Аудандық сотта өткен жылы атқарылған жұмыс бойынша есеп берілді. Сот төрағасының айтуынша, есептік кезеңде 41 қылмыстық іс, 80 азаматтық іс және 278 әкімшілік іс қаралып, нүктесі қойылған.
Сот төрағасы Гүлжиһан Сағитова өткен жылы қаралған азаматтық іс санының айтарлықтай азайғанын айтады.
Бұл медиация тиімділігін көрсетеді. Азаматтық іс бойынша сотқа жүгінушілер осы медиацияның араласуымен ымыраға келіп, істі сотқа жеткізбеді. Есепті кезеңде татуластыру тәртібімен 13 азаматтық іс тоқтатылған, бұдан бөлек 13 қылмыстық іс, 48 әкімшілік іс тараптардың мәмілеге келумен тоқтатылды, — дейді ол өз сөзінде.
Азаматтық іс азайғанымен қылмыстық іс, соның ішінде аса ауыр қылмыс саны артып отыр. Денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, абайсызда кісінің өліміне әкеліп соғу, мал ұрлығы, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемденіп, талан таражға салу, атыс қаруын жымқыру, ауыр қылмысты жасырып қалу фактілері орын алған.
Ауылдық округтерге барған сапарымызда, есептік кездесулерде, жеке қабылдауларда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама жазаның күшейтілгені туралы хабардар етіп жүреміз. Аудандық басылымдарға да кейбір баптар бойынша жаза қатаңдатылғаны туралы түсінік беріп, мақала да жариялаған еді. Киіктің өзін атпақ түгілі өлексесінің мүйізін алу да үлкен қылмыс саналатыны, айыппұл төлеп қоймай, бас бостандығы да шектелетіні туралы айтудан кенде емеспіз. Өкінішке қарай, бұдан сабақ алғандар аз,-дейді сот төрағасы Гүлжиһан Темірболатқызы.
Орын алған қылмыстық істерді таратып айтар болсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша 2019 жылы 26 іс, өткен жылы 30 іс қаралды. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл бап бойынша алкогольдік ішімдік ішкен күйі көлік тізгіндеген бір адамға (ІІ топ мүгедегі) 388 920 теңге айыппұл салынып, 28-і қамаққа алынған, 15-і көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Масаң күйінде қоғамдық орындарда жүріп, немесе өле мас боп барып, көпшіліктің берекесін алушылар да көбейген екен. ӘҚтК-тің 440-бабы бойынша 2019 жылы 12 іс қаралса, 2020 жылы 43 іс сотқа жеткен. Осы кодекстің 73-бабымен 2019 жылы 104 іс, 2020 жылы 95 іс қаралған. Бұл бап жеке бас құқықтарына қол сұғу, біреуді ұрып-соғып, ар-намысын таптау, сияқты қылмыстарда басшылыққа алынады. Отбасында кекілжің шығарып, шаңырағының берекесін қашыратындарға да жаза осы бап бойынша тағайындалады.
Әкімшілік істер бойынша 3 795 860 теңгені құрайтын айыппұл жаза тағайындалған, оның 3 271 168 теңгесі ерікті түрде төленген, 635 812-сі мәжбүрлі түрде өндіруге жолданған.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