5.05.2018, 10:05
Қараулар: 399
Хан ордасында өткен кеңес

Хан ордасында өткен кеңес

Ауыл шаруашылығының айналып келіп отыратын науқандық жұмыстары қатарына өсімдік зиянкестеріне қарсы жерді химиялық өңдеу ісінің қосылғанына да жарты ғасыр болып қалған шығар. Кеңестік кезеңнен бастау алған оның шегірткеге қарсы улау шарасы әлі күнге жалғасуда. Көршілеріміз: Ресейдің Астрахан мен өзіміздің Атырау облыстарында үйірлі және саяқ болып екіге бөлінетін шегірткелердің қай-қай түрлері де көбейіп, әрекеттері ауқымдала түсуде. «Қамданған қапы қалмайды» деген, алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, дайын отырғанның еш артықтығы жоқ. Зиянкестермен күрес шараларын үйлестіру жөніндегі аудандық шұғыл әрекет штабының Хан ордасы ауылында өткен отырысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің (ҚР АШМ АӨК МИК) облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Лавр Хайретдинов, сол инспекцияның өсімдіктерді қорғау бөлімі басшысы Ерлан Құрмашев, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы (РФД және БЭО) облыстық филиалы басшысы Алтай Алдабергенов, сондай-ақ, олардың Жәнібек, Бөкей орда аудандарындағы әріптестері, аудан әкімі Н.С.Рахымжанов пен әкім аппаратының жауапты қызметкерлері, бірқатар бөлім басшылары қатысты.

Отырысты ашқан аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы қонақтарға қош келдіңіздер айтып, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырды. Бөкей ордасы ауданының аумақтық инспекция басшысы Бауыржан Оразов, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Талғат Әбдірешев, РФД және БӘО аудандық филиалы басшысы Ж.Дәуленов шегірткелердің құм, қыр өңірлеріне қоныстануы, келтірілген зияны, олармен күрестің барысы хақында баяндап, алдағы жоспарларды сөз етті. Облыстан келгендермен қатар Бисен, Т.Масин ауылдық округінің әкімдері Қайырсапа Саматов, Меңдібай Қитанов, ордалық зейнеткер Төлеген Өтешев, шаруа қожалығы жетекшісі Еркін Жабасовтар пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Осы өңірде туып-өсіп, басшылық қызметте де болған Лавр Рашидұлы шегірткемен күреске де ерте араласып, бұл саладан да хабарының молдығын, аймақтың ерекшелігін білетінін аңғартып, тікұшақтарды тиімді пайдалану бағытында көкейге қонымды кеңестер ұсынды.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімі зерттеулер мен өңдеу шараларының сапасын арттыру жөнінде ауылдық округ әкімдіктері мен аудандық аумақтық инспекция, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне нақты тапсырмалар беріп, қадағалауды штаб төрағасы, өз орынбасары Рүстем Зұлқашевқа жүктеді.

Айта кетелік, шегірткенің залалын құм өңірі малшылары биылғы қыста айқын сезінгендей. Аталмыш зиянкестер нәрін сорып, сояуын қалдырған шөп қолдарындағы түліктің қай түріне де азық болып жарытпады. Көктемге әзер ілікті. Бұдан сала мамандары сабақ алып, жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлердің ісін қатаң бақылап, талапты күшейткендері абзал.

Каримолла ҒАЙСИН.