31.01.2017, 18:44
Қараулар: 367
Жүктіліктің жүгі ауыр

Жүктіліктің жүгі ауыр

а-345Жақында аудандық ауруханада «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүкті әйелдердің күтімі жайлы ойлар ортаға салынған «дөңгелек үстел» өтті.

 

Жалпы, аудан көлемінде туабітті ақауы бар балалардың дүниеге келуі алдыңғы жылдармен салыстырғанда көбейген. Ол ата-ана саулығында кінәрат барын, келіншектердің уақтылы дәрігерге көрініп, айтқан кеңестерді орындауға салғырттығын көрсетеді. Аудандық аурухананың гинекологі Күләнда Абдолова аяғы ауыр аналарға екі есе жауапкершілік жүктелетінін алға тартып, олардың 12 аптаға дейін тізімге алынуы қажеттігін, оған атүсті қарайтын кейбір аналар есепке кеш отырып, денсаулығына байланысты облыс орталығына босануға жіберілгенде, одан бас тартатынын қынжыла әңгімеледі. Оның айтуынша, дүниеге келер шақалақтың туабітті ақауы болуы мүмкін екендігі, сондай-ақ, аналардың  қан қысымы жоғарылап немесе өзге де ауру белгілері байқалған жағдайда олар міндетті түрде облыс орталығына жолдануы қажет. Бұл тәртіп алдын ала белгіленіп, порталға салынуы тиіс. Ай-күні тақалғанда алты жүз шақырымдық жолға шығуға көбі құлықсыздық танытып жатады. Сонымен қатар, бірінші жүктілік пен екінші баланың  өмірге келуі арасында белгілі бір уақыт салынуы шарт. Сол аралықта әйел денсаулығы қалыпқа келіп, күш жинайды. Бірақ, бұл талап та орындала бермейді. Бір жылда екі баланың өмірге келу фактісі орын алған. «Бұл, біріншіден, әйел денсаулығына зиян болса, екіншіден, сәбидің де қалыпты дамуына кері әсерін тигізеді. Осындай тәртіпке мойынұсынбайтындар арасында педагогтер де кездесіп қалатыны өкінішті»,-деді акушер-гинеколог.

Онколог дәрігер Лаура Шамұратова өткен жылмен салыстырғанда обыр ауруының екі есеге өскенін, уақтылы скринингтік бақылаудан өтіп тұрған науқас дер кезінде ем алса, аурудан жазыла алатынын баса айтты. Сонымен қатар эрозия, жатыр мойны, омырау обыры аурулары аса қауіпті дегенмен, науқас жыл сайын тексеріліп, сырқаттың І-ІІ сатыларында ем қабылдаса, нәтиже беретіндігін жеткізді.

Бұл басқосуда «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова  ұмытылып бара жатқан ұлттық ырым-тыйымдарымыздың мәнісіне тоқталды. Олардың арасында құрсақ шашу, жүкті әйелдің жерік асын жегізу, шілдехана, қазанжарыс пен тиымдар төңірегінде әңгіме өрбітті. Шынында да, ырым-тыйымдардың қазақ үшін мағынасы үлкен. Болашақ ана жерік асын жей алмаса, сәбиінің аузынан үнемі су ағып жүреді деген түсінік қалыптасқан. Сол сияқты жас босанған әйел итке кет десе, тісі түсіп қалады деп те ырыдайды.

Акушер Назгүл Жұмағалиева жүкті әйелдердің тұмау кезінде алатын тегін дәрілері барын, оны көпшілігінің біле бермейтінін тілге тиек етті. Бұл дәріні салқын тигенін байқаған уақытта қабылдаса, әп сәтте жазылып кететін көрінеді. Өз кезегінде ардагер-ұстаз Кәкима Қажипанова қазір денсаулықтың нашар болуы күнделікті тұтынатын тағамдардың құнарсыздығынан деп, болашақта табиғи отандық өнімдер сатылатын дүкендер ашылса деген ойын білдірді.

Жүкті әйелдер көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап та алды.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.