9.07.2021, 12:34
Қараулар: 92
АУДАНҒА ӘКІМ КЕЛДІ

АУДАНҒА ӘКІМ КЕЛДІ

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен ауданымызға келді.

Сапар барысында актив жиынын өткізіп, жаңадан тағайындалған аудан әкімімен таныстырды. Ауыл ақсақалдары мен жиналған қауымға да уақыт бөліп, күн тәртібіндегі келелі мәселелер бойынша пікір алмасты. Әлеуметтік нысандарды аралап, жол құрылысына жауапты мердігерлермен кездесті.

Облыс басшысының сапары Хан ордасы ауылдық округінен басталды. Сапар барысында  ауылдық мәдениет үйінің жай-күйімен танысты.

  • 1990 жылы пайдалануға берілген бұл мәдени ошақ құрылғалы бері екі мәрте жөндеу көрген. Дегенмен ол жөндеу жұмыстары қазіргі заманға сай емес. 2010 жылы шатыры мен терезелері жаңартылып, сырт келбеті жөнделсе жақсы болар еді. Бүгінгі таңда ғимарат есіктері, жарықтандыру құрылғылары, орындықтары мен көрермен залы, бәрі-бәрі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сахналық киім тағы бар. Дауыс күшейткіш аппаратурамыз болғанымен, саз аспаптарымыз жоқтың қасы. Қазір әр қызметкер өзінің жеке аспаптарын пайдаланып келеді. Жылыту жүйесі де ауыстыруды күтуде. Міне, осындай мәселелерді шешуге көмектессеңіз, – деді ауылдық мәдениет үйі директорының міндетін уақытша атқарушы Марат Ағишанов.

Екі қабатты мәдениет ошағын аралаған өңір басшысы тозығы жеткен көрермен орындықтарын, кеңес заманына тұрған есіктерді, заманауи өзгерісті талап ететін көрермен залын қарап шықты.

КЕТКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, КЕЛГЕНГЕ – ІЗЕТ

Облыс басшысының сапары аудан активінің басқосуымен жалғасты. Осы кезге дейін аудан басқарған Нұрлан Рахымжанов қызметін аяқтап,  тізгінді осы топырақтың тумасы Нұрлыбек Даумов алды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев 2013-2021 жылдары ауданға басшылық еткен Нұрлан Рахымжановтың жұмысына оң бағасын берді.

– Сіз басшылық еткен кезеңде ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуында ілгерушілік айқын байқалды. Тұрғын үй құрылысы жанданып, аудан халқының таза ауыз су мен көгілдір отынға қолжетімдігі артты, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

  • Нұрлыбек Даумов сіздерге жақсы таныс, осы ауылдың азаматы. Жауапкершілігі мен нәтижелі еңбегінің арқасында облыс орталығында лауазымды қызметтер атқарып келді. жасқайратұлы жастық жігер, қажырлы қайратымен осы қызметті де абыроймен атқарады деп сенемін. Осы кезге дейін нәтижелі атқарылған іс те көп, атқарылуға тиісті іс те жетіп артылады. Мемлекет басшысының қатаң қадағалауындағы жол құрылысын тиісті деңгейде, жоғары нәтижемен аяқтау сен үшін басты меже, – деп тапсырды Ғали Есқалиев.

Аудан тұрғындары атынан сөз алған Тілеген Арыстанбеков:

  • Әнет бабадан жеткен деген сөзге сенсек, «Әкім бол!» деген – «Ә» — әділ бол, «к» — күншіл болма, көпшіл бол, «і» — ілтипатты бол, «м» — менмен болма, мейірімді бол деген сөз екен. Нұрлан Рахымжанов бабалардан жеткен осы сөзге лайық қызметкер болды, – десе, Ерболат Таңатов Нұрлан Сағынтайұлының халықпен етене араласып қана қоймай, мәселелердің оңтайлы шешімін таба білгенін тілге тиек етті.
  • Ауданымыздың қордаланып қалған мәселелерін шешуі үшін берісі облыс орталығындағы, әрісі Елордадағы бірталай есікті қағып, біраз басшымен кездестіңіз. Біраз есіктің табалдырығын тоздырдыңыз. Мұны осы кезге дейін сізбен бірге жасасып келген әріптестеріңіз жақсы біледі, – деді ол өз сөзінде. Ерболат ағамыз Сағынтайұлының зайыбы Самал Ғалымқызының аудан мәдениетіне тың серпін әкелгені, бөкейлік жас өнерпаздардың облысты былай қойып, республикалық өнер аламанынан талай бас жүлде иеленгенін айтып, алғысын білдірді. Ауылдық округ әкімдері атынан сөз алған Меңдібай Қитанов: «Нұрлан Сағынтайұлы «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген халық даналығына сай, кісілік пен кішіліктің үлгісі болды» деп ағалар сөзін қоштады.

