10.10.2017, 12:28
Қараулар: 341
«Дария – кеуде, тау мүсін»

«Дария – кеуде, тау мүсін»

Қариялар ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, олардың да көрген-білгені, көңілге түйгені сондай түпсіз. Халқымыздың өткені мен бүгінгісін, тұнып жатқан тарихымызды солар арқылы танимыз. «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Жақында  қариялар күніне арналып аудан орталығы ­– Сайқында жүзден астам көнекөздерге арналып, мерекелік дастархан жайылды. Онда аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева шақырулы қонақтарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Айта кетелік, түстікті өткізуге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері, халықты жұмыспен қамту орталығы мен электр тарату торабы ұжымдары бірлесіп, 200 мың теңге көлемінде қаржылай демеушілік көрсетті.

«Өткен менен кеткенді көп жасаған қарт білер» демекші, кешегі мен бүгінгіден сыр шерткен  ақсақалдар ақ батасын беріп қана қоймай, елді өркендету жолындағы өз кеңестерін ортаға салуды да ұмыт қалдырмады.

Ернұр ҚОНАҚБАЕВ,

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік

 бағдарламалар бөлімінің маманы.

 

***

Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген дана да текті халық. Біздің бойымыздағы ізгілік, қайырымдылық, имандылық секілді асыл қасиеттер де сол ата-бабаларымыздан дарыған. Адами қасиеттердің ең қадірлісі қайырымдылық болса, ал, оны жасау үлкенін сыйлаған, қариясын қастерлеген, жетімін жылатпай, кемтар жанды ешкімнен кем көрмеген қазақ халқына тән екеніне ешкімнің де таласы болмас. Бұған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Ұлттық мәдени түбіріміз сақталмаса, жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналады» деген сөзі дәлел.  Оның «Ұлттық мәдени түбіріміз» деп атап көрсеткені ұлтымызға тән салт-дәстүр мен жоғарыда атап өткен қайырымдылық, ізгілік қасиет болса керек. Осындай игі мақсаттарды көздеген үлкенге құрмет көрсету шарасы Ұялы ауылдық округінде де көрініс тапты.

Қайырымдылық айлығы аясында Ұялы ауылдық мәдениет үйінде қариялар күні мерекесіне арналып, «Жүректен жүрекке» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауылдың әлеуметтік қызметкерлері бастамашылық жасаған аталмыш шарада мәдениет үйінің өнерпаздары, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ауыл жастары қариялар мен мүгедек жандардың жанын жадыратып, көңілін серпілту үшін бар өнерлерін ортаға салды.  Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі Жеміс Оразбекқызының «Бақыт» атты әнді әуелете шырқауы көрермендерді тіптен тебірентті. Осы орайда Жемістің бойындағы өнерге деген талапты байқап оны ұштауға көмектесіп, сахнаға алып шыққан әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін атап өтпеске болмас.

Шара соңында ауылдық округ әкімі Бақытжан Оразғұлов үлкендерге құттықтауын жолдап, сый-сыяпаттар табыс етті. Көңілдері жадырап, риза болған қариялар атынан Ғайнижамал Қойшыбаева барша өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға алғысын айтып, батасын берді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші, осындай үлкен шараның өткізілуіне демеушілік етіп, қайырымдылық айлығы аясында ауылдағы жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созған ауылымыздың жомарт жүректі азаматтары, шаруа қожалығы жетекшілері Дархан Омаров, Кенжегүл Сәрсенғалиева, Нұртай Рашқалиев, Тұран Рысқалиев,  Тілекжан Мамаев, Мейрамбек Мұхамжаровтарға және Ұялы ФАП ұжымына  шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Жансая БАЯНОВА,

ауыл тұрғыны.

 

***

 

Дүниеге келер бір рет,

Дария – кеуде, тау мүсін.

Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым, аман-саумысың?

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым, аман-сау жүрші,-деп Сағи ақын жырға қосқандай, қашан да төрімізден қарияларымыз арылмаған халықпыз ғой. Қазіргі уақытта да елімізде үлкендерді құрметтеу, оларға қуаныш сыйлауға ерекше мән беріліп, қамқорлық жасалуда. Аталмыш бағытта Саралжын ауылдық кітапхана (меңгерушісі Г.Көшкінова) және мәдениет үйі (директоры Р.Қуанышев) ұжымдарының күшімен «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара оздырылды. Ауылдық округ әкімі Нүркен Сабыров құттықтау сөз сөйлесе, мәдениет үйі қызметкерлері әннен шашу шашты. Ал, дарияларымыз бір-бірімен жүздесіп, шер тарқасып, көңілдері көтеріліп, бір серпіліп қалды. Соңында ауыл ақсақалы Жұма Кенжеғалиев бата беріп, баршасы да ризашылықпен тарасты.

Жанаргүл ҚУАНЫШЕВА,

мәдениет үйі қызметкері.