12.05.2021, 16:32
Қараулар: 104
МАЙДАННАН ЖЕТКЕН АЛТЫ ХАТ

МАЙДАННАН ЖЕТКЕН АЛТЫ ХАТ

Былтыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай музей-қорық қызметкерлері есімі ескерілмей қалған ардагерлердің құжаттарын жинау, мүмкіндігінше ұрпақтарымен кездесуді көздеп, ауданымыздың округтеріне, көршілес Атырау облысының Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр ауылдарына іссапарға шықты. Сол сапарда тірісінде «Мен елімді қорғау үшін соғыстым, ардагермін» деп, кеудесін соқпай, үкіметтен көмек те, марапат та сұрамай, өзінің қоңыр тірлігін кешіп, шаруасын күйттеп жүріп өмірден өткен көп ардагер туралы мәлімет жинадық.

Иә, әкесінен қалған қимас естелік, иісі сіңген, қолының табы қалған әр заттың орны ерекше. Осындай қимас естеліктің бірі – мұратсайлық Сақыпжамал апа Өтеғалиеваның қолындағы майдан даласынан аманат арқалап жеткен алты хат. Бұл хаттар атасы Өтепқали Әлжанұлының жұбайы Зейнепке (Сақыпжамал апаның әжесі) жазған хаттары екен. Хаттардан басқа соғысқа дейінгі уақытта жазған (түпнұсқадан көшірілген)  өмірбаяны мен анықтамасы қоса сақталыпты.

Өтеғали Әлжанұлы 1903 жылы Орданың Ноғайбай ауылында дүниеге келіпті. Атасы Демесін жалшылықпен жан баққан кісі екен. Әкесі де байдың малын баққан. Сегізге  келгенде жетім қалып, ағасы Шарапеденнің қамқорлығында болады. Балық кәсібімен күн көрген ағасымен бірге ол да байға жалданып еңбекке араласады. 1926 жылы ағасының қарауынан шығып, өз алдына үй болып, ауылдық кеңесте қызмет етеді.  1928 жылдан бастап жолшылар одағында істеп, 1929 жылы ұжымшар басқармасы болып сайланады. Осы қызметте үш жылдай жасайды. Ауыл молдасынан хат танып, сауат ашқаны бар, жаңа әліпбиді меңгеріп, қатарының алды бопты. Сол кездегі Кеңес үкіметінің саяси жұмыстарына да белсене араласқан. Шойтық фермасының меңгерушісі берген анықтамада: «жолдас Өтеғали Әлжанов №4 Шойтық фермасында 1934 жылдың ақпанынан 15 тамызына дейін дала бригадасында еңбек етті, сондай-ақ партиялық ұйымдастырушы міндетін қоса атқарды. Өз жұмысын белсенді атқарып, еңбек екпіндісі болғанына сыйақы берілді. Дала жұмыстарынан кейін өз өтініші бойынша қызметінен босатылды», — деп жазған.

Ұлы Отан соғысынан Орда аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға алынған ордалықтар туралы тізімде: Алжанов Утегали, 1902г., рядовой, 4.10.1942г. деп жазылыпты. Қазанның 4-інде Отанын қорғауға аттанған жауынгердің бұдан кейінгі өмірін хаттарымен сөйлетуді жөн көрдік:

1-хат:

Амандық қат

Аса қадірлі жан жолдасым Зейнеп, жалғызым Жасан, қарағым ақ Бақыт! Аман боларсыңдар, мен де аман. Октябрьдің 13-і күні Оралға барып, 14-і күні алынып болдық. Қайда баратынымыз белгісіз. Чкалов қаласына жібереді деген сөз бар. Сайқыннан Қайсатқа дейін жаяу бардық. Ал қалқам не айтайын, бір жерге барғасын хат салармын. Жол қатынасы шамалы ғой. Хат келмеді деп қорықпаңдар. Қарағым Бақыт маған келіп бір сүйдіріп кетдағы, шөлдеп отырмын. Қалқам Есләм, Қамия, Нәриман, Белат бәріңе бір сәлем. Бірқатар қиындықты көріп барамыз.

