24.01.2017, 23:29
Қараулар: 412
Тіршілік түйткілдері аз емес…

Тіршілік түйткілдері аз емес…

Ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдындағы қаңтар айындағы есептік кездесулерінің кестесі газетіміздің 31 желтоқсандағы санында жарияланған болатын. Осыған сай өткен аптада 15 елді мекенде (бұрынғы бөлімше орталықтарында) округ әкімдері есеп берді. Кей жерлерде оған аудан әкімі Н.С.Рахымжановтың өзі, кей жерлерде орынбасарлары Л.Т.Қайырғалиева мен Р.М.Зұлқашев қатысты.

 

Мерекелі де берекелі болған 2016 жылдың қорытындыларын баяндаған округ әкімдерінің қай-қайсысы да елді мекендердегі түйінді түйткілдерді айналып өтпеді. Учаскелік полиция инспекторлары тәртіп, мал бағу, ереже-қағидалардың сақталуы туралы есеп берді. Ауылдарда бірқатар мәселелер шешіле бастағанымен, жоғарының араласуынсыз, қомақты қаржысыз қолға алынуы қиындары да бар екен. Олар тиісті орындарға жеткізіліп, болашақ жобаларға енгізілуі қозғалып жатқан көрінеді. Жиналысқа қатысқан тұрғындар да сонау бір кездегідей жеке басы қамын соғып кетпей, жалпыға ортақ, баршаға керекті мәселелерді көтерді. Олар негізінен ауыз су, көгілдір отын, жарықтандыру, қатынас, жол, т.б.

Су – тіршілік көзі. Тұщы су табудың қиыншылығы әлем жұртшылығын алаңдатып, ғалымдардың Памир тауы мұздарын ерітуді ұсынып жатқаны ғаламторда таратылды. Жартылай шөлейт аймақтағы бізде бұл қалай шешілмек? Орал қаласындағы «Жайықгидрология» ЖШС-і (басшысы Б.Дауымов) мамандары аудан аумағын зерттеп жатыр. Кей жерлерден іздегендерін тапты да. Енді оларды кәдеге жарату ертеңгі күннің еншісі. Ал, Кеңой (Ұялы ауылдық округі), Жәрмеңке (Сайқын), Қарасу (Орда) сынды мекендерде тұрғындар тура үстерінен өтіп тұрған су құбырын дұрыс пайдалана алмауда. Бірінде тасымал ісі, екіншісінде өзге жай тығырыққа тіреуде. Ауыл, аудан басшыларының осы түйткілдің шешілетіні, ауданымызда «Ақбұлақ» бағдарламасының қайта жанданатыны жөніндегі хабарлары тұрғындарды қатты қуантты. Бисеннен әуелі Бөрлі ауылына, қала берді Тайғара және Сейтәлі елді мекендеріне, Сайқыннан Шоңайға табиғи газ желісі тартылмақшы.

Шағын ауылдардағы денсаулық сақтау, білім, мәдениет ошақтарының қалыпты жұмыс істеулеріне жағдай туғызу да назардан тыс қалмаған. Бірқатарына биыл, қайсыбіріне келер жылы күрделі жөндеу жүргізу қарастырылуда. Өткен күзде Жәрмеңкедегі бастауыш мектеп ғимараты көгілдір отынға қосылса, биыл мұнда клубты қосу жоспарланған. Осындай жұмыстар Қарасуда да қолға алынбақ.

Қарасудағы жиында тұрғындар жер, жайылым, шабындық төңірігінде жер иелерімен келіспеушілік барын жасырмады. «Кей шаруа қожалықтары ауылдың іргесіндегі жерді меншігіне алғандарымен пайдаланбауда. Шөбін өздері де шаппайды, өзгелерге де шаптырмайды. Өріс тар»,-десті олар.

Үштеректіктер Қуан Тоқсанов ауылға алғаш табиғи газ әкелінгенде мердігер Нұрлан Каринге жобасын жасаттырып, төлемін төлеп қойғанымен, әлі күнге көгілдір отынды үйіне кіргізе алмай отырғанына шағымданса, Бауыржан Ермеков үш отбасының газ үшін Бисен байланыс бөлімшесі арқылы жіберген төлемдерінің басқа шотқа түсіп кетіп, дауласып жүргендерін жеткізді.

Ұялы телефон бұл күнде әркімнің ажырамас серігіне айналғаны мәлім. Бірақ та Жиекқұм, Сейітқали ауылдары байланысқа шығу үшін биік шоқы іздеп, төбеден төбеге жүгіріп әлек. Сайқын ауылдық округіне қарасты елді мекендерде тұратындар мектеп оқушыларының қыс кезіндегі демалыстарда үйлеріне келе алмайтындарына реніш білдірді. Бұл жерлерде бұралқы иттер де көп екен. «Іштерінде алабай тұқымдастары да бар»,- деді сөйлеушілердің бірі. Жиналыста аудан әкімі атап көрсеткендей, ол иттерді біреу шеттен әкеліп тастаған жоқ қой. Сол арада өсіп-өнген, иесі бар иттің күшіктері емес пе? Үй жануарлары есепке алынып, бірдейлендіріліп, сырғаланып, паспорт беріліп жатыр. Енді иттерді де солай істесе, артық етпейтін тәрізді.

Елді мекендегілерді алаңдататын тағы бір жай – мал шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жүн мен теріні өткізу екен. Құмдағылар жүн мен теріні жолға төсесе, қырдағылар далаға лақтыра салатын сыңайлы. Және бір байқағанымыз, ауыл адамдары мерзімді басылымдарды алдыртуға құлықсыз. Мүмкін, оған пошта тасымалының да көңілдегіндей еместігі себеп шығар. Аудан әкімінің өткен жылғы атқарылған жұмыстар жөніндегі есептік баяндамасының нұсқасы басылған «Орда жұлдызының» биылғы алғашқы саны іргедегі Шоңай, Жәрмеңке ауылдарына жетпегеніне Нұрлан Сағынтайұлының өзі таң-тамаша қалды. Жұмысымыздың ілгері басуы көп жағдайларда насихат ісіне, оның жеделдігіне де байланысты екенін естен шығармағанымыз жөн-ау. Мемлекетіміздің саясатын, жергілікті атқарушы биліктің тыныс-тіршілігін ел-жұртқа таратып отырған да осы аудандық жалғыз үнпарақ қой. Біз тілдескен оқырмандарымыздың дені де аудан айнасын асыға күтетіндерін жасырмай, соны қолдарына уақтылы тигізуге жоғарыдан көмек-ықпал болса деген өтініштерін білдірді.

К.ҒАЙСИН.