21.05.2021, 10:34
Қараулар: 228
ПАҢ ӨНЕРДІҢ ШЫН ШЕБЕРІ -СӘУЛЕ

ПАҢ ӨНЕРДІҢ ШЫН ШЕБЕРІ -СӘУЛЕ

 

Тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен жеткізуге болады. Әйткенмен, бұл өнерді екінің бірі еңсеріп кете алмасы анық. Бидің  сырлы да  жұмбақ әлемі  адалдықты, әсемдікті, мәдениеттілікті сүйетін, бағалайтын жандарды ғана жатсынбайды.  «Ел мақтаған» айдарының бүгінгі қонағы өзгелерге ұқсамайды. Қанша жылғы еңбегінде атақ-марапаттан құр қалса да, би өнеріне баулып, баптаған шәкірттері арасында сый-құрметтен кенде емес хореограф Сәуле Сүндетовамен әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз. Бір айта кетерлігі кейіпкерімізді сұқбат беруге әзер көндірдік. «Менен де тәжірибелі, еңбегі сіңген әріптестерім бар, сол кісілерден ыңғайсыз болады» деп келіспегенін несіне жасырайық…

 

ТАРИХШЫ БОЛАМЫН ДЕП, БИШІ АТАНДЫМ

Кейіпкеріміз би өнерінің әліппесін бесінші сыныпта оқып жүргенде таныды. Паң өнердің қыр-сырына қанықтырған кәсіби хореограф емес, химия-биология пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшісі Надежда Ғұсманова еді. Титтейінен зерек те ширақ Сәуле апамыз мектепшілік баскетбол үйірмесінің де белсенді мүшесі еді.

– Ең алғашқы үйренген биіміз «Птички, птички не велички» болатын. Сол кезде-ақ айналамыздағы тіршілікті, жүріс-қимылдарды би элементтерімен көрсетуге болатынына қатты таң болғам. Құстардың қанат  қаққанын, азықты қалай шоқып жейтінін бәрін-бәрін іс-қимыл арқылы көрсетудің өзі қызық көрінді. Оқушы кезімде бидің арқасында еліміздің түкпір-түкпірін шарлап, көршілес Ресей сахнасында да өнер көрсеттік, – деп естеліктерімен бөлісті.

1987 жылы  бөкейлік көркемөнерпаздар  Алматыға «Алтын қорға» жазылу үшін арнайы барады. Арасында кейіпкеріміз де бар.

–Біздің  ансамбльдің басты ерекшелігі фонограммаға, магнитофонға жазылып алынған музыкаға емес, оркестрдің сүйемелдеуімен жанды әуенде билейтінбіз. Өз кезегімізді күтіп студияның алдында қаз-қатар тұрған бізге Нұфтолла Қобыланов ағамыз сүйсініп қарап тұрды да «Ең сұлу біздің қыздар, Орданың гүлдері» деп өлеңдетіп жіберді. Содан бастап біздің ансамбль ресми түрде де «Орда гүлдері» аталып кеттік,–дейді.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей кейіпкеріміз биге баулыған Надежда Фатихқызының «Будьте всегда красивой и честной» деген сөздерін әлі күнге дейін жадынан шығарған емес. Бір қызығы, кішкентайынан би билеп, сахнаның қыр-сырына әбден қаныққан Сәуле апамыз мектеп бітірген шағында мүлдем басқа саланы таңдауға ниет танытыпты…

 

«ТӘТТІДЕН ТЕЖЕЛІП, АРТЫҚ САЛМАҚПЕН «АЛЫСАТЫНБЫЗ»

1988 жыл. Сәуле Қасымқызы да арман қуып Орал қаласына жетеді. Мақсаты тарих бөліміне оқуға түсу еді. Емтиханнан еш кедергісіз өтті де. Тек соңғы сәтте құжатын кері алып, би бөліміне тапсыруға шешім қабылдайды.