Басқа не айтайын.

Қош қолдарыңды бер.

Өтеғали 15/Х.42г. 

Хат сыртында: ч/з г.Уральск. От Алжанов Утагали

2-хат:

Амандық қат

Құрметті жарым Зейнеп, жалғызым ақ Жасан, ақ Бақыт! Аман боларсыңдар. Мен де аман. Октябрьдің 16-ы күні Чкалов облысына бардық. Соған 12 шақырым жерде ойнап жатырмыз. Сен білетін Кеден, Жендет бар. Ал қалқам құрбы-құрдасқа бас-басына қат салуға уақыт жоқ. Сабырғалиға, Наурызға сәлем айт. Наурыздың Тасымғали (Тәшімғали) деген бір ағасы бар, аман. Ал қайда отырсыз, қалдерің қалай айтып қат сал. Көріп жүрген қиыншылықты сен сұрама, мен айтпайын. Елден кім кетті, кім қалды? Көп ойнатып жатқан жоқ. Фронтқа жөнелтіп жатыр. Қайдан білейін, қош, қалқам.

Өтеғали

23/Х 42г.

Хат сыртында: от Алжанов.  г.Чкалов лагерь 10  подразделение 2066

3-хат:

Амандық қат

Ал қалқам Зейнеп, қарағым Жасанжан, айналайын ақ Бақыт! Аман болсаңдар, мен де аман. Оралдан октябрьдің 15-і күні Чкалов қаласына келіп, ойнап жатырмын. Ойын өте қатты, 10-15 күн ойнатты. Фронтқа жөнелтіп жатыр. Елде кім бар, кім жоқ, кім алынды, айт, хат сал. Өздерің қайда отырсыз? Қиыншылықтың не түрін көріп жүрміз. Дәрет етуге де уақыт жоқ. Талаптан жалғыз Жендет бар. Сүйінішқали не әкелді? Қамиа, Есләм қайда? Ал қалқам, не айтайын, жан қалса көрерміз. Қош қолдарың бер. Қош, қош, екі балапаным Жасан, Бақыт.

Қош,қош, Өтеғали. 26/Х.42г.

Хат сыртында: обратный адрес: г.Чкалов лагерь 10  подразделение 2066

      от Алжанов Утегали

4-хат:

Амандық қат

Қалқам Зейнеп, жалғызым Жасан, қарағым Бақыт. Аман боларсыңдар? Сендерге тірлігімді білдіру үшін қат салып отырмын. Мен де аман. ….. бұйырған алыс жердің дәмін татып жүрмін. Чкалов деген облыста ойнап жатырмын. Өздерің қалай, аман отырсыңдар ма? Елде кім қалды, кім кетті, бар білетініңді айтып қат сал. Ойын өте қатты суткіге 4-5 сағат ойыны бар, көлікке 20 шақырым жер жүреміз. Ел көшуден аман ба? 10-15 кісіге командир болып жұмыс етеймін және агитатор болып жұмыс жасаймын. Сүйінішқали ештеңе әкеліп берді ме? Ал қалқам, басқа не айтайын. Екі баланы ренжіте көрме. Көретін күн болса көрерміз. Көп ойнатпайды, жөнелтіп жатыр. Маңдайға жазған болса, көрерміз-дағы. Аяқ киім алдың ба? Мені сұраған азаматқа, құрбы-құрдасқа сәлем айтарсың.

Қош, қалқам, қош, қолыңды бер. Ақ Бақыт, ай еркем.

Өтеғали 30/Х.42ж.

5-хат:

Амандық қат

Қадірлі жолдасым Зейнеп, жалғызым Жасан, қарағым Бақыт. Аман боларсыз, мен де аман. Айдың үстінде ойнап, ноябрьдің 30-ы күні Чкалов облысынан фронтқа жөнеліп кеттік. 5000-дай адам, қазағы аз. Мен де барып 4 рет қат салдым. Алған алмағаныңды білмеймін. Денсаулығым бұрынғ…. (бүктелген жерінің жазулары өшкен) былай қиыншылықтан арыдым. Жарамай жүрген де адам көп.

