8.12.2016, 17:57
Қараулар: 269
Өнермен өрілген өмір

Өнермен өрілген өмір

%d0%b0-265«Шашасына шаң жұқтырмай жүрген хор ұжымы бас жүлдені жеңіп алса, фортепиано аталымы бойынша әр деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген ағайынды Сезім, Айым Хамидоллалар (жетекшісі С.Рахымжанова) ІІ-ІІІ орындарды еншіледі». Бұл осыдан бір ай ғана бұрын аудандық газетте жарық көрген республикалық «Дала дарындары» байқауынан бөкейлік балғындардың қанжығасы майланып, мол олжамен оралғанын жеткізген ақпараттан үзінді. Жетекшісі С.Рахымжанованың кім екенін өлкеміздің өнерсүйер қауымы жақсы біледі. Ол – аудандық балалар саз мектебінің хор және фортепиано сыныбының мұғалімі Самал Ғалымқызы.

Шағатай ауылындағы Ғалым мен Керей Бакировтер отбасындағы сегіз баланың жетіншісі болып дүниеге келген Самал бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ өнерімен көпшілікке танылыпты. Алғыр да зерек бүлдіршін үш жасында би билеп, алты жасында ән салыпты. Өйткені, олардың отбасында әу деп ән айтпайтыны жоқ екен. Әке қанымен, ана сүтімен берілген қасиет, талант іденімпаздық, еңбекқорлықпен ұштасса, иесіне қанат бітіріп, көкке самғатары хақ. Облыс орталығындағы жоғары оқу орнынан арнайы музыкалық білім алып, өнерлі шәкірттерді баулуға кіріскен Самал 2013 жылдан бері біздің ауданымызда еңбек етуде. Осы жылдар ішінде ол баулыған жас өнерпаздардың жетістіктері де жұртшылыққа жақсы таныс.

Жақында білікті маман, білгір ұстаз, адал жар, аяулы ана Самал Ғалымқызы 50 жасқа толды. Отағасы Нұрлан Сағынтайұлынан бастап, қыздары, әріптестері, бұрынғы, қазіргі оқушылары мерейтой иесін қызу құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Айтқалиев, мұғалімдер кәсіподағы аудандық ұйымының төрағасы Манарбек Алтаяқов саз мектебіне келіп, ұжымды жинап, жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, құттықтау хаттарын, сый-сыяпаттарын табыстады. Өзге де сөйлеушілер табылып, ақжарма пікір айтты, деніне саулық, отбасына бақыт, шығармашылық табыс тіледі.

Д.ӘЛИЕВ.