21.05.2021, 9:54
Қараулар: 90
МЕМҚЫЗМЕТШІНІҢ МІНДЕТІ – ӨНЕГЕЛІ БОЛУ

МЕМҚЫЗМЕТШІНІҢ МІНДЕТІ – ӨНЕГЕЛІ БОЛУ

 

Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай аудан әкімдігінде «Отбасының беріктігі – тәуелсіздіктің тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.

Бірқатар мемлекеттік қызметші қатысқан бұл шарада аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Бисенбек Насимоллин 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген бұл мерекенің мәніне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар әдеп жөніндегі уәкілдің мақсатымен таныстырып, оның басты міндеті мемқызметшіге заң шеңберінде қолдау таныту екенін айтты. Әрі мемқызметші жұмыстан тыс уақытта да халыққа үлгі, көпке өнеге болу міндеті һәм мақсаты деді.

–Мемқызметші билік өкілі болғандықтан халық назарында жүреді. Бір мемқызметшінің теріс қылығы барлық оның әріптестерінің мәртебесін түсіреді әрі халықтың мемқызмешіге деген көзқарасына әсер ететіні белгілі. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші мықты мемлекет болып қалыптасуымыз үшін әр шаңырақта ынтымақ, береке болуы шарт. Ал оны қалыптастыратын адамдар. Осы ретте мемқызметші  бұл талаптан шығуы керек. Ол қызметте де, отбасында да өнегелі тұлға болуы тиіс. Өйткені ол оның мақсаты ғана емес, сонымен бірге Әдеп кодексінде нақты көрсетілген міндеті боп саналады.  Оның жүріс-тұрысы, мәдениеттілігі, адамгершілігі бәрі-бәрі сын көзге ілінетінін ескеріп жүргені жөн,-деді Бисенбек Жамбылұлы.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әлима Әшенова отбасын құру, ажырасу және дүниеге келу мен дүниеден өту хақында статистикалық мәліметтер келтірді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Асылан Бижанов отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде хабарлады.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева  ықылым заманнан мемлекеттік қызметші билік айнасы болып есептелетінін айтып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, отбасы басты байлығымыз, мемлекетіміздің ұяшығы екенін ұмытпауға шақырды.

Отбасындағы мемқызметшінің қызметіне деген құрметті арттыру, оның іс жүзінде көрсету мақсатында ауылдық округ әкімдіктерінде мемқызметшілердің отбасы мүшелерінде «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл шара барында мемқызметшінің жанұясынан бір азамат оның қызмет ететін орнымен, лауазымдық міндеттерімен, жалпы жұмыс уақытда атқарған ісімен танысуға мүмкіндік алды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