24.01.2017, 23:04
Қараулар: 329
Мен 17 жаста едім…

Мен 17 жаста едім…

Артық білімім болмағанымен (7 класс бітірдім), құдайға шүкір, қара танитын шамам бар. Күні кеше «Орда жұлдызы» газетінің бетінде жарияланған Меңдігүл Фазылова қызымның «№62 қаулы» атты мақаласында сөз болған жағдайлар мені бей-жай қалдырмады. Онда аудан таратылған 1952 жылы Орда ауданының Теректі ауылдық кеңесінің тұрғыны болған Ұлбақан Рамазанованың Оңтүстік Қазақстан облысында болған кезде басынан кешкен қиындықтары баяндалған екен. Ол қиямет-қайым күндер біздің басымыздан да өткен-ді. Біздің деп отырғаным – мен, анам Ұлпан, ағам Мүбарак, қарындасым Мәдеш. Ол кезде мен 17 жаста едім, бәрі-бәрі көз алдымда. Бүгінде анам мен ағам қайтыс болды. Өмірі қиындықпен өткен адамның сүйегі болат болады, олар ұзақ жасайды деген рас-ау деймін, сірә. Әріректе қайтыс болған анам 97 жыл өмір сүрсе, бертінде бақилық болған ағам 90-ға таяп дүние салды. Бүгінгі өмір көшіне қарындасым екеуміз ілесіп келеміз. Кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе, білмеймін, біздің отбасымыз да Теректі ауылдық кеңесінің Каганович атындағы колхоздан 1952 жылдың шыжыған шілде айында Сайқын станциясынан жылап-сықтап аттанып кете барған-ды. Шамалауымша, әлгі Ұлбақанмен вагонымыз бөлек, бірақ, эшелонымыз бір болған секілді. Мақала кейіпкері мен Жұмағалиев Қайрат інімнің айтқандарының бәрі айна қатесіз шындық. Жолай және барған жердегі көрген қорлығымызды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Аталмыш мақалада сөз болған «Интернационал» колхозынан көшкен қарт әжейдің қозғалып кеткен вагонға аяғы ілікпей, пойызға басылып қалғанын біз де көргенбіз. Әлі есімде, сонда анам марқұм қатты күйзеліп, ұзақ жылап еді. «Құдай алдынан жарылқасын» деп бетін сипап, әлдекімдерге лағнет жаудырып жатты.

Қайрат айтқандай, тоқтаған жерде шәй қайнатуға су алу үшін шелек, шәйнектерімізді ала жүгіреміз. Машинистпен екі арада еш байланыс бомағасын пойыз жүріп кетеді. Эшелоннан қалып қойғандар да болды. Неше күннен бері жүріп келеміз, есептен жаңылдық. Әйтеуір, итшілеп отырып, Арыс станциясына жеттік. Шелегімізді алып, су әкелейік деп шығып кеткеніміз сол еді, келсек пойыз жүріп кетіпті. Анам вагонда қалған-ды. Зәре зәр түбіне кетті. Енді қайттік? Тіл білмейміз. Вокзалға келіп, әйтіп-бүйтіп түсіндіргендей болдық. Абырой болғанда біздерді сол бағытқа жүретін пойызға іліктіріп жіберіп, қайта табыстық-ау.

Ал, келген жеріміз маң дала, нағыз барса келместің өзі болып шықты. Өріп жүрген тасбақалар. Олар мақтаның түбін жейді екен. Сондықтан тасбақаларды өртеттіреді. Құдық жоқ. Қазсаң да су шықпайды. Ішкеніміз арықтың жылымшы суы. Анадай жайсыз жағдайға бейімделмеген біздің адамдарды індет жайлады. Іш сүзегінен кісі өлімі жиеледі. Әсіресе, үлкендер жағы мен бала-шаға көп шетінеді. Ол жөнінде Қайрат інім жеткізіп айтыпты ғой, несіне қайталаймын. Үш жылдан кейін анам, ағам, қарындасым елге оралды. Мен сол жақта әкемнің інісінің қолында қалдым. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген олай-былай болып кетсе, сүйегі жат жерде қалмасын, бауырыңды әкелсеңші» деп анам қыңқылдап қоймаса керек. Келер жылы Мүбарак ағам мені елге алып қайтты. Сөйтіп, ол жақта тозаққа татитын төрт жыл өмір сүріп, 1956 жылы туған топыраққа табаным тиді-ау, әйтеуір. Міне, оған да алпыс жылдан астам уақыт өтіпті.

Тірі адам тіршілігін жасайды дегендей, бүгінде ел қатарлы тұрмыс кешіп отырмын. Ең бастысы, қамшының сабындай қысқа ғұмырда тәуелсіздік пен бас еркіндігіне жететін не бар дейсіз?! Ендігі жерде біз көрген қиындықты жас ұрпақтың басына бермесін деп тілеймін жаратқан иеден. Сосын аға ұрпақтың басынан өткен сол бір қасіретті жылдарды ел есінде қайта жаңғыртып, көз көргендердің әңгімесін көпшілікке жеткізуге мүмкіндік жасап отырған басылым қызметкерлеріне де айтар алғысым шексіз. Анабір жылдары мәмбеттік Мәсәл Темірешев ағамыз осы көші-қон туралы жеріне жеткізе жазғаны бар. Соны тауып, қайыра жарияласаңыздар тіптен құба-құп болар еді. Бұл бір Ұлы Отан соғысынан кейінгі ордалықтардың басына түскен естен кетпес қасіреттің бірі болды ғой. Оған да биыл 65 жыл толып отыр. Ағысы қатты өмір-өзен-ай десейші!

Егінғали МАҚСОТОВ,

еңбек ардагері.

Сайқын ауылы.