21.05.2021, 9:59
Қараулар: 104
ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев төрағалымен «Аса қауіпті, зиянды ағзалар мен ауруларға, үйірлі және үйірсіз шегірткелерге қарсы жүргізілетін фитосанитариялық іс шаралар жөніндегі» штаб отырысы өтті.

ҚР АШМ АӨК БҚО аумақтық инспекциясының басшысы, облыстық штаб төрағасының орынбасары Лавр Хайретдиновтың қатысуымен өткен жиында аудан аумағындағы зиянды шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс шаралары,  «Республикалық фитосанитарлық диогностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесінің ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстары, сонымен италиялық прус шегірткесіне  арналған мониторинг жұмыстар мәселесі талқыланды.

Аудандық аумақтық инспекция басшысы Бауыржан Оразов:

– Бөкей ордасы ауданында 2021 жылы үйірлі шегірткеге қарсы 7680 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі деп жоспарлануда. Аталмыш жұмыстар республикалық бюджет негізінде іске аспақ. Көрсетілген аумақты ауылдық округтерге бөлетін болсақ, Орда ауылдық округінде 6080 га және Бисен ауылдық округінде 1600 га жер өңделеді, – дейді.

Химиялық өңдеу жұмыстарын «ЗапКазФумигация» ЖШС-і атқармақшы.  Қазіргі таңда пестицидтер әзір тұр. Жақын арада орталық қоймадан аудандарға жеткізілетін болады. Ауданның уақытша сақтау қоймасы да пестицидтерді қабылдауға дайын.

Ал үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы Бисен, Мұратсай, Орда және Сайқын ауылдық округтерінің аумағындағы 2870 га жерге жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары да облыстық бюджет негізінде жоспарлануда, – деді Бауыржан Оразов.

Ал «Республикалық фитосанитарлық диогностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесінің ағымдағы жылға жоспарланған жұмыстары барысы туралы  аталмыш мекеменің аудандық филиалының басшысы Жасқайрат Дәуленов баяндады.

– Өткен жылдары филиал мамандары италиялық прус шегірткесінің шағылысуы және жұмыртқа салу кезеңінде 240 мың га жерге мониторинг жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде зиянкес жәндіктің жалпы қоныстағаны аумағы 19,2 мың га жерді құрағаны анықталды, –  деді филиал басшысы.

Өз кезегінде облыстық  аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов ағымдағы жылы көршілес Ресей елінен шегірткенің «Марокко» деп аталатын түрі шекара асуы ықтималдығын айтты. Айтуынша, бұл шегірткенің түрі химиялық улауға дес бермейді екен. сондықтан бақылау, барлау жұмыстарын ширатуымыз керек деді.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