9.04.2021, 10:41
Қараулар: 292
ТҮЛЕКТЕРІН ҚИЯЛАРҒА САМҒАТҚАН

ТҮЛЕКТЕРІН ҚИЯЛАРҒА САМҒАТҚАН

Халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Бұл жерде өскелең ұрпаққа білім мен ғылымның қуаты, қол жеткізер табысы мол болатынын ұғындырып отыр.

Бұл күнге қалай жеттік десек, сәл шегініс жасап, тарихқа көз жүгіртіп көрейік. Сонау замандарда Отырар, Құмкент, Сайрам, Сауран, Сарайшық сияқты өркениетті қалаларымыз болғаны тарихтан белгілі. Өзімізден білім алған жастар ғылым жолын қуып, Бағдат, Шам, Каир және басқа да сол кезеңдегі әйгілі қалаларға баратын болған…

Халқымыз небір алмағайып замандарды бастан кешті. Ұзаққа созылған соғыстардан, небір зұлматтардан халық қырылды, қалаларымыз қиратылды, киелі даламыз өртелді. Алайда, батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр даламызды жаудан сақтап қалды! Одан кейін бірнеше ғасыр бойы Ресей империясының боданы болып, езгіде өмір сүрген халқымыздың көрген қорлығы да аз емес. Дегенмен біздің халықта білуге деген құштарлық өте күшті еді. Ел ішінде араб тілінде сауатты адамдар өте көп болды. Ал ХІХ ғасырдан бастап қазақ даласы оянды десек те болады. Қанша жерден қыспақта ұстап келсе де, білім алып, елімді өркениет жолына саламын деген ұлт қайраткерлері шықты. Соның бірі – Жәңгір хан болса, енді бірі – ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсарин.

Қазақ даласының әр жерінде білімнің шамшырағы жағыла бастады. 1841 жылы Хан Ордасында мектеп ашылды. 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясы жанынан қазақ мектебі ашылған. Ол – қазақ балаларына арналған Ресей оқу жүйесі негізіндегі тұңғыш мектеп-интернат. Міне, сонда оқып білім алған алғашқы шәкірттердің бірі Ыбырай Алтынсарин еді. Ол кейін өзінің туған жері Торғай қаласында 1864 жылы халық мектебін ашады. Кейін Жетісу бойында, Сыр өңірінде және басқа аймақтарда да мектептер ашылып, қазақ балалары білім нәрімен сусындауға мүмкіндік алады. «Тақыр жерге шөп шықпас» дегендей, білім ошағы болмаса, білімді жастар да өсіп, жетілмес еді.

Енді Жәңгір хан негізін қалаған Орда мектебіне кеңірек тоқталайық. Бұл білім ұясының қазақ тарихында айрықша рөлі бар.

Каспий теңізінің солтүстік-батыс аймағын алып жатқан Нарын құмының шежіресі өте мол. Бұл маңда небір даналардың, ұлт қайраткерлері мен қайталанбас өнер иелерінің іздері қалған. «Осы Құм Нарынды гүлдендірсем, білім нұрымен нұрландырсам, халқының көзін ашып, көкірегін оятсам» деген ұлы тұлғаның бірі Жәңгір хан еді! Халқын білімге бастаған Жәңгір алдына үлкен мақсат қойып, сол кездегі Орда қалашығында тұңғыш рет қазақ балаларына арналған мектеп ашты. Ол ел ішінде Жәңгір мектебі болып аталып кетті. Жәңгір хан қазақ балаларынан зор үміт күтті. Сол үміті, сенімі ақталды да!

Жәңгір хан патшаның сенімін алу арқылы қазақ даласында орыс мектебінің іргетасы қалануына жол ашты, бөкейлік қазақтардың гимназияға, байланыс жолдары корпусына, Неплюев кадет корпусына, азаматтық инженерлер училищесіне және Қазан университетіне түсіп, білім алуына мүмкіндік жасады. Жәңгір ханның бұл мектепті ашудағы мақсатын өзінің кеңесшісі және ағайыны Шүке Нұралиевке жазған хатында: «Егер ғылым қазіргі уақыттың өзінде қоғамға осыншама үлкен пайданы әкелсе, болашақта біздің немерелеріміз ғылым мен білімсіз жақсы өмір сүре алмайды»,- деп білімсіз болашақтық бұлдыр екенін болжай білді.

