16.04.2021, 11:13
Қараулар: 136
ЕЛГЕ КЕЛ, ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛ!

ЕЛГЕ КЕЛ, ҚОЛДАУҒА ИЕ БОЛ!

 

Бүгінде ауылдық аймақтарда кадр жетіспеушілігі мәселесі аз да болса шешіліп келе жатырғанына көз жеткізуге болады. Казіргі ауылдың жағдайы алға қарай ілгерілеп, халықтың жағдайы жақсарып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын жоғарғы білікті мамандар тұрмыстық жағдайы мен жайлылықтың жоқтығынан ауылға келгілері келмейтін. 2009 жылы ауыл шаруашылық министрінің қолдауымен «Дипломмен ауылға» жобасы  көптеген білікті де білімді мамандардың ауылдық елді-мекендерге жол тартуына өз септігін тигізді. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені салаларында мамандарының кадрлық тапшылығын жоюға  септігін тигізу. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну  негізінде аудан бойынша 2020 жылға  бюджеттік кредит 24  маманға жоспарланып  21  маманға   83 076 мың теңге қаражат жұмсалды. Атап айтсақ, білім беру саласынан – 13 маман, денсаулық саласынан –1 маман, агроөнеркәсіптік кешен саласы – 2 маман, мәдениет саласынан – 3 маман, әлеуметтік қызмет саласынан – 1 маман, мемлекеттік қызмет саласынан – 1 маман  өтініштерін беріп тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды.

2020  жылға 60 маманға 15 772 мың теңге мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы  тағайындалды. Атап айтсақ, білім беру саласынан 36 маман, денсаулық сақтау саласынан 8 маман, агроөнеркәсіптік кешен саласынан 4 маман, мәдениет және спорт  саласынан 11 маман және әлеуметтік қамсыздандыру саласынан 1 маман өтініш беріп, көтерме жәрдемақы алды.

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы»  бұйрығына  2020 жылдың 30  қыркүйегінде өзгерістер еніп және ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 56-бабы 12-тармағына сәйкес ендігі кезекте «Дипломмен ауылға» жобасы  аясында әлеуметтік қолдау шараларын ауылдық елді-мекендерде жұмыс істейтін және тұратын басшы адамдарды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері де ала алатын болады. Биылғы жылға аталмыш бағдарлама арқылы тұрғын үй  сатып алу немесе салу үшін республикалық бюджеттен 15 маманға  65 633 мың теңге бөлінсе, көтерме жәрдемақы  төлеу үшін жергілікті бюджеттен 40 маманға 11 668  мың теңге қаралып отыр. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы № 183 қаулысына сәйкес  ұсыну мөлшері:

1) жүз еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы;

2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау — бір мың бес жүз еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы құрайды.

Баспанасы жоқ жас маман пәтерге қол жеткізе алады немесе біржолғы көтерме жәрдемақыға қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ егер де маман бала күтімі демалысына  байланысты несиені өтеу мүмкіндігі болмаса, ол төлемдерді тоқтата тұру және төлемдер кестесін заңнамаға сәйкес өзгертуге құқылы екенін айта кеткен жөн.

Бұл бағдарламаның  басты шарты  – бағдарламаға іліккен  маман сол ауылда кемінде 3 жыл еңбек етуі керек. Басты мақсаты да осы. Қазақтың- түп тамыры – ауыл, қаймағы бұзылмаған қазақи орта ауыл деген  әдемі сөз бар. Ендеше  жастар еңбек жолына түскенде ғана қоғам өрге басады. Отаншыл жастары болмаған елдің болашағы қараңғы демекші әрбір ауданымызға келген білікті де білімді мамандарға айтарымыз: Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса теріңді төгіп еңбек ет, жердің де, елдің де иесі  өзің екеніңді ұмытпа!

Раушан АБДОЛЛИНА,

аудандық қаржы бөлімінің басшысы