12.05.2021, 16:03
Қараулар: 120
КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті.

–Ауданы аумағында үстіміздегі үш айында екі өрт және бір қоқыс жану оқиғасы тіркеліп отыр. Бір өрт оқиғасы бойынша құжаттар аудандық ішкі істер бөліміне жолданса, қалған екі факті бойынша заң талаптарын орындамаған тұлғаларға әкiмшiлiк жаза қолданылды. Абырой болғанда, аталған өрт оқиғаларынан зардап шеккендер жоқ. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкiмшiлiктерiнде 109 дана өрт сөндіру құралы бар. Жыл сайын өзіндік жоспарымызға сай азаматтық қорғаныс саласымен тиісті оқу-жаттығулары ұйымдастырылуда. Биыл «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық іс-шарасы наурыз айында өткізілді. Оған аудан аумағындағы шаруашылық жүргізу объектілері мен мекемелер қатысты. Сонымен қатар көршілес Жәнібек ауданының Ұзынкөл және біздің Мұратсайдағы ерікті өртке қарсы құрамалардың  бірлескен өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда,- деді аудандық төтенше жағдай бөлімінің басшысы Ақылбек Сағитов.

Жазғы шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында адамдардың қазасын болдырмау мәселесі бойынша Мұратсай ауылдық округ әкімі Мейрамбек Ғиылманов өз жоспарымен бөлісті.

–Өздерiнiзге мәлiм, Мұратсай су қоймасында арнайы демалатын немесе суға түсетін жағажай орындары қарастырылмаған. Тиісінше  суға түсуге тыйым салынған. Сол себептен мамыр айында аудандық төтенше жағдай бөлімі мамандарының және жергiлiктi учаскелік полиция инспекторының қатысуымен «Суға түсу маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде» мәселесі бойынша тұрғындармен кездесулер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар Мұратсай су қоймасында рейд жүргізіп, патрульдеу де ұйымдастырылады. Маусым айына дейін судың қауiптілігі жөнінде баннер де орнатылады,- деді ол.

Аудан аумағындағы өртке қарсы сумен жабдықтау көздерінің (гидранттардың) жай-күйі туралы аудандық №19 өрт сөндіру бекет басшысы Сабыржан Ибрашев мәлімдеді. Аудан бойынша 164 гидрант болса, соның 95-і Сайқында  екен. Соның 16- сы жарамсыз күйде. Ал Бисен ауылындағы 28 гидранттың 5-уі реттеуді кажет етеді екен.

Жиын соңында комиссия төрағасы тиісті тапсырмалар беріп, гидранттарды жөндеуді қатаң тапсырды.

Темхар РАХМЕТОЛЛА