4.04.2017, 11:04
Қараулар: 366
«Мұсылман деген кім?»

«Мұсылман деген кім?»

 

р-086 2«Қай кездесуде де осы сауалды қоямын»,-деген облыстық дін істері басқармасының бас маманы, теолог Мақсат Раманқұлов аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залына жиналған жұртшылықтан бұған шынайы жауап беруді сұрады. Әр жерден берілген бірлі-жарымды жауаптардан аталмыш жиынға қатысушы мемлекеттік, құқыққорғау органдары  қызметкерлерінің, мәдениет, білім саласы мамандарының нақты анықтаманы білмейтіндігі аңғарылды. Одан әрі ол ең бастысы әрбір азамат өз дінінің ұстанымын білуі шарт дей келе, ислам діні негізінен суннит және шийтке бөлінетінін, әлем мұсылмандарының 90 пайызы суннит ағымын ұстанатынын (оның ішінде Қазақстан да бар) жеткізді.

Сонымен, Мақсат Аралбайұлының сауалына қайта оралсақ, қазақ халқы ежелден ата-бабадан мирас болып келе жатқан ислам сунниттерінің әбу халифа мазхабын ұстанушылар. Олардың басты қағидасы: «Алла біреу, Мұхаммед оның елшісі». Осыған және дәстүрлі емес діни ағымдардың белгілері хақында кеңінен сөз еткен теолог маман: «Балалар дінге қызығушылық танытқанда оларға, мейлінше, толық мағлұмат берген абзал»,-деді.  Діни мәселелерді зерттеу жөніндегі облыстық орталықтың басшысы Жарас Аханов діннің, әсіресе, түрлі діни ағымдардың елдің елдігіне тигізіп жатқан әсеріне тоқталып, жантүршігерлік жайлардың елімізде орын алмауы үшін әрбір ата-ана перзентінің діни көзқарасы дұрыс қалыптасуына назар аударуы қажеттігін айтты. Өйткені, «Отан – отбасынан басталады». Әрбір шаңырақтағы береке –мемлекет бірлігінің негізгі факторы. Ал, теріс жай болса, оның өз салқындығын тигізбей қоймасы анық. Сондықтан жас өскіннің діни сауатты дұрыс та, бұрыс та түрлі ақпарат көздерінен емес, өзі үлгі тұтатын ата-анасынан, ұстазынан, тәрбиешісінен алғаны жөн.

Кездесуді ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева ауданымызда діни ахуал тұрақты десек те, теріс бағыттағылардың белгілері, олардың оқитын кітаптары, тыңдайтын уағыздары хақында біліп жүргеннің артықтығы жоқ екенін еске салды.

Раушан БАҚЫТОВА.