Өз кезегінде Нұрлан Рахымжанов:

– Бөкей еліне келгенге дейін шаруашылық саласының ғана маманы болсам, аудан басшысы ретінде қоғамның түрлі саласындағы мәселелерді шешу, ел басқару тұрғысынан осы топырақтан мол тәжірибе жинадым. «Жалғыздың үні шықпас» деген қандай ма қол жеткізген жетістік, тындырылған іс болса, жалғыз менің еңбегім емес. Бәріміздің жеңісіміз. Бірге, бір мүдде аясында еңбек еттік. Сегіз жылым осы киелі мекенде өтті. Бүйрегім бұрып тұратын ел болары анық. Сіздерге алғысымды айта отырып, сәттілік тілеймін. Нұрлыбек Жасқайратұлы, туған елге еткен еңбегің елеулі болсын, абыройлы бол! – деп тілегін білдірді.

Аудан ардагерлері атынан Сағынтайұлына алғысхат табысталып, иығына шапан жапты.

Сөз алған ардагерлер де туған жерге туын тіккен Нұрлыбек Жасқайратұлына тілектестіктерін білдіріп, «жас келсе – іске» демекші, аудан тірлігіне жаңаша леп әкелетініне сенім білдірді.

Жаңа әкім де өз кезегінде сенім білдіріп, жауапты қызметке тағайындаған облыс әкімі Ғали Есқалиевке, үміт артқан аудан жұртшылығына алғысын білдірді.

  • Құрметті жерлестер, ардақты ағайындар! ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат келісімімен, меритократия қағидасына сәйкес, Бөкей ордасы ауданының әкімі лауазымына тағайындалып отырмын. Қойнауы тарих пен шежіреге толы киелі мекен – Бөкей ордасының көркейіп дамуы үшін ат салысып, халқына қызмет ету зор жауапкершілік жүктейтінін сезінемін. Аға буынның жолын жалғап, бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір дәнекер болу үлкен абырой. Туған жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында осы кезге дейін жинаған бар тәжірибем мен күш-жігерімді жұмсауға әзірмін, – деп сөз алды.

«МИЛЛИАРД СҰРАМАС БҰРЫН МҮМКІНДІКТІ БАҒАМДАУ КЕРЕК»

Жиыннан соң облыс басшысы ауданымыздың аға буын өкілдерімен тілдесіп, пікір алмасуға да уақыт тапты.

–Жергілікті жердің мәселелеріне жақсы қанықпын. Киік көбейіп, мал азығын жинауға кедергі болғанын жақсы білемін. Мәселе үкіметтік деңгейде қаралды. Резерват құру уақытынан бұрын қолға алынатын болады. Дегенмен резерват та кезген көп киікке тұсау боп, шаруалардың мәселелерін бірден шешіп бере алмайды.   Киік санағы жүргізілді. «Электронды бақташы сияқты қоршаулар орнату арқылы меншігіңіздегі жерді қори аласыз. Үкіметтен қолдауқаржы алып, аяққа тұрған қожалық үшін «электронды бақташы» әнебір қымбатқа түсе қоймайды. Уақыт өте көреміз. Киік саны  тым көбейіп кетіп жатса, киік етін өндіріске алып шығу сияқты жобалар қолға алынады. Киік мәселесі Үкімет, тиісті министрліктің бірнеше жылдық жобасы бойынша қарастырылып келеді. Шөп жинауға кедергі келтірді деп дала еркесін қырып тастай алмаймыз. Түсіністікпен қабылдап, шабындық, жайылымды киіктен қорғау үшін тиісті шараларды қолға алуымыз керек, – деді облыс басшысы.

