14.12.2016, 15:03
Қараулар: 293
Тәңірге тағзым, Тәуелсіздікке тәубе!

Тәңірге тағзым, Тәуелсіздікке тәубе!

%d0%b3-546Әрине, біздің Тәуелсіздік декларациясын қабылдаған жылымыз – 1991 жыл. Алайда, тәуелсіздіктің толғауы тым әріден басталады. Тіпті, қазақ баласының өз-өзі болып тарихта аты аталып, түсі түстелгелі айтып келе жатқан кертолғауы, керімсал арманы, шойырылған белі мен сөгілген көбесі десем болмас па?! Тәуелсіздік жолындағы соңғы бұлқыныс 1986 жылғы 16 желтоқсанда болды.

 

Ей, бүгінгі жиырмадағы жас буын! Сол ызғарлы желтоқсанда көк мұздың үстінде жалаң аяқ, желең киіммен тұрып теңдік сұраған дәл бүгінгі сенің жасыңдағы жас жігіттер мен қыздар қазір сенің жаныңда жүр. Мүмкін, қайсыбірі сенің ата-анаң да шығар! Бірақ өздері кеткенмен, тәуелсіздік үшін ғұмырларын қиды ғой «Қайрат!», «Ляззат!» деп бір-екі есімді атағанымыз болмаса, осы мерекеде біз сол ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан мыңдаған қазақ қыздары мен ұлдарының қазір қайсысын қадірлеп, қатарға отырғызып жатырмыз?! Қайсысын қасқайтып қойып, «Міне, Тәуелсіздікті әкелген осы кісі» деп қошемет жасап, қол соғып жатырмыз?! «Таудың ұлылығы түбінде тұрған кісіге көрінбейді» дейді ғой. Сол бір қаһарман қазақ жастарының Кеңестер одағымен қолтықтасып алып, қоңыр тірлік кешіп отырған қазақ жұртын бір сәтте тәуелсіздіктің тар соқпағына қалай салып жібергенін өздері де сезбейтін шығар. Жылдар өтер. Бұл қозғалыстың қаһармандары да, қатардағылары да қалтарыста қалмайтынына имандай сенемін. Себебі жер үстінде иненің жасуындай әділдік қалса, солай болады! Солай болуға тиісті!

«Тәуелсіздік саған не берді?» деген сұраққа әдетте жорытудан гөрі жамбастуды, ойланудан гөрі ойбайлауды, бірігуден гөрі бытырауды ұнататын біздің ағайын әуелі қотандағы қойының саны мен астындағы машинасының маркасын айта бастайды.

…Тап сол желтоқсан оқиғасы кезінде мен өзім Маңғыстау облысында бір бөлімнің бастығы едім. Жексенбі күн болатын. Ақтау қалалық партия комитетінің төтенше пленумына шақыртылдық. Ол кезде Ақтау қаласы Мәскеудің тікелей басқаруындағы жартылай жабық қала еді. Пленум мүшелерінің де 90 пайызы – орыс. Қалалық партия ұйымының да басшысы орыс-ты. …Ол сөзін сол кездегі елге белгілі «…Алматыда наркоман, маскүнем қазақ жастары…» деген сөздермен бастады. 5-6 қазақ бір бұрышта бүрісіп отырмыз. Зал әлсін-әлсін біздің жаққа қарай бастады. Сөйлеушілер: «…Оларды күшпен басу керек», «…бұл интернационалды партия саясатын аяққа таптау, біз оған құрық саламыз» десе, кейбіреулер сөйлей-сөйлей келе «…их надо сжечь каленым железом» дегенге дейін барды. Жастардың неге көтерілгені туралы хабардар едік. Шындықты ішімізден сезіп отырмыз. Десек те сол 500-600 адамның ішінде 5-6 қазақ «Жоқ! Олай емес!» деп ешқайсымыз мінбеге шыға алмадық, сүмірейіп, жұрттың соңынан залдан шықтық.

…Мен сонда адам санатында ма едім?! Әй, қайдам!..

Егер мен, жоғары білімді жас жігіт, автобусқа әуелі өзге ұлтты отырғызып барып отырсам, егер автобуста келе жатқан екі қазақ бір-бірімізбен өзіміздің ана тілімізде сөйлесе алмасақ, егер менің ана тілім тамақ асырауға жарамай қалып, күн көру, өсу-өрбу үшін өзге тілге жалбарынсам, менің қай жерім адам санатында болғаны?!