«Жол салған кемедейін хан болмаса,

Оқуға берер еді кім баласын?!»- деп мектебіміздің түлегі, ақын Ғайса-Ғали Сейтақ жырлағандай, Жәңгір мектеп ашпаса, туған өңірімізде білімнің шамшырағы жағылар ма еді?!

Бұл қасиетті қара шаңырақтан білім мен ғылымға терең бойлаған ғалым да, ұрпақтың болашағына жол салған ағартушылар да, небір дүлдүл ақындар да, күйшілер мен композиторлар да, ел намысын қорғаған, көк туымызды желбіреткен спорт саласының майталмандары да шыққан. Соның бірегейі – қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов. Ол Жәңгір мектебінің тұңғыш түлектерінің бірі болды. Халық құрметпен «Мақаш әкім» деп атаған белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов те – Жәңгір мектебінің түлегі.

Мұхамед-Салық Бабажановтың ғылым жолындағы сара жолы кейінгі толқынға да серпіліс берді. Осы бір даңғыл жолды XX ғасырда ғалым, физика-математика ғылымының докторы Асан Тайманов жалғай білді. Одан кейін педагогика ғылымдарының докторы, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Г.С. Минажева,тарих ғылымдарының кандидаты Е.Е.Хайдаров т.б. мықты ғалымдарымыз еліміздің ғылымын дамытуға атсалысып келеді.

Осы мектептен білім алған Дәулеткерей Шығайұлы күйшілігімен артына мол мұра қалдырған. XX ғасырда композитор Базарбай Жұманиязов, күйші Ермек Қазиев Орданы өнер мекеніне айналдырды. Халықаралық өнер жарыстарынан ұлағатты, ардагер ұстаз Васила Рушанова күй өнерін әлемге танытты, ізін жалғаған шәкірттерінің бірі Рита Алмурзина да  ұстаздық жолында өнерлі қырандарды қанаттандырса, спорт жарыстарынан қазақ күресінің чемпионы Жұбаныш Жәрдемов, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, педагог Рафаэль Денгизбаев және бірнеше мәрте алтын медаль иегері Рахим Қожағалиев т.б. жеңімпаздарымыз ел намысын лайықты қорғады.

Жәңгір мектебінен түлеп ұшқан ел қорғаған батырларымыз бен қоғам қайраткерлері аз емес. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаев, Кеңес Одағының батыры Темір Масин, мемлекет қайраткері Алма Оразбаева, металлургия инженері Мәдина Бегалиева және басқа да есімдері барша қазаққа танымал болған тұлғаларды жерлестері мақтан тұтады.

Қара сөздің шебері, халқымызға мол рухани байлық қалдырған бір топ ақындар легі де Жәңгір мектебінен түлеп ұшты. Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында жүріп, білім нәрімен сусындаған батыр Махамбет Өтемісұлынан бастап, Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш және басқа да сөз зергерлері Нарын өңірінде ақындық мектепті қалыптастырды. Киелі сөздің күймелі керуені тоқтап қалған жоқ. 1970-1980 жылдары осы білім ұясынан тәлім алған Ғайса-Ғали Сейтақ пен Айбатыр Сейтақ та – Жәңгір хан негізін қалаған мектептің түлектері.

Бүгінде білім алып жатқан жас ұрпақ әйгілі жерлестерінің өнегелі өмірлерін, ерлік істерін үлгі тұтады. Мектеп оқушылары өздері де ертеңгі күні білім мен ғылым жолында үлкен табыстарға қол жеткізіп, сол арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуды мақсат етеді. Ұстаздар қауымы шәкірттердің озық білім алуы үшін қажырлы қызмет атқарып келеді. Ал түлектерін қияларға самғатқан мектебіміздің мәртебесі әрдайым биіктей бермек!

Бақытқаным МИЗАМБАЕВА,

мектеп мұғалімі,

Хан ордасы ауылы