12.05.2021, 16:31
Қараулар: 141
ХАЙРУШТАН ҚАЛҒАН ХАТ

ХАЙРУШТАН ҚАЛҒАН ХАТ

Оқ тескен әрбір хаттың жолдарынан соғыстың демі, окоптағы қиыншылыққа толы күндер, жауынгердің нәзік жүрегі мен Жеңіске деген сенімділігі сезіледі. «Майданнан хат» осы бір сөзде қаншама сыр, елге деген сағынышы бар десеңізші! Майданнан келген үшбу хаттар бір шаңырақтың жәдігері ретінде  сарғайған күйінде сақталады. Қазіргі кезде бұл хаттар біз үшін баға жетпес жәдігер болып табылады.  Ұлы мейрам қарсаңында музей қоры тағы бір хатпен толықты. Хат авторы – Ұлы отан соғысына қатысқан бес ағайындының бірі жерлесіміз Хайруш Қажкенов.

Амандық хат!

Аса қадірлі көруші әкеміз Ханкен апамызға  жеңгеміз Нұржамалға құрбымыз Орынға қарындасымыз Маденге ініміз Шешбенге Қабдолға  Хайруштен сағыныш сансыз сәлемімді алақандай ақ қағазға жолдағалы отырмын. Менен амандық  білмек болсаңыз  17.09 куни  жарақат алдым.  Сталепгратск аяғымнан бірақ сүйегі аман білем.

Пронтха кірерде 400 сом. ақшаны поштаға беріп едім. Барды ма?2 рет картошкамды жібергем. Осылардан алғандарын барма? Сендерден бірнеше айдан бері хат алғам жоқ…. Елдің тұрмысы қалай? Кімдер армияға кетті? Елде кімдер бар?  Өздерің қайда отырсыздар? Шаруаларың қалай? Құмардан, Зейнеттен, Құсеннен, Шешбеннен хат барма? Маған осылардың адресін жібер. Ана торы тайды сат. Қара тайға тиме. Басқа не айтам. Мені сұраған азаматтарға сәлем айтарсыздар.

Хатты жазған: Хайруш. 5/X. 42 г. Менің адресім барма?

Мой адрес: Куйбышевская область, Ст.Шантала

Эв. Госпиталь  № 44/ 40. 2 Отделение

Қазіргі күні Оралда тұратын майдангердің ұрпағы Күләш Хайрушқызы хатты тапсырып отырып әкесі туралы естеліктеріменде бөлісті. «Менің әкем соғысқа аттанғанда бес айлық сәби едім. Әкемнің қандай екенін де білмеймін. Есейе келе естігенім соғысқа Хайруш, Құмар, Шешпен, Құсен, Зейнет есімді бес ағайынды аттанған. Зейнеттің тегі – Әжіғалиев (асырап алған баласы.) Бірақ бәрі бір үйден кеткен. Құмар сауатты, орыс тілін жақсы меңгерген. Бізді атамыз Қажекен Мұсағалиев тәрбиелеп өсірді. Атам 1961 жылдың мамырында, әжем 1957 жылы қайтыс болды. Әжемнің есімі – Салтанат. Өзім де Орда ауданында туғанмын. 1952 жылы Орда ауданы таратылғанда, Чапайға көшіп келдік. Кейінгі жылдары Орал қаласына қарай жылжыдық. Анамның  айтуынша  ауылдан майданға атпен аттанған 70 жауынгердің  біреуінен де қара қағаз келмеген. Менің әкем Сталинград соғысына қатысқан. «Куйбышевтен шықтым, аяғымнан жазылып,  қайта соғысқа кеттім» деген хабар келді. Кейін еш хабар ала алмадық», — деп сөзін аяқтап Күләш апа әкесінің басқа да хаттарын  сақтай алмағанын да өкінішпен жеткізді.

Бір үйден аттанған ағайынды Қажкеновтер туралы қолымызда жалғыз хаттан басқа ешқандай құжат болмаған соң қосымша ғаламтор желісіндегі «Память народа»  сайтынан Қажкеновтер туралы мәлімет іздестірдік.  Өкінішке орай  Қажкенов Құсен мен Зейнет туралы ешқандай дерек табылмады.

Ал, Хайруш Қажкенов  1914 жылы Орда ауданы, Талап ауылында дүниеге келген. 1942 жылы маусымда әскер қатарына алынып, сол   жылдың  18 қыркүйегінде Сталинград облысы, Котлубань стансасы  маңындағы бір ұрыста хабарсыз кеткен.

Құмар Қажкенов 1919 жылы Орда ауданы, Талап ауыл кеңесінде дүниеге келген. Қатардағы жауынгер. Атқыш.  1940 жылы 10  қазанында  Орда аудандық әскери комиссариаттан шақырылып, 73408 Литер «М» әскери бөлімінде  болып, 1943 жылы 20 тамызда хабарсыз кеткен.

Шешпен Қажкенов 1926 жылы  Орда ауданы, Талап ауыл кеңесінде дүниеге келген. 7 сыныптық білім алған. Әскер қатарына 1944 жылы 25  қарашада шақырылып, 1945 жылдың 25 наурызында 44229 «Д» далалық пошта аймағында хабарсыз кеткен.

Дәл осы қаһарман батырлардай біз білмейтін бір отбасынан шыққан ағайынды қазақ майдангерлері қаншама! Көпшілігінің аты аталмай, назардан тыс қалып қояды. Ұлы Отан соғысына қатысқан  әрбір жауынгерлер туралы толассыз ақпараттар беріліп, жазылып, айтылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.

                                                                           Алмагүл ЗАБЕСОВА

облыстық тарихи-мәдени    архитектуралық-этнографиялық  музей қорығының экскурсия жүргізушісі