14.12.2016, 15:11
Қараулар: 177
Ардагер есімі ардақталды

Ардагер есімі ардақталды

%d0%b3-553-2Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету ұлтымыздың игі дәстүрі. Сол тамаша дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Аудандық балалар кітапханасында орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кезінде өңірдің мәдени-әлеуметтік, рухани дамуына елеулі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері Жұмабай Қадыровтың туғанына 90 жыл толуына орай оздырылған «Ардагерді ардақтайық» атты кешке кезінде онымен үзеңгілес қызмет атқарған інілері Ноқаш Қадымов, Елдос Кенжеғалиев, Чарльз Қойшыбаев, қызы Қарақат Хайроллина, мектеп оқушылары қатысты.

Шара барысында аудандық мұрағат директоры Қуаныш Елемесов Ж.Қадыровтың өмір, еңбек жолымен таныстырып өтсе, жоғарыда аталған ардагерлер естеліктерімен бөлісті. Аудандық қорғаныс істері бөлімі басшысының міндетін атқарушы, подполковник Ержан Қазиханов майдангердің Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен ордалықтардың тізімін тұрғызып, «Боздақтар» кітабын құрастырудағы еңбегін айрықша атап өтті. Мектеп оқушылары Мұқағали Мақатаевтың «Әке» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Қарақат Жұмабайқызы әкесінің 90 жылдығын еске алып, осындай кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына, естеліктерімен бөліскен ардагер ағаларына, барша қатысушыларға ұрпақтары атынан алғыс білдірді. Соңынан жиналғандар естелік суретке түсті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.