Ал көп қорықпаңыз. Аман болсақ көрерміз. Ал көп жазуға уақыт жоқ.

Қош, Өтеғали. 1/ХІІ.42ж.

6-хат:

Амандық қат

Аса қадірлі жолдасым Зейнеп, балам Жасан, қалқам Бақыт. Аман  боларсыңдар, мен де аман. Декабрьдің 21-і күні Сталинградқа бардық. Фронтқа 7 шақырым жерде жатырмыз. Талаптан жалғыз Жендет қалды.

Ал енді маған паселке сал. 5 келі жүдедім. Бар болса 2 келі май, қалғанын уақ тартып бидай сал. Паселкенің ішіне тағы не саласың өзің білесің ғой. Қолыңда жоқ затқа қиналма. Бірер келі май-ет сал. Егер бар болса темекі сал.

Ал қалқам не айтайын, қош.

Өтеғали 25/ХІІ. 42ж.

Хат сыртында ППС 2034 часть 5. Алжанов Утагали.

Осылайша соңғы хат 25 желтоқсанда жазылып, адресатқа жеткен. Кейіпкеріміз туралы «Память народа» сайтынан 1942 жылдың 27 қарашасында толтырылған формулярлық тізімді таптық. Онда оның 365-запастағы атқыштар полкі 3- батальонының 9- атқыштар ротасы жауынгерлер құрамын 61- запастағы атқыштар полкінің 13- атқыштар батальонына қосылып, Сталинград майданына жіберілгені мәлімделеді.  Құжатта кейіпкеріміздің 1902 жылы туғанын, ВКП(б) мүшесі, 1 кластық білімі бары, отбасылы екені, Зейнеп есімді жары мен екі баласы барын, 1942 жылдың 19 қазанында Орда аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылғанын айтқан. Бұл тізімде Өтеғали Әлжановтың хатында айтылатын ауылдан бірге шығып,  бірге дайындықтан өткен Сталинград майданына бірге жеткен Жендет те бар. «Жақсылықов Жендет 1899 жылы Орда ауданының Талап ауылдық кеңесінде туған. Әйелі Жақсылықова Жұмағаным. Балалары жоқ» деп жазылған.

Не бары екі-үш ай әскери дайындықтан өткен жауынгерлер Сталинград шайқасының от-жалынының қақ ортасына түседі. «Құпия. Шайқас кезінде қаза болған, хабарсыз кеткен, тұтқында қайтыс болғандарды есепке алу жөніндегі орталық бюро басшысына 204-атқыштар дивизиясының штабы 4-бөлімінің капитанынан 1 қаңтар мен 15 ақпан аралығында қаза болған, хабарсыз кеткен, тұтқынға түскендердің тізімінен» Сталинград үшін 19 қаңтар күні болған қанды қырғында Өтеғали Әлжанов пен ауылдасы жауынгер Жендет Жақсылықов қаза тапқанын,  жерленген жері  — Сталинград облысы, Городище ауданы, Песчанка а/к, Стародубовка ауылы екенін оқып білдік.

Өтеғали Әлжанов туралы мәлімет Ұлы Отан соғысында қаза болған, хабарсыз кеткен, тұтқында қайтыс болған жауынгерлер туралы шыққан «Боздақтар» кітабының VІ томының 316-бетінде берілген.  Ал Жендет Жақсылықов бұл кітапқа енгізілмеген екен. Бір жауынгер хаты екінші бір жауынгерді табуға түрткі болды.

Ұлы Отан соғысының ылаңы қанша үйдің ошағын өшірді, қанша жауынгер өзі атын да дұрыс білмейтін елде мәңгілік мекенін тапты, ал қаншасы мүлдем хабарсыз кетті?!

Гүлмару МЫРЗАҒАЛИЕВА,

облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы