12.05.2021, 15:09
Қараулар: 140
ЖӘҢГІР ХАН ЭКРАНҒА ШЫҚПАҚ

ЖӘҢГІР ХАН ЭКРАНҒА ШЫҚПАҚ

Бұйыртса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Бөкей хандығының соңғы ханы, қилы тағдыр иесі, тарихтан әлі күнге өз бағасын ала алмай келе жатқан Жәңгір хан Бөкеев туралы фильм түсірілмекші. Туындыға тапсырыс беруші – «Қазақстан» РТРК» АҚ.

Фильм екі маусымнан тұрады деп жоспарлануда. Биыл фильмнің 12 сериясы түсіріледі. Фильмнің режиссері – Бақыттас Сәнитас, продюсері – Шыңғыс Арманұлы.

  • Фильмнің қаржысы бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары басталып та кетті. Жәңгір ханның кіші отаны Бөкей ордасына арнайы келіп, тарихи мекенмен танысып жатқан жайымыз. Бұйыртса, бұл фильм тек саясат, хандық тарихты ғана емес, хан сарайындағы ішкі күресті,  Жәңгір ханның тұлғалық болмысын арқау етпекші. Фильм сценарийі үш жыл бұрын қолға алынды. Сценарийге Арман Сқабылұлы, Жәмит Көшербаев пен Асқар Дүйсенбі жауапты.  Бір емес, бірнеше нұсқа жазылып, сарапқа салынды. Фильм түсіру шілде, тамыз айларында қолға алынып, желтоқсанға қарай аяқтамақшымыз. Кастинг жарияланып, басты рөлдерге лайықтылар тек жұмыс тобымен ғана емес, тапсырыс беруші тараппен де бірігіп, таңдалады, – дейді фильм продюсері.

Режиссер Бақыттас Сәнитас жұртшылыққа «Тасөткел», «Теміртас» фильмдері арқылы жақсы таныс.  Бұл фильм режиссер Бақыттас Сәнитас пен бас сценарист Арман Сқабылұлының алғашқы жұмысы емес. Бұл тандем бұған дейін  көрермен қауымға «Жаным менің» сериалын ұсынған еді.

«Фильм белгілі бір әдеби туындыны басшылыққа ала ма?» деген сауалымызға Шыңғыс Арманұлы: «Жоқ, Жәңгір хан туралы пікір әрқилы. Тағдыры қиын, өлімі жұмбақ, қызметі өз бағасын алмаған күрделі тұлға. Сценарий жазуда бір жазушының туындысын емес, тарихи деректерді қатаң сүзгіден өткізіп, нақты мәліметтерді басшылыққа алуды жөн көрдік»,-деп жауап берді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Фотосурет: Еркебұлан РАХМЕТОЛЛА