– Әлі күнге дейін би өнеріне итермелеген нендей құдырет-күш деп ойланамын. «Көкем-ау, емтиханды өте жақсыға тапсырдың, құжаттарыңды қайда алып барасың?» деп бастарын шайқады. Сөйтіп, Орал қалалық мәдени-ағарту училищесінің би бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Негізгі пәндерден сүрінбей өттім. Шығармашылық емтиханды қабылдау үшін біздерді арнайы би залына әкелді. Бұрын-соңды қабырғаға тұтастай ілінген айнаны, биге арналған темір белдемшені көрмегенмін. Әрқайсымызды айна алдына тұрғызып, бір қолымызбен темір белдемшені ұстатып қойды. Мен би қимылдарын жасайтын  болармыз деп ойладым. Сөйтсем, аяғымды төбеме дейін балерина сықылды көтеріп, майыстырғанда көздерім шаранасынан шығып кете жаздаған. Содан соң түр-тұлғамның икемділігін  тексерді де «табиғи дарыны бар, қабілеті байқалады» деп бірауыздан  оқуға қабылдады,–дейді.

Сәуле апамыздың биді кәсіби тұрғыдан меңгеруіне хореограф ұстаздары Ирина Павлова мен Құрамыс Ғаббасовтардың еңбегі зор екенін атап өтті. Әсіресе, ол оқыған топқа жетекшілік еткен Құрамыс Ғаббасовтың жақсылығын көп көріп, шарапатын сезініпті.

– Ағайымыз өте талапшыл, қатаң, кемшіліктерімізді бетке тура айтатын және де бишілердің бітіміне қатты назар аударатын. Сәл салмақ қосып, толықсығанымызды байқаса аямайтын, бірінші қабаттан бесінші қабатқа жүгіртіп қоятын. Ең қиыны тәттіні ауызға да алдырмайтын. Бір күні лимонад пен айранның босаған құтыларын тапсырып, ақшасына тәтті тоқаш сатып алдық. Олжамызға мәз болысып келе жатсақ қарсы алдымыздан Құрамыс ағай атып шықпасы бар ма? Екі көзі қолымыздағы тәттілерге қадалған. Қас қабағына қарап-ақ бәрін түсіндік. Жатақханаға қуып әкелді дене жаттығуларын жасатты. Тағы бірде аялдаманың бойымен әңгімелесіп келеміз. Қолымызда шемішке. «Ну что за вид? Как базарные бабы» деп ақырған таныс дауыстан селт етіп тұра қалдық. «Бишінің түр-сымбаты мен дене бітімі келіспесе оның несі биші?! Би өнерінің өкілісіңдер, сұлулықтың, әсемдіктің насихаттаушысы екендіктеріңді ұмытпаңдар» деп сыпыртты.  Басымызды салбыратып, үнсіз тыңдап отыра бердік, – деп студенттік қызықтарына сапар шекті.

Сәуле Сүндетова алғашқы қызмет жолын Тасқала ауданы Семиглавый-Мар елдімекеніндегі клубта көркемдік жетекші ретінде бастайды. Сол ауылдағы мектепте би үйірмесінен қосымша сабақ беріп, тасқалалық ұл-қыздарды биге баулыды.

 

ҮЙІРМЕДЕН БАСТАЛҒАН ҰСТАЗДЫҚ

1993 жылы Сайқынына оралды. Аудандық мәдениет үйінің сол кездегі басшысы Нарынбек Мамаев жас маманды қызметке қабылдапты.

Алғашында үйірмеге 12 қыз жазылады.  Кәсіби білгір бишілерден түлеп ашқан Сәуле апаның жаңашылдығы туралы ести бастаған ауылдастары ұл-қыздарын үйірмеге жетектеп әкеле бастапты.

–Ұстаздарымнан білген-түйгенімді мен де  жас бишілерге үйрете бастадым. Бидегі композицияларды, қимылдарды т.б өзгерту арқылы жаңа көріністерді шығаруға көштім. Музыканы әрлеу, өңдеу, бишілердің костюмдерін жаңарту сықылды мәселелермен біраз айналысқан болармын. Мың жерден идеяң шарықтап тұрса да тапшылық кез, қолдағы бармен амал етуге тура келген кездерді де бастан өткердік,– деп әңгімесін жалғастыра түсті.

Би қойылымын сахнаға жарқыратып алып шығу, оның табиғатын, негізгі ойын жеткізуде бишінің шеберлігі, ептілігі аздық етеді. Киген киімдері, сазды әуеннің де үлесі айтарлықтай. Десе де би қойылымдарының музыкасын келтіріп, өңдеуде кейіпкеріміз өзін жолы болған адам санайды.