Жетпіс жылғы Қазақстанның кеңестік тарихын шолып өтіңіз де, айтыңызшы, Қазақстанның басшысы қай шетелге қанша рет қызмет бабымен барды екен?! Өзімнің есімде қалғаны 80-жылдары Д.Қонаевтың Жапонияға барған сапары. Менің замандастарымның осы сапар да, сол кездегі бойымызды кернеген қуаныш пен мақтаныш та есінде шығар. Димаш ағаның Жапониядан не шешіп келгенін қайдам, бірақ, Қазақстан басшысының, қазақ басшысының бүкіл одақ атынан шетелге сапар шегуі – ол кезде біздің ұлттық мерейімізді біраз өсіргені кәміл. Сол заманда да батылдары барып, айта алмағанмен қай халық та өз сөзін өзі сөйлегісі келді, өз сыбағасын өзі жегісі келді. Оның не сөкеттігі бар еді? Әрі ол кезде туристік сапармен шетелге барып, «Мен – Қазақстаннанмын» деп өзіңді таныту мүмкін емес еді. Шетел Қазақстанды білмейтін, СССР десеңіз, «О, Россия!» деуші еді.

Қазір ел Президенті қаншама елге барып, қаншама үлкен жиындарда өрелі ой айтып жүр. Қаншама елдегі Қазақстан елшілігінде қаншама Қазақстанның жалауы желбіреп тұр. Бүгінде Президент түгілі қолына қамшы ұстаған қаймана қазақтың шетелге бармағаны бар ма, сірә?! Қай елге барсақ та, «Қазақстан» деп қаймықпай айтатын болдық. Шүкір, «ту» десе түкірігі жерге түспейтін Америкадан бастап, Африканың ең кемтар еліне дейін Қазақстанды таныды, мойындады.

Сол үшін Тәуелсіздікке тәубе демегенде  не дейміз?!

Тәуелсіздік деген тәңірді төрімізге отырғызғанымызға да, міне, ширек ғасыр болыпты. Жиырма бестегі  бозбаладан не сұрайсыз? Біз де сондай шақтамыз. Қайсыбіріміз әлі тәуелсіздіктің не екенін толықтай түсіне де алмай жүрміз. Түсінгеніміз санамызға сіңіре алмай жатырмыз. Есіңізге алыңызшы, Тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңіне талай қазақтың баласы кеудесін соғып, көшеге шықты! «Енді мен қожайын! Қане, жол беріңдер қазаққа!» деп күркіредік. Амантай қажы деген ағамыздың шықпаған, шығып алып ұрандатпаған Алматының терегі қалған жоқ. Америкадан бастап талай «тәңір алғыр капиталисті» қарғадық, сіледік, телпегін теріс айналдырып кигіздік. «Ешкімге ештеңе татырмаймыз! Өз байлығымыз – өзімізге! Өзіміз игереміз» деп өзеуредік. Өзге ұлт мамандарын өзегінен тептік. Бұрын көзіміз көрмеген, қолымыз тимеген құлыптар ашылды, пульттерге отырдық. Аптығымызды бассақ, электронды технологияда, космос саласында, қорғаныста бұранды бұрай алатын ұлттық мамандар жоқ болып шықты. Жеріміздің астындағы мың сан мұнайды соратын бір дана станогымыз, оны құрайтын бірде-бір ұлттық маманымыз да болмады.

Амал жоқ, сол өзіміз өзегінен тепкен «тәңір алғыр, капиталистерге» қол жайдық. Олардың да Қазақстанды гүлдеткісі келіп отырмағанын білдік. Білсек те көндік. Сайып келгенде, тәуелсіздік деп жүргеніміз өркениетті, мәдениетті тәуелділік болып шықты. Бүкіл дүние жүзі солай өмір сүріп отыр екен.

Өткен өмірімді ойлап отырсам, Тәуелсіздік тұсындағы 25 жылымды есептемегенде, 40 жылдай кеңестік Қазақстанда өмір сүріппін. Осы жылдар ішінде мен түйе арбадан бастап, оншақты көліктің түрін міндім. Соңғысы «Тойота-Камри» болды. Осы жылдар ішінде мен ақ қағаз болмай, ескі кітаптың бетіне, онда да екеуара бір қарындашпен кезегім келгенде жазған адаммын. Қазір де көп қағазды білмеймін. Компьютермен басамын, электронды поштаға саламын. Ашыққан күндерім мен киімімнің сықпытын айтпай-ақ қояйын. Бәрібір ешкім сенбес. Ендеше, 40-50 жыл бұрынғы ғұмырды өзге түгілі өз басыңнан өткерген өзің сенбестей қылған Тәуелсіздікке тәубе демегенде, кімге тәубе деймін?!