Ғали Нәжімеденұлы жергілікті кәсіпкерлердің туған елдің шаруасын шешуге мүдделі болуы керектігін де айтты. Тек айып қана қоймай, нақты мысалдар да келтірді.

  • Не нәрсені жоспарласақ та өз затымыздай, өз үйіміздей қарап, қожайынша жауапты болайық. Мемлекеттің қаржысынан бөлінетін көп қаржыны ысырапшылдыққа салуға болмайды. Мысал айтсам, аудандардың бірінде үлкен ғимаратқа күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Жобалық жоспарында кеңес заманынан келе жатқан кіреберістегі кафельді ауыстыру керектігін көрсетіпті. Байқап қарағанға кеңес кезінен келе жатқан кафельдің мұрты да бұзылмапты. Мінсіз тұрған кафельді бұзу қажет пе? Жоқ, әрине. Өз үйімізді жөндесек, қай тұстың осал екенін жақсы білеміз. Сол кемшін тұсты сапалы ғып жөндеп, сыры да, сыны да сол күйінде тұрған жерді бұзып, шығынданбаймыз ғой. Жұмысымызға да осындай жауапкершілікпен қарап, қазына қаржысын ысыраптамайық. Қолымыздан келетін мәселені шешу үшін үкіметтен қаржы сұрап, уақыт өткізіп алмайық. Дәл қазір мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан сома бұрын болған жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Миллиондап емес, миллиардтап сұрайтын болдық. Күн тәртібіндегі мәселені шешуді қаржы сұраудан емес, өзіңіздің қолыңыздан не келеді, жергілікті кәсіпкерлердің қандай мүмкіндігі бар, соны бағамдап алудан бастауымыз керек. Осы тұрғыда Шыңғырлау ауданының тәжірибесін айтсам, артық болмас. Шыңғырлаулық бір кәсіпкер 12 миллион теңгеге ауылдық округтегі медициналық амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізіп берсе, екінші кәсіпкер төрт миллион теңгеге мұнара орнатты. K-cell, Beeline, Аltel сияқты операторлар өз қондырғыларын орнатты. Осылайша тұтас ауылдың ғаламтор мәселесі оңтайлы шешімін тапты. Тағы да сол шыңғырлаулық ағайын су бөгетін жаңартып, күрделі жөндеуден өткізіп беріп сұрады. Мәселені зерттеп қарасақ, 400 миллион теңге сұрап отыр. Талап етушілерге «аталмыш мәселе бойынша сұрап отырылған қаржы жоқ» деп жауап қайтарған едік. Ауылдағы ағайын бірігіп, бұзылған үйлердің іргетас, бағандарын алып, су бөгеттерін адам танымастай ғып жөндеп алды. Сол бірліктерінің арқасында дамба жасап алды. Алдағы жылы балық өсіруді қолға алмақшы. Күн тәртібіндегі күнделікті  мәселелер осылайша ауылдағы ағайынның бірлігінің арқасында шешімін тапты. Дәл осындай ауызбіршілік  киелі мекен Бөкей елінде де жалғасын табарына тілекшімін, – деді Ғали Есқалиев.

СЫМСЫЗ ЖЕЛІНІҢ КЕМШІНДІГІ КӨП, ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ БАЯУ

Облыс басшысының сапары «Қазақтелеком» АҚ ғимаратында жалғасын тапты.