–Марқұм сазгер, дирижер Бәуетдин Ғабдоллин мен саз өңдеуші Ермек Жәрдемовтардың көмектерін көп көрдім. «Сәуле, арқалы аталарымыздың туындыларын мың құбылтып жатырмыз. Құрманғазы бабаның аруағы атпасын бізді» деп әзіл-шынын аралас айтса да  күрделі деген әуеннің өзін бидің талапына сай ғып, «иіп» беретін.

«ҚАЗАҚ БИІ ҮЛКЕН ҒЫЛЫМ ҒОЙ, ТЫҢ ҚҰБЫЛЫС»

  • Қазақ биі жалпылама ұлттық билер санатына енгізіліп, айналдырған екі сағаттың ішінде таныстырылатын. Түсінгенге бұл өте аздық етеді. Әлбетте, әр халықтың биі өзінше күрделі. Дегенмен қазақтың ұлттық биі ғасырлар бойы дамып, халқымыздың таным-талғамына сай көркемделіп, қалыптасты. Негізінен қазақ биінің элементтері күрделі. «Сәукеле», «Құс қанаты», «Қос мүйіз», «Сәукеле», «Сыңар мүйіз», «Белбеу» сыңды қолды қалай ұстаудың түрлері, аяқты ұстауға да «Табан жүріс», «тоқылдақ», «секіртпе», «айналма» дейтін қалыптар бар.  Қазақ би өнерінің іргетасын қалаған Шара Жиенқұлованың шығармашылығын темірқазық ұстанамын. Әлі күнге дейін сол кісінің «Қазақтың бес биі» деген кітабын өзіммен алып жүремін. Бұрын-соңды үйірмелерде «киіз басу», «жүн түту», «жүн сабау» секілді қолөнерге байланысты қарапайым қимылдар көрсетіліп келсе, қазір де би элементтері әлдеқайда қиын. Қыздардың сұлулығын, биязы мінезін айшықтайтын «білезік», «бота мойын», «айна», «қызғалдақ» сыңды қимылдар соның куәсіндей. Байқадыңыз ба, ұлттық биіміз қандай мазмұнды әрі терең  байытылған?! – деген Сәуле Қасымқызының сөзінен биге деген шын ынтазарлықты, кәсіби кемелдікті танығандай болдық.

 

«СОНАУ ҚҰМНАН КЕЛІП ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫҚ ПА?»

  • Биші де шығармашылық адамы ғой. Көңіл күйге тәуелді. Кейде баз кешіп, қолымды бір сілтеп кеткім келген кездер болды. сол кезде «Сен би үшін жаратылғансың. Тіпті ұйқыда жатып та билейсің. Саған сенген сан мың шәкірт бар ғой» деп тәубеме келтірген жұбайыма мың алғыс. Мұндай шығармашылық дағдарыстың өтеуі – түрлі деңгейдегі байқаудан алған жүлдеміз ғой. Сол жеңістер дем береді, – дейді кейіпкеріміз.

Сәуле Қасымқызы республикалық деңгейдегі қазыларды талай мәрте мойындатты. «Жадыра, жас дарын», «Балдәурен», «Бидің ханшайымы-Нұрсұлу», «Дарын-2015» т.б республикалық, халықаралық би байқауларында топ жарып, бас жүлдені талассыз иеленген күндері дәлел. Алайда, жырақтан келген би ұжымының шеберліктеріне таңқалумен қоса сенбестік танытқан сәттер  де аз болмапты.

–  Өкінішке қарай, училищені тауысқан соң жоғары оқу орнына тапсырудың сәті түспей қойды… Бойыңдағы бар қабілетіңді таныту үшін қатырма қағаздың ролі зор болатынын білгенімде бәлкім оқыр ма едім… Шымкенттегі байқауда Саранжаптың күйіне арнайы қойылған «Шаттық» биін апардым. Бұл ұл-қыздардың қуанышын, шаттығын қимылдарына үйлестіре дайындалған әрі күрделі элементтерден тұратын қойылым еді. Жарыстың қорытындысын шығарар сәтте қазылар алқасы маған келіп «Сіздерге кім көмектесті, биді кім қойды?» деп сұрады. Тіпті, шәкірттеріме де жақындап «шыңдарыңды айтыңыздар, биді үйреткен кім?» деп сөзге тартыпты. Көздері әбден жеткен соң қолымды алып, құттықтады. Бұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Кейін ойлаймын ғой, еліміздің ең жырағынан келіп тұрмыз, жоғарғы оқу орнын тауысыпты деген дипломым да жоқ болған соң сенбегендері шығар деп. Тіпті бас жүлдені иеленіп, марапатымызды алып, сахнадан шығуға ыңғайланғана бергенімізде Кәмшат есімді оқушым «Сонау құмнан келіп жеңімпаз атандық па? Сенер ала емеспін» деп еңіреп қоя берді. Сірә, оның алдында қазылардың сыр суыртпақтап сұрағандарын бала көңілі көтере алмаса керек…