Иә, салыстырып отырсақ, бұрынғы одақтас республикалардың ішінде Қазақстанның соңғы жылдарда оқтай озып, суырылып алға шыққаны көзге көрініп тұр емес пе?! Бүгінгі қарқынға көңілің тасиды, ертеңгі болашақты ойлағанда аузыңды ашып, көзіңді жұмасың! Өзім өз болғалы мен Қазақстанның мұндай қарқынды дамуын көрген емеспін! Тағы да осыған жеткізген Тәуелсіздікке тәубе демегенде не деймін?!

Тәуелсіздік күнін бұдан кейін де талай жыл тойлармыз. Дүниеге талай ұрпақ келер. Бірақ, Тәуелсіздікті бүгін тойлап отырған ұрпақ ең бақытты ұрпақ деп есептеймін. Әрине, енді елу жылда, жүз жылда тұрмыс бұдан да түзелер. Қазіргі «Құлдық сана» деп батысы мен шығысына жалтақтап жүрген біздің орнымызға «құлдық сана деген не?» деп сұрайтын санасы азат ұрпақ келер. Алайда, мен осы күнімді, осы заманымды ешбір мырғам заманға да, алтын тұғырға да айырбастамас едім. Өйткені, осы ұлы Оқиға, кез-келген ұлттың басына бір-ақ рет орнайтын осы Бақыт менің заманымда болды, менің көз алдымда өтті! Мен сол ұлы Тәуелсіздіктің келуіне үлес қостым! Бүгінгі өмір сүріп жатқан қай ұрпақтың да «Тәуелсіздікті мен әкелдім!» деуіне толық құқысы бар!

Сөз арасында, Тәуелсіздіктің төл баласы біздің облыстық қазақ драма театры екенін де айта кетейін. Оралда сонау Сәкен, Ілияс сияқты қазақ зиялыларының көзі тірі кезінде ашылған Абай атындағы сазды драма театры 1948 жылы «көрермені аз, қаражат жетіспейді» деген сылтаумен жабылып, Атырау қаласына көшірілген екен. Содан 1993 жылға дейін Оралдың орысы да, қазағы да Островский атындағы орыс театрына барды. Барғысы келмегенді барғызды. Ауылдан келген кезіміз. Бір ауыз орысша білмейтін қазақ әдебиеті бөлімінің студенттері – біздерді осы театрға қойдай айдап әкелетін. Қалғып-мүлгіп отырып шығамыз. Ертеңіне сол спектакльдің идеялық мазмұнын, ойнаған әртістердің шеберлігін сұрайтын. Қазір ойлап отырсам, орыс мәдениеті мен тілін зорлап енгізудің бұл да бір жолы екен ғой. Орыс тіліне қысым жасалуда, қазақ тілі зорлап үйретілуде деп ілуде біреу болса да орыс ағайындар айтып қалып жатады. Десе де, қазақ театрына зорлап, тобымен айдап әкелінген бір орысты көргенім жоқ. Театрымызға там-тұмдап орыс та, шетелдіктер де келіп тұрады. Әдетте олардың жанында аудармашы болады, не өзіміз көмектесеміз. Міне, сол 1993 жылдың дәл 16 желтоқсаны күні М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясымен шымылдығын ашқан төл театрымызға осы Тәуелсіздік күні 23 жыл толады. Осы жылдар ішінде жүздеген пьеса сахналанды. Олардың бәрі де көрерменнің көз алдында шығар. Ішінде сәттісі де, сәтсізі де болды. Жоқтан жинадық, болмашыдан бар жасадық. Құладық, сүріндік. Осылайша бой түзедік. Жарты ғасырлық тарихы тарлан театрларға ердік, олармен иық тірестірдік. Ұлтым-жұртым дейтін Оралдағы іргелі бір шаңыраққа айналды. Асылық айтсам, кешіріңіз, қазір мен Оралды қазақ театрынсыз көз алдыма елестете алмаймын.

Олай болса, өз халқын тілімен, салт-ғұрпымен табыстырған Тәуелсіздікке тәубе демегенде не деймін! Тек Тәуелсіздіктің шапағаты – баянды, ғұмыры – мәңгі болғай да!

Құжырғали ТӨЛЕУІШЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі,

теарт қайраткері.

Орал қаласы.