10.07.2018, 10:22
Қараулар: 707
Мәншүк – Астана төрінде

Мәншүк – Астана төрінде

Батысқазақстандықтар Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай астаналықтарға қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткіші орнатылған «Ақжайық» саябағын тарту етті.

Саябақ аумағында ескерткішке қоса, субұрқақ, 100 орындық амфитеатр, «Сиқырлы лабиринт» атты инсталляция, сондай-ақ, баскетбол ойнауға және жүгіруге арналған алаңдар бар. «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында жүзеге асырылған осынау тарихи орында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев болып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Әрі Нұрсұлтан Әбішұлы Батыс Қазақстан облысынан келген делегация өкілдерімен, елордадағы «Сарыарқа» ауданы тұрғындарымен және Мәншүк Мәметованың туыстарымен әңгімелесіп, осындай игілікті істі жүзеге асыруға белсене атсалысқан жерлестерімізге ризашылық сезімін білдірді. Осы ретте, аталмыш мерейтойға арнайы шақырылған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов (суретте) бас шаһарда  Батыр Мәншүктің туыстары Айман, Шолпан Мәметовалармен кездесіп, бөкейліктердің ыстық сәлемін жеткізгенін де айта кетелік.

Сонымен, елімізге танымал мүсінші Мұрат Мансұровтың шебер қолынан шыққан Мәншүк ескерткішінің биіктігі 6,1 метрді құраса, мүсіннің өзі қола, тұғыры гранит тастан тұрғызылған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.