 

«АВОКАДО», «ЗВЕЗДА», «ЭРУДИТ»

Сәуле апамызбен сұқбат алуға келсем дайындықтары қызып жатыр екен. Кедергі келтірмейін деп сырттарынан фотоға түсіре бастадым. Бақсам, ол кісінің сабақ беру әдістемесі мүлдем ерекше әрі қызықты екен. «Аспандағы бұлтты елестетіңдер», «шалшықты баспай, секіріп өтіңдер», «ұялыңдар» деп түрлі көріністерді елестету арқылы қимылдарды ұқтырды. Оқушылары да ұстаздарының айтқандарын көз алдарына елестетіп, ерекше ықтиярлықпен қайталауға тырысуда. Бір кезде «Эрудит, саусақтарыңды майыстыр», «Авокадо, басыңды көтер», «Звезда, қабағыңды түйме» деп маған түсініксіздеу аттармен атады. «Естімеген елде көп, ерекше есімді сайқындықтар бар екен-ау» дедім іштей. Мәнісін кейін ұқтым:

– Шәкірттерімнің эмоцияларына, жүріс-тұрыстарына, әдеттеріне қарап-ақ қимыл шығарамын әрі әрқайсысын азан шақырып қойған есімдерімен емес өздеріне тән ерекшеліктерге байланысты атаймын. Мәселен, Эрудит деп берілген тапсырманы орындағанда мәнісіне үңіліп, түсінбегенін сұрап, зеректік танытқаны үшін, «Авокадо» деп сыртқы пошымы келіскен, томпиған сүйкімділігі үшін, «Звезда» дейтінім дайындықтарда елеусіздеу көрінсе де сахнада адам танымастай өзгеріп, жарқырап шыға келетіндігі үшін атаймын, – дейді жымия.

 

«ПРОСТОЙ ҚАСЫМНЫҢ» ҚЫЗЫМЫН

Кейіпкеріміздің әкесі Қасым қарапайым еңбек адамы, ұзақ жылдар жергілікті МТМ-да жүргізуші, слесарь қызметтерін атқарса, анасы еден жуушы болды. Баланың ортаншысы болса да ол еркін өсті, ата-анасы да бетін қақпай, белін буды.

– Әкем мен анам алтын адамдар. Қандай қиын заман болса да балалық шағымыздың бақытты өрілуіне барын салды. Әкемнің қызы болдым. Дегенімді екі етпейтін. Ауылда Қасым есімді ауылдастарымыздың біразы лауазымды қызметте еді. Дүкенге кезекте тұрмын. Бір кезде біреу «кімнің қызысың деді. Мен «Қасымның қызымын». «Еу бала, қай Қасымның қызысың?»  деп лауазымдарын мысалға келтіріп сұрай бастады. Мен «жо-жооқ, простой Қасымның қызымын» деп жауап қаттым. Айналамдағы адамдар ду күлді.

Кейіпкеріміз 1994 жылы тұрмыс құрып, екі қыздың анасы атанды. Жасминасы қобыздан дәріс берсе, Лизасы Жәңгір хан атындағы білім ордасының түлегі.  Қызғалдақтары кәсіби тұрғыдан аналарының жолын жалғастырмаса да бидің шын жанашырлары. Әңгіме барысында Сәуле апамыз келін боп түскен шаңырағының да өнерден құр алақан еместігін де тілге тиек етті.

Иә, «Простой  Қасымның қызы» бүгінде еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында талай бұлақтың көзін ашып, өнерге баулып, жетістіктің шыңына жеткізген дара ұстаз атанды. Ауылдың ғана емес, ауданның мерейін асырып жүрген Сәуле Қасымқызын би өнерінің падишасы десек те жарасады…

Арайлым ЕСМАҒҰЛ

Бөкей ордасы ауданы