  • Ауданымыз шалғай жатқанмен ұялы байланысты қамту қай елде де жүйелі жүргізілуі тиіс. Бүгінде аудандағы 13 елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысандар, яғни, мектеп, әкімшілік, медициналық ұйымдар мен ветеринарлық пункттер жылдамдығы жоғары талшықты оптикалық байланыс жүйесіне қосылған. Тұрғындарымыз да ұялы байланысты, интернет ресурсты сапалы пайдаланғысы келеді. Осы ретте, байланыс операторлар «250+» бағдарламасы негізінде 250 тұрғыннан асқан елді мекенге сымсыз байланыс орнатып, ғаламторға кіруді қамтамасыз ету керек. Қазірде бағдарлама талаптарына сай келетін Бисен, Жиекқұм, Орда және Сейітқали сынды төрт елді мекеніміз осы бағдарлама игілігінен тыс қалып отыр. Оған себеп К-сеll операторының баяу қызметі. Осыған ықпал етсеңіз. Айта кету керек, Орда ауылдық округінде интернет байланысына сұраныс жоғары. Бүгінде 140 ордалық тұрғын тозығы жеткен телефон сымы негізінде интернет байланысын пайдаланып отыр. Одан басқа кезекте тұрған тағы да 200 сұраныс бар. Егер байланыс операторлары жоғарыда айтылған «250+» бағдарламасы аясында тиісті іс-шараларды атқарса, біз де өз тарабымыздан сұранысты қанағаттандырар едік. Осылайша аудандағы интернет байланысы жақсарар еді, – деді «Қазақтелеком» АҚ Бөкей ордасы аудандық сервис желісі пункті клиенттермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Арбек Аманғалиев.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов сымсыз интернет тұтынып отырған абоненттерге ұсынылып отырған қызметтің сын көтермейтінін айтты.  Айға 150 ГигаБайт беріледі, ай аяғына қарай ГигаБайт азайған сайын интернет те шабан болатынын айтып, Сайқын, Бисен мен Орда ауылдарындағы желіні жаңарту қажеттілігін айтты.

Облыс басшысы әр ауылдық округ бойынша абонент әлеуеті туралы толыққанды есеп ұсынуды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған делегация ат спорты мектебіне бас сұқты. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди ат спортының бүгінгі тірлігімен таныстырды.

  • Ат спорты мектебінің жұмысына 18 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда жамбы ату, бәйге үйірмелері жұмыс жасайды. Екі үйірмеге отыз бала жазылған. Бекітілген кесте бойынша бес баладан келіп, атқа міну, шабу әдіс-тәсілдерін үйренеді. Арнайы көрнекіліктер, ат әбзелдері мен жылқы күтіміне тиісті қаржы бөлініп, бар жағдай жасалған. Өткен жылғы желтоқсанда садаққа дейін алып қойдық.  Балалардың ат өнеріне деген құштарлығы ерекше. Теориялық білім оқу бөлмесінде өтсе, атқа міну, жамбы ату сыртта манежде ұйымдастырылады, –  деді Дмитрий Семилиди.

Оңтүстік аудандардың бас ауруы – жол мәселесі. Осы сапарында да облыс басшысы облысқа қатынайтын жолдың құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысып, мердігерлерден есеп алды.

Жол құрылысына жауапты мердігерлермен кездескен облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы:

  • Былтыр елдегі жағдайға байланысты жұмыс өте баяу өтті. оны өздеріңіз де мойындайсыз. Биылғы меже белгілі. Бекітілген жоспарды орындау мерзімі қарашаның аяғы деп белгіленді. Бұйыртса, жүз күн де көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді. Қарқын қалай? Жоспарды орындай аласыз ба? Артығымен орындауға тырысыңыздар. Жұмыс жасалса, тиісті қаржының берілуіне кедергі болмайды деп сөз беремін. Қарашаға дейін межеленген шақырым пайдалануға берілмесе, мәселені республикалық деңгейде көтеріп, басқа мердігерлердің қызметіне жүгінуге мәжбүр боламыз, – деп тапсырманың орындалуын қадағалайтынын баса айтты.

Бисен-Өнеге-Сайқын жолының 50 шақырымының құрылысына жауапты «Атыраужолдары» ЖШС қарашада 35,7 шақырымды пайдалануға бермекші. Дәл қазіргі таңда жол құрылысында 102 қызметкер, 85 техника жұмылдырылған.

Мердігерлер де өз жұмыстарына қатысты туындаған мәселелер туралы облыс басшысын құлағдар қылды. Десе де межелі міндетке қол жеткізу үшін аянбайтындарын айтып, сендірді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