12.05.2021, 16:17
Қараулар: 106
МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН, МҮДДЕМІЗ ОРТАҚ

МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН, МҮДДЕМІЗ ОРТАҚ

 

–Партия  жарғысына сәйкес партия филиалдары саяси кеңес, саяси кеңес бюросы және бақылау-тексеру сынды сайланбалы органдарының комиссиялары мен төрағаларының, бастауыш партия ұйымдары бюроларының өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты есептік-сайлау науқанын өткізу жоспарланған-ды. Осыған байланысты ауданымыздағы 11 бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналыстары бекітілген кестелерге сәйкес сәуір айының 19-23 күндері аралығында өткізілді. Онда орталық аппараттың ұсынымдары да ескерілді,-деп хабарлады«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясында аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Рахымжанов.

Конференцияның күн тәртібіне қойылған басты мәселе ол партияның аумақтық саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі мен алдағы міндеттері еді. Осы тақырыпта баяндаған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Исатай Құрмашев атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Есепті мерзімде аудандық партия филиалы аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерді ұсыну, филиал төрағасын сайлау, т.б. мәселелер бойынша кезектен тыс екі  конференция, Саяси кеңесінің және Саяси кеңесі  Бюросының  бес отырысын ұйымдастырған. 200 тарта жеке қабылдау өткізіп, 286 бөкейліктің мұң-мұқтажын тыңдап, шешілу бағытын ұсынған. Партияның Саяси кеңес Бюросының шешімімен «нұр отандық» мәслихат депутаттары тұғырнаманың әрбір бағыттары бойынша тәлімгер бекітілді. Ендігі жерде олар ауданның экономикалық салалары бойынша тұғырнамада көрсетілген бағыттарының орындалуына мониторинг жүргізіп, талдаулар жасау арқылы нақты ұсыныстар енгізеді. Партияның бұл жаңашылдығы тұғырнамада бегіленген бағыттарды сапалы да тиянақты атқарылуына септігін тигізбек екен. Партияның сайлауалды Тұғырнамасы түрлі салаларды қамтиды. Аталмыш құжатта тек білім беру саласы бойынша 15 көрсеткіштер белгіленген. Тиісті талдаулар негізінде олардың басым көпшілігі ауданымызда жүзеге асырылуда екен. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға жағдай жасау, жоғары және бірінші санаттағы педагогикалық қызметкерлердің үлесін 60 пайызға дейін жеткізу сияқты жұмыстар тиісті дәрежесінде. Ауданда үш ауысымды мектеп жоқ. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жақсара түсуде. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары негізінде М.Мәметова, М.Бегалиева атындағы орта жалпы білім беретін мектептер, Үштерек бастауыш мектебі, Б.Женекешев мектебінің жатақханасы, «Ақбота» балабақшасы, аудандық балалар туризм орталығы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Исатай Рахметоллаұлы карантин жарияланған шақта ауданда көрсетілген  әлеуметтік көмектерді де мәлім етті.  Есепті кезеңде 42500 теңге көлеміндегі көмек мәжбүрлі демалыстағы 3097 азаматқа берілген,  коммуналдық шығындарды өтеуге 1016 адамға 15000 теңгеден қаржы бөлінген. Басқа да әлеуметтік төлемдер, партияның «Biz Birgemiz» акциясы аясында көрсетілген игі істерді атап өтті.

–Ендігі мақсат 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты партиямыздың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру. Онда белгіленген 7 бағыт, 88 көрсеткіштен тұратын іс-шаралардың жол картасы шындыққа айналса, тұрғындарымыздың тұрмысын ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге атсалысып қана қоймай, ауданымыздың дамуының деңгейі жоғарылатуға мұрындық боламыз. Және осы бағыта талмай жұмыстанамыз,-деді.

Жарыссөзде аудандық мәслихат депутаты, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп директоры Мәншүк Мұхамжарова өз тарапынан партияның бастамаларына елеулі үлес қосуға дайын екендігін мәлімдесе, «Луч добра» славян этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Татьяна Березина партия мүшелері аталмыш бірлестіктің құрылуына мұрындық болғанын айтты.  «Сайқын» бастауыш партия ұйымының төрайымы Нүргүл Омарова да баяндамашының есебін қанағаттанарлық деп бағалады. «Кейбір партия мүшелері өздерінің басты мақсаты партиялық жарна төлеу деп есептеп,  партиямызбен жүргізіліп жатқан бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асыруға селқостық танытып, тіптен мүлдем олармен таныс болмаған фактілер кездеседі»,-деген Нүргүл Жігерқызы осы олқылықты түзету бағытында ақпараттық-насихаттық жұмысты жандандыруға ұсыныс тастады.

Конференция күн тәртібіне сай аумақтық филиалының саяси кеңесі бюросы мен саяси кеңесі сайланып, онлайн форматта өтетін «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан аймақтық филиалының конференциясына төрт делегат сайланды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