11.06.2021, 17:59
Қараулар: 108
РӘМІЗДЕР КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

РӘМІЗДЕР КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

 

                 

Өткен аптада бөкейлік ағайын ҚР Мемлекеттік рәміздер күнін лайықты түрде атап өтті.  Аудан тұрғындарының мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттырып,  отансүйгіштік сезімін  күшейтуді көздеген шаралар автошеру, концерттік бағдарлама және спорттық ойындармен айшықталды.

Шұғылалы күн мен көк жүзінде еркін самғаған қыран бейнелі көк туымыз, алтын қанатты қос пырақ пен береке-бірліктің мызғымас символына айналған шаңырақ суреттелген Елтаңбамыз, елдігімізді, ерлігімізді, өр мінезіміз бен қайсар рухымызды дәріптеп, жер-жаһанға таратқан  Әнұранымыз тәуелсіздігіміздің айқын нышаны, мемлекетіміздің берік негізі екені сөзсіз.  Осыдан  29 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті  Н.Назарбаев  еліміздің  алғашқы рәміздерін қабылдау  туралы батыл шешім шығарып, қазақ халқының өмірлік салтын, болмыс-бітімін ерекшелейтін нышандарды жасақтауда үлкен іс атқарылғаны мәлім. Міне, содан бері  Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын кеңінен насихатталып келеді.

Сайқын ауылында да мәні мен мағынасы келіскен бұл мереке  автошеруден бастау алды. Көк байрақты желбіреткен 20 автокөлік иесі аудан орталығының орталық көшелерімен жүріп өтті. Айта кетелік, ұлттық рухымызды көтеруге сеп болған шеруге түрлі сала мамандары, жастар да зор құлшыныспен қатысты.

Ал, орталық стадионда өткізілген салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев және т.б қатысты.

–Мемлекеттік рәміздер — ел тәуелсіздігінің тұрақтылығы мен біртұтастығының кепілі, қастерлі егемендігіміздің айқын нышаны. Ғасырлар бойына аңсап, зарыға қол жеткізген  еркіндігімізді айғақтайтын басты белгілеріміз. Сондықтан да халқымыздың мұқалмас жігерін, асқақ мұратын танытқан рәміздерді қадір тұту Һәм ұлықтау әр азаматтың асыл парызы, – деп аудан басшысы ізгі лебізін жеткізді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Райымбек Құрманғазиев те аталмыш мерекенің мән-мағынасына үңіліп, ақжарма тілегін білдірді.

Жергілікті өнерпаздар да мерекенің көрігін қыздырып, әннен шашу шашты. Аудандық ат спорты  мектебінің  сәйгүлік мінген бапкерлері де шырқалған ән аясында байрақты желбірете  жүріп өткені де ерекше тартымды көрінді.

Мерекелік шаралар легі одан әрмен футболға ұласып, оған  Сайқын, Орда, Мұратсай ауылдық округтерінің құрамасы, 1995 жылғы жастардан құрылған ойыншылар тобы, М-С.Бабажанов мектебі, Сайқын ауылының жамағаты мен аудандық  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командалары қатысты. Аса тартысты өткен спорт додасында сайқындық аяқдопшылар қарсылас шақ келтірмей, жеңісті талассыз иеленді. Айта кетелік, олар финалдық ойында ордалық футболшылармен бақ сынасып, «4:0» есебімен ойсырата ұтқан еді. Жүлделі екінші орынды сәйкесінше Орда ауылының ойыншылары алып, үздік үштікті М-С.Бабажанов мектебінің намысын қорғаған команда түйіндеді. Ойын алаңында шеберлігімен дараланған сайқындық Жәнібек Самиғоллин «Үздік сұрмерген», ордалық Нұркен Есмұханов «Үздік қорғаушы», мұратсайлық Берік Дияров «Үздік қорғаушы», М-С.Бабажанов мектебінің атынан ойын көрсеткен Естөре Рахметоллин «Үздік шабуылшы» атанды.

ӘТТЕГЕН-АЙЫ…

Спорт мектебі мен сайқындық құрама команда арасындағы ойында түсінбестік орын алды. Ойын барысында допқа ойыншының қолы тиді деген спорт мектебінің командасы пенальти сұрады. Төреші пенальти беретіндей жайт жоқ деп қарсылық танытты. Қарсы команданың ойыншысы допқа қолы тигенін мойындағанда сол команданың басқа мүшелері «айтылған сөз- атылған оқ» деп пенальти бермедің бе, соңына дейін сөзінен танба» деп шаужайдан алды. Төреші екі түйенің арасында қалған шыбынның күйін кешті. Ақыры аяғында пандемиядан кейін алғаш рет ұйымдастырылып тұрған аламан дода екеніне, басқа командалардың ат артып, алыс жолдан келгеніне қарамастан спорт мектебінің командасы қолдарын бір сілтеп, кетіп қалды. Бұл түсініспеушіліктің болмашы нәрсе екені анық. Төреші шынымен де байқамай қалды  десек, сол сәтті қайталап экраннан көрсететін мүмкіндік жоқ. Төреші де қырағылығы мен тәжірибелігі қалыптасқан кәнігі маман емес. «А» тобының ойынына жеребе тастау арқылы  тағайындалған  «С» тобының ойыншысы. Мұндай сәттер чемпионат кезінде талай мәрте орын алып жатады, бірақ пенальти бермеді деп, не сары карточканы жөнсіз берді деп алаңнан үдіре көшкен еш команданы көрмедік.  Көптің көңіліне қарамаған команда  ұпайды пенальтимен емес, керемет ойынмен түгендеуге неге ұмтылмады екен?… Олар ауылдан келген әр саланың мамандары емес,  ауданның маңдайына   біткен жалғыз спорттық мектеп еді-ау…

 

Арайлым ЕСМАҒҰЛ