылық тарағанша бөлімшені басқарған Ш.Темірболатов кейін сол ауылда ұзақ жыл қоғамдық негіздегі ауылнайдың міндетін атқарды. Пай үлесін алған жандардың жеке шаруаларын дамытып, аяқтарынан тік тұруына, сындарлы сәттерден сүрінбей өтулеріне жәрдемдесті. Ауылдастары алғысына бөленген ауданның құрметті азаматы жетпіс жасқа толса да әлі тың. Қоғамдық шаралардан тыс қалмайды. Өзіндік ой-пікірі бар ағамыз елдегі, әлемдік жаңалықтардан да толық хабардар.

–Тәуелсіздіктің, Елбасының арқасында еліміз жиырма бес жылда ғасырға татитын табыстарға жетті. Осы бағыттан жаңылмасақ өркениетті отыз елдің де қатарынан ойып орын аларымыз кәміл. Құдайым тек ынтымақ-бірліктен айырмасын!-дейді Шымырхан Шүкірұлы.

К.ҒАЙСИН.